Аманжол Шамкеновтің туғанына - 90 жыл

Жадымда тұрар жаңғырып

Ұстазым менің, ұстазым,
Өзіңмен өткен қыс-жазым.
Қалдырған ізің мәңгілік,
Жадымда тұрар жаңғырып... деп, аяулы ұстазға деген іңкәрлік пен құрметті шебер суреттеген «Ұстазым» әнін қазақтың әр баласы – жасы-кәрісі бәрі біледі, бәрі шырқайды. Бұл – біздің жерлесіміз, бүкіл Алты Алаш мақтан тұтатын ақын, драматург Аманжол Шамкеновтің туындысы.

Аманжол Шамкенов 1927 жылы 20 шілдеде Ертіс ауданында туған. 1950 жылы Қазақ мемлекеттік университетін бітірген соң, «Әдебиет және искусство» (қазіргі «Жұлдыз») журналында бөлім меңгерушісі, жауапты хатшы, Қазақ КСР Мәдениет министрлігінде, Қазақ КСР Радио комитетінде, Қазақ КСР Баспа, полиграфия және кітап саудасы істері жөніндегі мемлекеттік комитеті көркем әдебиет редакциясында, «Жазушы» баспасында Бас редактор, Қазақстан Жазушылар одағы көркем әдебиетті насихаттау бюросында директорлық міндет атқарды.

Ақынның тұңғыш жинағы «Студент сыры» деген атпен 1951 жылы басылып шықты. Жалпы, қаламгердің 40 шақты кітабы, атап айтқанда: «Жасыл жайлау», «Лирикалық өлеңдер», «Дала тынысы», «Тың дәптері», «Ертіс перзенті», «Шырша», «Жайлау кеші», «Қасиетті топырақ», т.б. өлеңдер кітабы мен «Шашақ» атты повестері мен әңгімелері, ал драматургия саласында» Бір махаббаттың сыры», «Табамын сені», «Сен жалғыз емессің» пьесалар жинақтары баспадан шықты. Қаламгердің «Кездесу», «Өжет жан», «Шыңдағы гүл» жинақтары орыс тіліне аударылып басылды. Бірнеше көп актілі пьесалары сахнада қойылған. Ол ән де жазған, аудармамен айналысқан. Орыс қаламгерлері Пушкиннің, Лермонтовтың, Есениннің, Исаковскийдің көптеген өлеңдерін, Г.Тушканның «Жора» романын, Н.Хикметтің «Әпенде», М.Шатровтың «Большевиктер», В.Розовтың «Өмір жолдары» атты пьесасын қазақ тіліне аударды. Оның аудармасында немістің ұлы ақыны Г.Гейненің лирикасы жеке кітап болып шықты. Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің Құрмет Грамота-сымен марапатталған. Халықаралық Дж. Неру атындағы сыйлықтың лауреаты. «Ерен еңбегі үшін» медалімен марапатталған.

Әзірлеген - С.ТАУҚЫЗЫ.

Ұстазым
Әні - Ә.Еспаевтікі
Сөзін жазған - А.Шамкенов.

Тұлғаңды арманыма ұқсатқанмын,
Үлгіңді көңіліме қыстатқанмын.
Есімде әліппені жаттатқызып,
Ең алғаш қолға қалам ұстатқаның.

Қайырмасы:
Ұстазым, менің ұстазым,
Өзіңмен өткен қыс-жазым.
Қалдырған ізің мәңгілік,
Жадымда тұрар жаңғырып,
Ұстазым, менің ұстазым!

Зердемді сен ашпасаң не етер едім?
Өмірден сыбағасыз өтер едім.
Ғажайып дүниенің сырын жайып,
Қияға қызықтырып жетеледің.

Қайырмасы:
Өзіңнен өмірге азық ала бердім,
Ұшырып мені алысқа қала бердің.

Бойымда отың кетті ұшқын атқан,
Келеді жана бергім, жана бергім!

 

Ертіс

Тұрдым мен
Ертісімнің жағасында,
Өрімдей өскен талдың арасында.
Бұйра жал, толқын ойнап, ашулы өзен
Арындап ағып жатты аласұра.

Қарадым келбетіне құмарланып,
Ескі дос – толқындарын тұрмын танып,
Сәулемнің жанарындай жалт-жұлт еткен,
Көк жүзің көзді тартып барады алып.

... Сен енді Днепрше көбігіңді
Аспанға ат, шалқытып бір көңілімді.
Шадыман шат заманда шарықтаған,
Жадырат сен де нұрлы өмірімді.

Сүйем мен сені, Ертіс, – туған анам.
Көңілім қайда жүрсем ауар саған.
Құшақтап күміс көбік толқыныңды,
Жыр етер, талай әлі, сені балаң.

 

 

Менің алтын әжем

Мен әжемді сондай жақсы көремін. Ол - өте мейірімді, сүйкімді, қамқор жан. Үйдегілердің бәріне құрақ ұшып, бәріне көмектесіп, ақыл айтып отырады. Әжем көп біледі. Зейнетақы алғанда «керегіңді сатып ал» деп маған ақша береді. Мен ержеткенде әжеме қамқор боламын, емдеймін, киім-кешек сатып әперемін, асын әзірлеймін.

Мен әжемнің жанашыры боламын.

Ділнәз АЙКЕЕВА, 6 «А»-сынып оқушысы, №33 орта мектеп, Ленин кенті.

 

 

Отанымның болашағы

Тасыған су, асқар таулар, самал жел, күннің алтын сәулесі - осының барлығы мен үшін қымбат. Түнде жарқырап тұрған жұлдыздар және көзге бірден түсетін жарқыраған Ай қандай әдемі! Шет жүрсем туған ауылымды сағынамын. Маған оның әрбір арайлап атқан таңдары мен қап-қара түндері ыстық. Әр жері, әр мөлдір су тамшысы, әр тасы қымбат. Жүздерінен қандай қиындық болса да күлкі кетпейтін, өмірдің сан қырлы салаларындағы, жолдарындағы қиыншылықтарға шыдап, шыдамдылық, төзімділік таныта білген кең, жүздері жарқын ауылдастарым да бәрінен қымбат.

Көгілдір аспан аясында бәріміз бірге қол ұстасып, бейбіт өмір сүріп келеміз. Шаттық, бақыт және қуаныш арасында мұң мен қайғыға орын жоқ деп сенеміз.

Мен - Павлодар ауданындағы Толыбай деген керемет әрі тату, шаңырағы кеңінен қанат жайған ауылда дүниеге келгеннен бастап, қазіргі таңға дейін өмір сүріп келемін. Бұл жерде көкпен тілдескен қарлы шыңдар, сарқыраған өзен-көлдер, орман-тоғайлар болмаса да, шексіз жасыл қыр көз тартады. Сол қырға шығып серуендеп қайтсам, көңілім сергіп, бойыма жаңа күш біткендей сезінемін өзімді. Табиғат маған қуаныш пен жақсы көңіл-күй сыйлайды.

Ұлтым қазақ болмаса да, қазақ еліміздің бір бөлшегі болған Толыбай ауылында дүниеге келгенім үшін, Қазақстан атты мемлекетте тұрып жатқаныма қуаныштымын.

Қазақстан - менің туып-өскен Отаным, туған жерім. Осы еліміздегі болып жатқан әрбір игі істер мені қуантып, елімді отыз дамыған мемлекеттің қатарында көрсем деген ой-арманым да бар.

Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың қолдауымен болып жатқан еліміздегі қазіргі игі істер мені қатты қуантады. Бұл да болашақ жастар – біз үшін жасалып жатқан игі іс-әрекеттер.

Биыл болып өткен «ЭКСПО-2017» көрмесі - бүкіл әлемге елімізді әйгілі еткен үлкен іс-шараның бірі. Осы көрменің арқасында еліміздің экономикасы, мәдениеті алға ілгеріледі деген сенімдемін. Онда түрлі елдің павильондарында басқа халықтардың мәдениеті, салт-дәстүрлері жайлы ақпарат жиналған, біз солармен таныстық.

ЭКСПО-2017-нің негізгі тақырыбы – «Болашақ энергиясы». Ол халықаралық қоғамдастықтың планетаға күн өткен сайын әсер етіп отырған энергия тұтыну проблемасына алаңдаушылығын білдіреді. Көрменің басты мақсаты – жауаптылыққа шақыру, пікірталастар тудыру және адамдардың табиғат үшін келетін зиянды барынша азайтып, энергия тұтынуды жоспарлап бақылай білуге үйрету білімін қалыптастыру болып табылады.

Міне, еліміздің жасыл экономикасын дамыту - әрбір қазақстандық азаматтың борышы.

Екіншіден, еліміздің болашағы өз тілінде. «Сөзі жоғалған жұрттың өзі де жоғалады» деп Ахмет Байтұрсынов айтқандай, мемлекет болу үшін тіл керек. Елбасы Н.А.Назарбаев «Қазақстан-2050» қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Қазақстан халқына Жолдауында: «Қазақ тілі - біздің рухани негізіміз. Біздің міндетіміз-оны барлық салада да белсенді пайдалана отырып дамыту. Біз ұрпақтарымызға бабаларымыздың көптеген буынының тәжірибесінен өтіп, біздің де үйлесімді үлесімізден толыға түсетін қазіргі тілді мұраға қалдыруға тиіспіз. Бұл - өзін қадірлейтін әрбір адам дербес шешуге тиіс міндет», - деп атап көрсетті.

Бүгінгі таңда мемлекет тарапынан мемлекеттік тілдің тұғырын нығайту, болашағын өрістету мақсатында жан-жақты, кешенді іс-шаралар атқарылып келеді. Тілімізді нығайтып, оны жоғары сатыға көтерудің үлесін әрқайсымыз қосу керекпіз. Мен өз тілім - қазақ тілін және туған жерім, Отаным - Қазақстан мемлекетін ыстық сезіммен сүйемін.

Отанымыздың болашағын көркейту, іргесін берік қылып салу үшін ең алдымен өз тілімізді құрметтеп, қадірлеуіміз керек.

Екіншіден, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев қолға алған бастама - Болашақ энергиясын» қолдау.

Галина ЕВЛОЕВА, 8 «А»-сынып оқушысы, Шақат орта мектебі, Павлодар ауданы.

 

Ай -жігіт пен Күн-сұлу

Ерте-ерте, ертеде, есте жоқ ескі заманда Жер бетінде Табиғат деген асқан бай адам өмір сүріпті. Оның бай болғандығы сонша, өзінің иелігіндегі өзен, көл, теңіз, тау мен тасының санынан жаңылыса беріпті. Сол заманда Жер бетінде өмір сүргендер қап-қара түнек түннің не екенін білмепті. Жер беті үнемі әппақ нұрға бөленіп тұрыпты.

Табиғат байдың Жел, Бұлт атты содыр, тентек екі ұлы мен Күн-сұлу атты ақылына көркі сай әсем қызы болған екен. Күн-сұлу қыз ұйқыдан оянып, алтын шашын алтын тарақпен тарай бастаса болды, Жер беті нұрланып, ағаш жапырақтары өзді-өзі сыбырласып, сырласып, алау гүлдер Күн-сұлуға қарап майыса түседі. Тіпті көк майсадағы мөп-мөлдір шық тамшылары да қызылды-жасылды жақұт түрге еніп, әнші құстар осынау тіршілік-сұлулықтың мәңгілік күйін шертеді екен.

Күн-сұлудың атақ-даңқын естігендер оған құда түсу үшін жер түбінен ат сабылтып іздеп келеді. Бірақ ақылды Күн-сұлу ешқайсысын да бойына теңгермепті. Өйткені ақылды әрі сымбатты Ай-жігіт пен Күн-сұлу қыз бір-біріне ғашық екен. Ай-жігіттің әкесі кедей, атақты байдың қызына құда түсуге батылы бармапты. Ақ боз атты Ай-жігіт Күн-сұлу қызды алып қашпақшы болады.

- Ай-жігіт, - деп сызыла үн қатады Күн-қыз. - Ертең ауыл шетіндегі өзеннің жиегінде мені күт. Ол жерге мен құрбыларыммен келемін. Жар басында шашымды тарап отырып, гүлдестемді суға тастаймын. Екеуіміз гүлдестені қуған болып, артымыздан қуғыншы шыққанша алысқа ұзап та кетерміз, - дейді. Уәделескен уақытта Ай-жігіт келеді. Құрбыларымен жар басында алтын шашын алтын тарақпен тарап отырған Күн-сұлу аңдаусызда ағып жатқан өзенге гүлдестесін тастап жібереді.

- Қыздар, қыздар, гүлдестем суға ағып кетті. Мен Ай-жігітпен барып, гүлдестемді сонау жартастың түбінен тосып алам. Сендер мені күте тұрыңдар, - деп өзі Ай-жігіттің ақ боз атына мінгесіп, гүлдестені қуған болып, ауылдан ұзап кетеді. Күн-сұлуды күте-күте жалыққан құрбылары болған жайды қыз әкесіне келіп баяндайды. Табиғат бай, екі ұлы - Жел мен Бұлт мұны естіп қатты ашуланады. Сол мезетте қаһарына мінген Жел қатты үрлеп-үрлеп қалғанда, ағаштар шулап, таудан ауыр тастар домалап, өзендер бұрқ-сарқ қайнайды. Бұлт тас түйіліп, найзағай қылышын ойнақтатып шыға келеді. Ал Табиғат бай болса, Жер-дүниені күңгірлетіп, ерсілі-қарсылы жүгіріп, аласұрады. Осы кезде таудан домалаған қазандай ауыр тас ақ боз атты мертіктіріп, қыз бен жігіт жаяу қалады. Кенет қатты ашуланған Табиғат бай тізерлеп отыра қалып, аспанға қарап қолын жайып, Жер-дүниені тітіркендіре айқайлап, Күн-сұлу мен Ай-жігітті қарғап-сілейді.

- Уа, тәңір! Естір болсаң құлақ сал, сөзіме! Қарғыс атқыр Күн-қызды қарғыс атсын! Сол кеткеннен мол кетіп, қарасы батсын! Қайтып көзіме көрінбесін! Қызымды ұрлаған Ай-жігіт тілек-мұратына жетпесін! Екеуін де сонау көк аспанға тартып әкет, мәңгі-бақи табандары жерге тимесін! Сонда мәңгілік қалсын, бір-бірімен табыспасын, оңбасын, жүзіқаралар, оңбасын! - деп теріс батасын береді.

Сол сәтте-ақ Жер бетіндегі ақ нұр жоғалып, дүниені қоп-қою қараңғылық тұмшалайды. Жер күңіреніп, сыбыр-ласқан ағаш жапырақтары мен алау гүлдер үнсіз мұңайып, ауыр-ауыр күрсінеді. Кенет, Күн-сұлу қыз алтын шашы жайылып, ақ көйлегі желбірей аспанға қарай көтеріле береді. Оған ұмтылған Ай-жігітті әлдеқалай әлуетті бір күш аспанның екінші шетіне қарай тартып әкетеді. Содан бастап Күн-сұлу қыз бен Ай-жігіт аспанның екі шетінде қалып, бірін-бірі алыстан ғана көретін болыпты.

... Мөп-мөлдір көк аспанда бір-біріне қарай асыға жүзген Ай-жігіт пен Күн-сұлу қыздың арасы жақындай түссе, Табиғат байдың әмірімен Жер бетін қараңғылық басады екен. Сөйтіп олар бір-бірінен адасып қала беретін болыпты.

Міне, содан әлі күнге дейін Ай-жігіт пен Күн-сұлу қыз табыса алмай жүрген көрінеді. Ал түнде, сонау алқара көк зеңгір аспаннан жерге тамып кетіп, тамып кетіп тұратын алтын тамшы жұлдыздар Күн-сұлудың көз жасы деседі.

Сая МОЛДАЙЫП

 

Өзгеруге бола ма?

Мен 9-сыныпта оқимын. Оқуым жақсы. Сабақтан қалмауға, үнемі үй тапсырмаларын әзірлеп, «көштен қалмауға» тырысамын. Ал сыныптастарым жоғарылаған сайын сабақ оқымауды, күліп-ойнап отырғанды ұнататын сияқты. Мен де солар секілді болғым келеді. Бірақ бойымда біраз кемшіліктер бар (аяғым түзу емес, көзілдірік киемін, өйткені бір көзім сәл қисық әрі нашар көремін), орта бойлымын. Сосын мінезім аздап тұйықтау, ешкіммен тіл табыса алмаймын. Сабақ айтқанда бәрі маған күлетіндей көрінеді, қатты ыңғайсызданамын. Бірақ мұғалімдер мен жоғары бағалайды, кез келген жағдайда пікірімді білгілері келетінін байқаймын. Мен ашық, ақжарқын болғым келеді. Ол үшін не істеуім керек?

Сәлеммен - Зәуре, 8-сынып оқушысы, Павлодар қаласы.

Зәуренің сауалына жоғары санатты педагог-психолог, ҚР Білім беру ісінің құрметті қызметкері Бақыт БЕЙСЕКЕЕВА жауап береді:

- Балалық, жастық шақ - адамның ең бір құдіретті кезеңі. Неге десең, осы жылдарда, әсіресе бала кезде жан-дүниең тап-таза, жаманшылық атаулыдан аулақ, арман-қиялға беріліп, бәріне қызығып, өмір сырына тереңірек үңілгің келеді. Кез келген ересек адамның бал дәурен балалығын аңсайтыны содан. Екіншіден, балалық, жастық кезеңде адамның мінез-құлқы, дүниетанымы қалыптасады. Әрине, ең алдымен білімнің іргетасы қалыптасады. Сонымен қатар, болашақта жақсы адам болуым керек деп ізгілікке ұмтылатын бала дәл осы шақта мінез-құлқындағы нашар әдеттен (шектен тыс еркелік, шолжаңдық, жеңілтектік, т.б.) өзі арылып, тәрбиелі болуға тырысуы тиіс. Соның бірі Зәуренің мінез-құлқы. Зәуре, айналайын, аяғым түзу емес, көзім қисық, жақсы көрмеймін деп мұңаюдың жөні жоқ. Мұны «өзімнің ерекшелігім» деп қабылдауың керек. Бұлар кемшілік емес. Аяқ түзу болмаса, оны білдіртпеуге, жасыруға болады, қалалы жерде тұрады екенсің, гимнастикамен айналысып, белтемірге (турник) асылып, би үйірмелеріне барып, спортпен көбірек айналыс. Сонда аяқтың қисықтығы білінбейді, әдемі, тіп-тік жүруге үйренесің. Сондықтан бұл сенің қолыңнан келеді. Сол секілді көзді де емдетуге, қалпына келтіруге болады. Ол үшін көз дәрігеріне бар. Қазір қисық орналасқан қарашықты да орнына қояды. Мұны да түзетуге болады. Мінездің тұйық болғаны да кемшілік емес. Сыныбыңда немесе көрші, туыс қыздардың арасынан өзіңе сырлас дос тап. Оның да мінезі сабырлы, көзқарасы сенікіндей болса, жақсы тіл табысатын боласың. Ол қызбен киноға, музейге, жоғарыда айтып өткен гимнастика, би, т.б. орындарға барып, сабаққа бірге дайындалып, пікір таластырып, бірге кітап оқып дегендей көп жағдайда бірге жүруге тырыссаң, бірте-бірте ашылып, айналаңдағылармен де жақсы тіл табысасың. Қашанда қай ортада болмасын өз пікіріңді айтуға, ойыңды дәлелдеп жеткізуге, әдемі сөйлеуге тырыс. Әрине, көп сөйлегеннен гөрі өзгелерді көбірек тыңдаған дұрыс. Міне, Зәуре, сен бойымдағы үлкен мін деп санағандарыңды осылайша түзеп алуға болады екен. Есіңде болсын, адам өз-өзін жақсы көру керек. Жарық дүниеге келгенің, бойжетіп келе жатқаның, жақсы оқып жүргенің... бәрі-бәрі Жаратқанның саған сыйлаған үлкен бақыты. Бұл - өмір! Оның жолы ұзақ. Сол жолда жақсылық та, жамандық та, достар да, қызғанышпен қарайтындар да көп кездеседі. Соның бәріне ақылмен қарап, ашу-реніш білдірмей, кез келген қиындық атаулыны өз күшіңмен, ақыл-біліміңмен жеңіп шығуға тырыс, айналайын. Сенің солай жасайтыныңа мен сенемін!

 

Күзгі жорық

Павлодар қаласындағы №2 Балалар көркем-сурет мектебінде биыл алғаш рет мектеп табал-дырығын аттаған бірінші сынып оқушыларына арналған жорық өткізілді.

Жылдағыдай бұл іс-шара мектеп оқушыларымен Усолканың тоғайындағы қайыңдар жайқалған табиғаты көркем жерде өтті.

Мектептің дәстүрі бойынша бірінші сынып оқушылары «Жақсы суретші болу» белгісін ересек сыныптағы оқушылардан салтанатты түрде қабылдап алды. Болашақ суретшілер алтынға малып алғандай сап сары табиғатты - күз көріністерін тамашалап, демалды. Түрлі кейіптегі жапырақ шоғырын жасады, олар оны сурет қылып салады. Табиғат аясындағы демалыста сыныптар арасында түрлі ойындар ұйымдастырылды, шығармашылық тапсырмалар бойынша сайыстар өткізілді.

Суретші балалардың табиғат аясына шығуы олардың өнер әлеміне деген қызығушылықтарын арттыратыны сөзсіз.

Б.ӘДІЛХАНОВА, Павлодар қаласы.

 

Тектоникалық Қозғалыстар

Жер бетінде өте ерте замандардан бері ірі жер сілкіністері болып тұрады. Бұл адамзат баласына үлкен қатер төндіріп, кей жағдайларда орны толмас қайғы әкеледі.

1556 жылы Қытайдағы жел сілкінісінен 820 мың адам қырылды.

1887 жылы осындай жер сілкінісі Алматыда болды. 1888 жылы Австралияда болған теңіз астындағы жер сілкінісінен биіктігі 1500 метр болатын ең дүлей тасқын (Цунами) жолындағысының бәрін жаншып-жалмады. Әдетте жерасты суларының шаю әрекетінен, жер қыртысындағы ерігіш заттардың езіліп ағуынан жер астында зор қуыс (карст) пайда болып, сол үңгірлердің төбелері бір кездері опырылып құлап түсіп, соның салдарынан сол маңда жер сілкінеді. Жанартаулардың атқылауынан да жер сілкінеді. Жарылыс кезінде көмейден қара түтін сыртқа шығып, күн көзін жабады. Таудың тұла бойы дірілдегендей болып, жоғары ұшқан тас кесектерімен бірге құм, күлдің тозаңы 200-300 метр биіктікке көтеріліп, сатырлап қайта түсіп жатады. Түн қараңғылығы түскен сайын, атылып жатқан балқыған тас қызарып, айқын көріне бастайды.

Лава жарықтан шығысымен ылдиға қарай ағады. Беті қатайып қабыршақ болған соң да көпке дейін балқыған қалпында болады. Қатты қабыршағы бар лава төмен қарай жылжи береді. Кейбір қопарылыстарда тозаң 7000 метр биіктікке дейін көтеріледі. Сондай жарылыстың бірінде (Камчатка түбегіндегі Ключи жанартануында) керемет найзағай ойнап, бірнеше рет жер сілкінген. Қопарылыс дауысы 300 шақырым қашықтықта естіліп, найзағай 450 шақырым жерден көрінген екен. Аққан лавадан лайлы тасқын тасып, 35 шақырым жердегі өзенге барып құйыпты. Камчатка түбегіндегі Шевелуч жанартауы атқылағанда көтерілген шаң-тозаңнан 50 шақырым жердегі адамдан қараңғы түнекте қалып, үйлерін сипалап жүріп әрең тауыпты. Ең ірі жер сілкінісіне - жер қыртысының құрлықтық қозғалысы жатады. Бұл - тектоникалық жер сілкінісі деп аталады. Тектоникалық қозғалыс кейде тұтастай бір континенттің жоғалуына әкеледі. Жердің қыртыс қабаттарының тыжырылып, бүктетілген жерлері тау болып жоғары көтеріліп, ал майысып төмен түскен жерлері ойпатқа айналады. Су шаюдан, жел қағудан, күннің көзінен аласарып бара жатқан таулар - кәрі таулардың қатарына жатады. Академик, ғұлама ғалым Қаныш Сәтбаев: «енді сексен мың жылдан кейін Баянауыл жері егін егуге жарайды» деген жорамал айтқан. Жасыбай көлінің жиегіндегі «Драверт» үңгірі, Жамбақыдағы «Қоңыр әулие» үңгірі, Сабынды көлдің жағалауларындағы үңгірлер (өкінішке қарай мұндағы «Қосым қуысы» мен аэропорт жақтағы үңгірлер сақталмаған) ерте замандардағы адамдардың тұрақтары болған. Алғашқы адамдардың баспанасы болған осындай үңгірлер өзен, көлдерге таяу жерлерден жиі кездеседі. Тектоникалық қозғалыстардың әсерінен үңгірлер жер бедерінен биіктеп, оған кіріп-шығу қиындағанға ұқсайды. Табиғаттың осындай тосын құбылысынан адамдар үңгірлерді тастап шығып, өздеріне ыңғайлы қоныстар сала бастағаны белгілі. Сабындыкөл тектоникалық көлдердің қатарына жатады. Біздің заманымыздан алты жүз миллион жыл бұрын палезойдың бастапқы кезеңінде Орталық Қазақстанның орнында таяз теңіз болған. Тек кейбір тұсында батысқа қарай доға тәріздес аралдар көрініп тұрған. Құрлықтардың шеттері кейде түтіндеп, газ бен лавалар атқылап, аралдарды молайтқан. Осындай шөгінділер мен жанартау жыныстарынан теңіз мүлдем таязданады. Мұны геосинклиналь дейді.

Теңізді біржола ығыстырып, үстіңгі қабаты құрғақ жермен қосылған геосинклиналь қатпарлары одан әрі кеңейіп, бойындағы жыныс-тарды сыға бастайды немесе жаңа қатпарлар түзеді. Аралдар тік шаншыла көтеріліп, шөгінділер аңғарларға айналады да, ақыры осы күнгі тау аймақтарының жарылуымен аяқталады. Сондағы биік таулар бүгінде жоқ. Сол таулар жер астынан талай рет өсіп шығып, миллиондаған жылдардағы эрозия тау шоқыларын құмға айналдырып, мүжіп отырған. Есесіне төменде металға бай қабаттар көбейген. Неше алуан толқындар, тербелістер мен иірімдер жерді дамылсыз соққылады. Жер қабатында сығу процестері жүрді. Осының бәрі жердің жылжымалы белдеулеріне мыңдаған сызат, жарықшақ түзіп, жыныс қатпарларының алғашқы қалпынан біршама өзгертті. Тереңдегі жеңіл, сұйық, балқыма және өте ыстық заттардың жоғарыға көтерілуіне жол ашылды. Бұл жолды бір химия зауытының алып реактор - құмыраларымен салыстыруға болады.

Сонымен Орталық Қазақстанда геологиялық ұзақ процестерден кейін су қайтып, тау жоталары түзілгені мәлім. Жартастардың бетін су шайып, өңделген, тегістелген. Қалғандарын жел мен күннің көзі әр түрлі кескіндерге айналдырған. Ақырғы рет Баян-ауылда шамалы жерасты дүмпуі 1913 жылы байқалған екен.

Мұхамет-Қайыр ШӘРІПОВ, инженер-құрылысшы, Баянауыл ауданы.

 

Менің Отаным - Қазақстан

Қазақстан - Тәуелсіз мемлекет. Еліміздің Тәуелсіздік алғанына былтыр 25 жыл толды. Астана қаласы – Қазақстан Республикасының астанасы. Астана - жас қала, бас қала. Қазақстанның жері ұлан-байтақ. Елімізде таулар, теңіздер, өзендер, көлдер ормандар бар. Бізде түрлі өсімдіктер, жан-жануарлар өте көп. Жерасты пайдалы қазбаларға да баймыз.

Қазақстанда мемлекеттік тіл – қазақ тілі. Елімізді бүкіл дүние жүзі таниды. Біздің елімізде әсем қалалар көп. Соның бірі – Алматы. Мен Павлодар қаласындағы №30 орта мектептің 2 «А» сыныбында оқимын.

Мен туған Отаным - Қазақстанды сүйемін. Болашағымның бақытты болатынына сенемін. Жақсы оқып, туған елімнің көркеюіне үлесімді қосамын. Отанды сүю отбасынан басталады.

Диляра БЕРДІМБЕТОВА, 2 «А»-сыныбының оқушысы, Павлодар қаласы.

 

Жазғы естелік

Биылғы жазғы демалыс мен үшін есте қаларлықтай өтті. Себебі биыл әкем маған балық аулаудың әдіс–тәсілдерін үйретті. Балық аулау үшін шыдамдылық қажет екен. Жазғы демалыстың тағы бір ерекшелігі - отбасымызбен Алматы қаласына бардық. Бұл қаланың табиғаты мені таң қалдырды. Мен алғаш рет арқан жолмен шыңын ақ қар басқан биік тауға көтерілдім. Көкке шаншылған жап-жасыл шыршалар аяқ астында қалды. Таудың ауасы сондай мөлдір, таза екен.

Қаланың хайуанаттар бағына да барып, әртүрлі жануарларды тамашаладым. Онда жыртқыш сүтқоректілер, тұяқтылар, құстар, экзотариум және аквариум бар. Олардың арасында «Қызыл кітапқа» енген жануарлар да бар. Жануарларға жақындап барып, фотосуретке түсіп, естелік альбом жасадық. Осылайша менің жазғы демалысым өте қызықты өтті. Барлық балалардың әр демалысы осылай қызықты өтсе екен деп тілеймін.

Амангелді ӘБДІЛКӘРІМ, 3-сынып оқушысы, Дарынды балаларға арналған мамандандырылған гимназиясы, Ақсу қаласы.

 

Қош бол, Алтын күз

Павлодар ауданына қарасты Шақат орта мектебінде жақында мектепішілік «Алтын күз» мерекесі өтті. Мерекенің алғашқы күні бастауыш сынып оқушылары мен орта буын оқушылары арасында қызықты ойындар мен байқаулар өткізілді. Сол күндерде білім ордасында ерекше бір сиқырлы әлем орнағандай күйде болдық. Орта буын оқушылары қолда бар бұйымдармен және күз сыйлаған байлықтардан әртүрлі сән үлгілерін жасады. Ал бастауыш сынып оқушылары болса, ата-аналарымен бірігіп қол өнері бұйымдарын жасады.

Ал 9-11 сынып оқушылары арасында «Күздің ханшайымы мен ханзадасы» атауына лайық жұптар сайысы өтті. «Алтын күз» мейрамын өткізуге жауапты болған 9 «А»-сынып оқушылары мен сынып жетекшісі Б.Р. Бегембай оқушыларға қызықты да көңілді тапсырмалар берді. Күз сынына 3 жұп қатысты. Олар 6 бөлім бойынша өзара сайысқа түсті. Сайыстың қорытындысы бойынша: «Күздің ханшайымы мен ханзадасы» атағына лайық деп 11-сынып оқушылары Айтмұхан Тұңғышбай мен Тілеукина Гүлжан танылды. Барлық қатысушыларға естелік сыйлықтар таратылды.

Шақат ауылдық мектепішілік баспасөз орталығы, Павлодар ауданы.

 

Айлакер қоян
(Корей ертегісі)

 

Бірде жолбарыс, бұғы мен қоян шырынды жеміс түйнегін тауып алады. Сосын ағаштың түбінде отырып алып, ол қайсысына бұйыратынын шешеді. Әрі ойлап, бері ойлап, ақыры, қайсының жасы үлкен - сол алсын деген шешімге тоқтайды.

Сөзді бұғы бастайды:

- Мен туғанда үстімдегі жүнім қап-қара болатын. Сосын аппақ болды. Қазір жүнім, көріп отырсыңдар ғой, күреңітіп, мүлде қоңыр болды. Тіпті, менің жасымның нешеде екенін де білмеймін - баяғыда-ақ есептен жаңылдым. Жүзден аспаса кем емес.

Бұл сөзді естіген жолбарыс қатты күліп, алдында тұрған жүзжылдық еменге қарап:

- Ал мен есте жоқ ескі уақытта Чхонванның (Чхонван - корейлердің аспан патшасы) өзімен қатарласып, мына ағаштың түбінде отырғам. Сондықтан мен сенен көп үлкенмін, біліп қой, - деді.

Ал қоян ләм-мим демеді. Тек көздерінен ірі-ірі жастар домалап, жерге тама берді. Оны байқаған жолбарыс неге жылап отырғанын сұрады. Сонда қоян көзінің жасын сүртіп, кәрі еменге мұңая қарап:

- Өте ертеде мына ағашты менің немерем отырғызып еді. Қазір ол өмірде жоқ, ал ағаш қалды. Оны көргенде немерем есіме түсіп, көз жасымды тыя алмай қалдым. Менің баяғыда өлген немеремнен сен екеуің қаншама жас кіші екенсіңдер, өздерің төрелігін айтыңдаршы, - деді де, іштей өзіне-өзі риза болып, мұртын басып-басып қойды.

- Оу, қоян, сен біздің ішіміздегі ең үлкеніміз болып шықтың, - деді жолбарыс қынжылып. Сосын тәтті шырынды түйнекті соған берді.

Қоян түйнектің шырынын сорды. Сосын орнынан атып тұрып, мәз болып жүгіре жөнелді.

Жолбарыс мұндай масқараға шыдай алмай, оның артынан қуып кетті. Таяп та қалды. Бірақ қоян еш қорықпай, мазақтай күліп, жолбарысты ұялтуға тырысты.

- Оу, жолбарыс, тыңда мені, - деді қоян. - Кезінде сенің бабаң біреуді өлтіруге қатысып, қылмысты болды. Сосын аспан оны өлтіруге маған бұйрық берді. Алайда, мен аспаннан сенің арғы бабаңа рақымшылық жасауды сұрадым. Сонда басымды төмен игенім сондай, алдыңғы аяқтарым мынадай қысқа болып қалды. Мен аспанға, егер сенің бабаң тағы бір рет айыпты болса, оның орнына мені өлтірсін деп сөз бердім. Өз сөзімнің шындығының белгісі ретінде құйрығымды жұлып алдым. Міне, сондықтан менің алдыңғы аяқтарым осындай қысқа да, құйрығымның жұрнағы ғана қалған. Ал сен қайырымсыз мақұлық, мені жемекшісің!

Жолбарыс ұялып, қоянды қоя берді. Бірақ қоянның қырсығынан аңдардың ішінде ең үлкені болып саналмайтынын ойлағанда қайтадан ашуға мінді. Сонда ғана ол өзін қоян оңдырмай алдап соққанын түсініп, оның соңына түсіп, қуып кетті.

Қоян тоқтап, жолбарысқа:

- Мен сені қуырылған бұршақпен сыйлайын деп едім, - дейді. - Ана шоқ тоғайға барып отыр да, көзіңді жұм. Мен саған тездетіп соя бұршағын қуырамын.

Дәмді бұршақ жейтін болдым деп мәз болған жолбарыс тоғай ішіне кіріп, жайланып құйрығын басып отырып, көзін жұмды. Қоян аңқау да көнгіш жолбарысты көргенде күліп жібере жаздады. Сосын тоғайдың жан-жағына от қойды. «Егер мына жыртқыш оттың ішінде жанып кетпесе, одан сақтай гөр, менің быт-шытымды шығарады», - деп істеген ісіне опық жеген қоян жолбарыстан біржола құтылу үшін қулыққа барды.

Ол шоқырақтап үйіне тез жетіп, пеш жағып, оттың ішіне бір уыс ақ тастарды тастады.

Ал жолбарыс болса, бұл кезде жанып жатқан тоғай ішінде жайбарақат күйде ағаштың сытырлаған дыбысын соя бұршағы қуырылып жатыр деп ойлап, сілекейін жұтып отырды. От оған жақындап, сытырлаған дыбыс күшейе түсті.

- Қоян, естимісің? - деді жолбарыс шыдамсыздана. - Соншама көп бұршақ қуырып жатырсың ба? Сытырлаған дыбысы тіпті соғыс жүріп жатқандай күшейіп кетті ғой.

Алайда, қоян үн қатпады. Сонда жолбарыс көзін сәл ашып еді, өзіне жан жағынан от қаулап келіп қалыпты. Ол ышқынып, орнынан атып тұрып, от шеңберінен секіріп өтіп, қоянға қарай жүгіре жөнелді. Ал қоян домалақ ақ тастарды қуырып жатыр.

- Сен мені тағы алдадың! Қазір сені жеймін! - деді жолбарыс ырылдап.

Сонда қоян еш саспастан:

- О, менің немерем келді! Мен сенің келетініңді білдім. Міне, мен саған соя бұршағын қуырып жатырмын. Бұғы жаңа ғана сені қарсы алуға шыққан. Оны тоспай-ақ қояйық. Екеуіміз жеп алайық. Сәл тоса тұр. Көршілерден бал мен соя ұнын алып келейін. Менсіз жеп қойма! - деді.

Қоян сыртқа шығып кетті.

Сараң әрі ақымақ жолбарыс пешке қарап: «Қоян бал мен соя ұнын алып келгенше бұғы келіп қалады да, маған аз ғана тиеді» деп ойлады. Іле қомағайлықпен ыстық тастарды алып, жұтып қояды. Сосын ғана бұл ешқандай бұршақ еместігін түсініп, алды-артына қарамай зыта жөнеліпті.

Орыс тілінен аударған - Серік САТЫБАЛДИН, Павлодар қаласы.

 

 

Құрмет

Отбасы үлгісіндегі Шақат балалар үйінің тәрбиеленушілері Қарттар күні ауылдағы әжелерді мерекемен құттықтады. Олар әжелерге арнайы сыйлықтар дайындап, ән айтып, өлең оқыды. Әсіресе, балалардың өз қолымен дайындаған ұлттық қазақ әшекейлері бар тақтайшалар ерекше қуантты. Меймандар өз кезегінде балаларға тәттілерден ауыз тигізіп, бата берді.

Сайран АХМЕТОВА, тәрбиеші.
«Айналайынды» үйлестірген - Сая МОЛДАЙЫП.

saryarka-samaly.kz