Еліміздің танымал суретшілері Мұхит Калимов, Морис Хитахунов, Амандос Ақанаевтан сабақ алып, өткен ғасырдың жетпісінші жылдарында өнер әлемінің есігін ашты.

Қылқалам шеберінің асқақ қиялы этногенездік, эволюциялық зерттеудегі шығармашылық әлеуе-тінде отандық өнер мәдениетін биіктетуге ықпал жасағаны даусыз. Көне дәуірдегі аңыздар, мифтік бейнелер кең сахарада түрлі түсті суреттер, сызықтармен үндесіп, көз алдыңа ғажайып бір дүниені әкеледі. Бәріне де тіл бітіп, өткені мен кешегісін жырлап, сурет тілімен, құдіретімен баяндап тұрған тәрізді. Осы сипаттағы «Аңшылық» (2004), «Гауһар батыр» (2005), «Ұлы дала шежіресі» (2005), «Көш» (2006), «Кек» (2007), «Қаһар» (2007), «Алтын адам» (2009) туындыларына бейжай қарай алмайсың. Осы туындылар қатарында қылқалам иесінің «Мұра» (1998), «Тұран елі» (1999), «Сонар» (2004), «Биікше мерген» (2006) атты еңбектері бар.

Суретшінің кенеп кеңістігіндегі образдарды шынайы бейнелеуде бір шеңберден аспай-ақ, бояу түрлерін шебер пайдалана отырып, келесі бір түске өте бір сезімталдықпен ауысқаны сезілмейді. Бәрі тұтасқан әлем болғанымен баяу жүріп жатқан оқиға іспеттес. Осының бәрі суретшінің шығармашылық әлеміндегі шеберлігі, тәжірибесі мен азаматтық көзқарасы деп пайымдауға болар.

Шығармашылық өрлеудің келесі бір кезеңі – суретшінің аса бір ептілікпен, ішкі толғаныспен поэтикалық сарын арқылы рухани тақырыптарды қамтуы дер едік. Оның «Бақытты» (2000), «Серуен» (2000), «Балалық шақ» (2002) деп аталған туындылары рухани мәнді тақырыптардың қатарында тұр.

Ата-бабалардан қалған игі дәстүр, адамзаттың өмірі, құндылықтар, адам өмірінің сағынышпен еске алар қимас бір бөлшегі, шағын сюжеті қылқалам иесінің «Ыстық бауырсақ» (2006), «Сырласу» (2003), «Сарқыт» (2006), «Көбік дәмі» (2009) атты туындыларында бейнеленген. Өсербай Шорановтың осынау шығармаларындағы метафоралық бейнелік шешімдер оның поэти-калық сезім ауқымының кеңді-гімен ой биіктігін көрсетеді.

Әйел сұлулығы мен адалдық, махаббат аңызына айналған қыз бейнесі «Жұмбақ қыз» (2010), батырлығымен әйгілі болған «Гауһар батыр» (2005), дала аруларына айналған «Сарыарқа сазы» (2000) – бұларда махаббаттың негізі, мән-мағынасы мен мұндалап тұр. «Ана-Тәңір» (2006) – жоғалту мен табу, махаббат пен драма, парыз бен сезімнің мәңгілік бейнесі.

Өз шығармашылығына белсен-ділікпен сергек қарайтын Өсербай Шоранов үнемі суретшілер пленэрінде Қазақстанның түкпір-түкпірінде жұмыс істейді. Баянауыл, Бурабай, Көкшетау мен Астана, Шымкент, Атырау, Алматы, Талдықорған, Тараз, Қызылорда, т.б. өңірінде жыл сайын ұйымдастырылатын халықаралық пленэр, симпозиум, бионалилерде әріптестерімен бірге табиғат аясына шығу, еңбек ету суретшінің өмірлік ұстанымына айналған. Әрине, пленэрлік жұмыста дала келбетін суреттеудің өзі - туған жерге деген үлкен сүйіспеншіліктің бір айғағы. Қылқалам шебері туындыларында дара қолтаңбасымен кең-байтақ қазақ жерінің небір көрікті тұстары – Ертіс жағалаулары, оңтүстіктегі таулар, Көкшетау көлдері, Баянауылдың, Алматыдағы Үшқоңыр жайлауының сұлу табиғатын өзгеше әсермен бейнелеген. Машат тауының жартасты қыраты «Қазықұрттың басында кеме қалған» (2012), Алатаудан аққан өзендер сипаты, Атырау мен Баянауылдың ыстық күндері «Ақсу жағасында» (1997), «Тұманды Арасан» (2010), «Этюд. Найзатас» (2011), «Торайғыр көлі» (2011), «Жасыбай көлі» (2012), «Үшқоңыр жайлауына жол» (2015) атты табиғаттың өзінен ойып алған тамаша туындылар!

Сарыарқа төсінде жақұттай жарқыраған Астана бейнесі жаңалық атаулыны қалт жібермейтін суретшінің шығармашылығына жаңа шабыт әкелді. «Астана күні» (2009), «Астана-керемет» (2010), «Астана. Тарих тереңінде» триптих (2005) сынды туындылар - осының куәсі.

Соңғы уақытта қылқалам шебері Алматыда ұйымдастырылған универсиада аясында «Спорт әлемді біріктіреді» атты пленэріне қатысып, жеңімпаз атанды. Түркістанда өткен халықаралық «Түркістан – түркі әлемінің мәдени астанасы» атты ХХ Түрксой суретшілер пленэріне қатысты. Айта кету керек, аталмыш шараға түркі тілдес 19 мемлекеттің әйгілі суретшілері қатысты. Тараз инновациялық-гуманитарлық университеті ұйымдастырған «Ұлы дала белестері» атты халықаралық симпозиумына, сонымен қатар, еліміздің батысындағы Атырау қаласында өткен «Сұлулық әлемді құтқарады» атты халықаралық суретшілер симпозиумына қаты-сып, шығармашылық жұмыстармен айналысты.

Бейнелеу өнеріне деген іңкәрлік Өсербай Шорановты өнер биігіне көтерді. Оның бояу үндестігі мен суретшілік өнерінен туындаған небір туындылары көрерменнің көзайымына айналды. Оның еңбектерінде поэтикалық философиямен тәмамдалатын өмірдің сыры бар, ал оның барлығы да қазақтың мәдени мұрасынан тамырланып, бүгіннің шығармашылы-ғымен сабақтасқан. Бұл - үлкен өнер заңдылығы!

Мерейтой құтты болсын, Сіздің алар асуларыңыз әлі алда деп білеміз.

С.ТАУҚЫЗЫ

saryarka-samaly.kz