Зекебай СОЛТАНБАЕВ, ардагер ұстаз, қаламгер:

- Рас, біздің жастық шағымызда кеңестік қыңыр саясаттың кесірінен малдың соңында жүріп, қаншама қыз-жігіттеріміз оқуын жалғастыра алмай, ауылда қалды. «... Бәрінен де қой бағып, құйрық жеген озар», деп жарнамалап, «екінші тың» деп ұрандадық. Бейнетке түсіп, азап арқалап жүрген сорлы, көндімбай баяғы қазақтар жалған екпіннің аясынан шыға алмады. Әйтсе де, қой өсірудің салтынан, малшылық заңдылығынан айрылған халқымыз Тәуелсіздікке дейін Шопан атаның тұқымын тиімділік тұрғысынан тұтынудың жалғастығын үзіп алды. Оған заман кінәлі деп санаймыз. Қайта құру, дағдару, жаңару салдарынан бүгінде қой өсіру тиімсіз болып шықты. Пайдасы жоқ, құрттаған-биттеген, айырбақай, айналма бірдеңелер қалды шаруашылықтың көбінде. Себебі біз сападан қағылдық, бұрынғыдай тегене құйрық, суыққа төзімді, қысы-жазы далада жайылатын, еті көмей суыратын момын жануар бүгінде азайды. Осының барлығы - кезіндегі миллиондап сан қуғаннан келген кесапат. Жүні мен терісі күресінде қалған соң қойдан қайыр не? Қой шаруашылығын дамытамыз деп қазынадан миллиондарды шашу – ессіздің ісі. Есесіне тері мен жүн қабылдайтын, оны өңдейтін орындар жүздеп-мыңдап ашылса, сапа артып, салаға да серпін берер едік.

Ахмет СЕРКЕБАЕВ, ауыл шаруашылығы саласының ардагері:

- Қазір қойдың етін сатып алатындар азайды. Себебі, әлдекімдердің нұсқауымен қой етіне қарсы насихат байқалатындай. «Қой етінде холестерин көп екен» деген әңгімемен жұртты үрейлендіріп қойды. Керісінше сиыр мен жылқының еті пайдалы шығып тұр. Оны сатып, пұлдасаң, біраз ақшаға кенелесің. Ал қойды жүздеп, мыңдап сатпасаң ондай пайда түсіру бұйырмайды.

Қазақстанның батыс өңірлерінде бүгінде қой шаруашылығын өркендетіп, шетелге экспортқа шығаруды жақсы жолға қойды. Өкінішке қарай, біздің аймақтарда қой өсіруді ынталандыру, санын көбейтуге қатысты бағдарламалар баршылық та, оның өнімін өткізу көздері қарастырылмаған. Яғни, сұраныс жоқ. Сұраныс болмаған соң, қойшыда да малдың санын, сапасын көтеруге қатысты ниет, ықылас болмайды. Егер әр жылдың басында батыс өңірлеріндегідей шетелдің әлеуетті компанияларымен келісімге отырып, ол бойынша шаруашылықтарға лимит бөліп берсе, ол қой өсіру саласына кәдімгідей септігін тигізер еді. Өзінің күзде семіз әрі ірі 100-200 еркек қой тапсыру керектігін білетін шаруа нәтижеге жұмыс істер еді. Біз осы жағынан ұтылып жатырмыз.

Серік СҮЛЕЙМЕНОВ, «Болат» ШҚ басшысы:

- Мені қынжылтатыны – бүгінде атакәсіпке мән бермеу, немқұрайды қарау басым. Осы немқұрайдылық салдары болар, қойды көбейтуге мән берілмей отыр. Қайсыбір шопанға жолықсаңыз да, тері мен жүн айдаладағы қоқысқа айналды деп жыларман болады. Себебі, қойдың етінен өзге өнімінде қасиет қалмады. Бұрынғыдай терлікке, пимаға, сырмаққа деп киіз басқан немесе жүн иірген адам жоқ. Қойдың терісін ілуде бір алушы кездессе тиын-тебенге сатып мәз боламыз да, оның есесіне әлгі теріден Қытайда тігілген қымбат тері тонды 100-200 есе қымбат бағаға сатып аламыз. Менің қой шаруашылығым бар. Етті көктемде дайындап, Астанаға апарып центнерлеп тапсырамыз. Ал жергілікті нарықта келілеп сату өте тиімсіз. Сондықтан Үкімет жергілікті жерде қойдың етін, терісі мен жүнін қабылдайтын кәсіпорындар ашуға арнайы бағдарлама құрып, сол бойынша несие таратса, құба-құп дер едім. Қой шаруашылығының болашағы қазір қаржылай қолдау мен қайта өңдеуге тікелей тәуелді болып тұр.

Алаңды үйлестірген – Мұрат АЯҒАНОВ.

saryarka-samaly.kz