Железин ауданына қарасты Башмачное мен Озерное ауылы арасындағы
124 шақырымдық жол тұрғындардың «бас ауруына» айналғалы қашан? Бұл жолмен жеңіл автокөлікті былай қойғанда жол талғамайтын көлікпен жүру мүмкін емес, дейді ауыл тұрғындары. Алдағы уақытта аталған тас жол жергілікті «Пахарь» шаруашылығының қарауына берілмекші. Осыдан соң қожалық қызмет етуші мекеме ретінде мемлекеттен үлесін алуға құқылы болмақ. Ал аталған шаруашылықтың басшылығы болса жауапкершілікті мойнына алудан қашқақтап отыр. «Пахарь» ЖШС-нің басшысы Руслан Аушев қыста жолды қардан тазартуға көмектесетінін, бірақ қарамағында жол жөндеуге арналған техниканың жоқтығын айтты.

Жауапты мамандардың сөзіне сүйенсек, биыл Железин ауданындағы Жаңажұлдыз-Петропавловка арасындағы 35 шақырым жол жөндеуден өткен. Оған 797 млн. теңге бөлінген. Сонымен қатар, Уәлиханов станциясы кіреберісіндегі 4 шақырым жолдың жөндеуіне 35 млн. теңге жұмсалған.

- Қазіргі көрсеткіш бойынша, облысымыздағы жолдардың 67 пайызы жақсы жағдайда. Дегенмен жөндеу жұмыстары әлі де аяқталмаған алыс елді мекендер де бар. Облыс бойынша ең көп жөндеуді қажет ететін жолдар Железин ауданына тиесілі. Өткен жылы Ертіс пен Баянауыл аудандарында қыруар жұмыс атқарылды. Өңірде жыл санап жол мәселесі шешілуде, оған назар да артуда. Алдағы уақытта Железиннің шалғайдағы ауылдар арасындағы жолдары қалпына келтірілетін болады, - деді Б.Бақауов.

Сондай-ақ облыс әкімі Алакөл, Жаңажұлдыз ауылдарының тыныс-тіршілігімен танысты.

Жаңажұлдыз ауылында әлеуметтік жағдайды жақсарту, жас мамандарды ауылға тарту мақсатында тұрғын үйлер салынуда. «Туған жер» және «Мектепке тағзым» бағдарламасы аясында жергілікті кәсіпкерлер, ауылдың атқамінер азаматтары
15 млн. теңге қаражатқа спорт кешенін салып, пайдалануға берді. Онда заман талабына сай футбол алаңы, жаттығу орталығы орналастырылған. Балалар мен жасөспірімдердің спортпен айналысуға толық мүмкіндіктері бар. Былтырғы жылы жергілікті кәсіпкерлер 22 млн. теңгеге ауыл ішіндегі жолдарға асфальт төсеген.

Жуырда осы ауылға Оңтүстік Қазақстан облысынан 2 отбасы көшіп келген. Бүгінде олар баспанамен, жұмыспен қамтылған. Ал Алакөл ауылына келесі жылы «Жұмыспен қамту – 2020» жол картасы бағдарламасының аясында 5 отбасы еліміздің оңтүстігінен көшіріліп әкелінеді деп жоспарлануда.

Биылғы жылы «Мектепке тағзым» бағдарламасы барысында кәсіпкер азаматтар 100 млн. теңгеден астам қаражат бөлген.

Алпысбай ХОНЖ
Железин ауданы.

saryarka-samaly.kz