Осы сөз болған бағдарлама ұлтымызың рухын жоғары сатыға көтеретін терең мазмұнды ауқымы кең шаралар, жалпы айтқанда, өмірдің мынадай салаларын қамтиды: тіл, дін, діл (ұлттық тәрбие), ұлы балаларды ұлықтау, өлке тарихының шежіресін жинақтау, басқа тілдерде аталып кеткен ежелгі жер-су атауларын қазақша қайта жаңғырту, қасиетті жерлерді есепке алу, мәдени құндылықтарды бүкіл әлемге паш ету. Осы мақаланы алдымен сөз ретінің орайы келіп тұрғанда астын сызып тұрып, оқырмандар назарын қазақтың екі нақыл сөзі мен аталы тапқыр сөзіне аударудан бастау артық болмас. Оларға, атап айтсақ, мына сөздер жатады:

1. Ай дер ажа, қой дер қожа жоқ.

2. Балдай батып, судай сің.

3. Ақ табан шұбырынды, алқа көл сұлама.

Міне, осы сөздер аталмыш мақала авторының пайымдауынша ХХ ғасырдың басынан бері дұрыс айтылмай да, жазылмай да келеді.

Бірінші нақыл сөздегі «ажа» деген сөз – ежелгі түркі тілінен ауысқан қазақтың көне сөзі. Оның мағынасы – ауылдың сыйлы үлкен адамы. Ал ертеде Енесей өзені бойындағы қырғыздар өздерін билеуші адамды «ажо» деп атайтындығы тарихтан белгілі. Десек те, бұл нақыл сөз бүгінде «әй дер әже, қой дер қожа» боп өзгеріп кеткен.

Бұрынғы заманда басқа жұртқа ұзатылып бара жатқан қызына әкесі «барған жеріңде балдай батып, судай сің» деп ақ батасын беретін-ді. Бұл батаның астарында ұзатылған қыз барған жеріндегі ата-енесі түгіл барлық жұртқа аса жағымды (балдай) болып, олармен өмір бақи жақсы қалыпта (судай сіңіп) аралас-құралас жасасын деген игі тілек болатын-ды. Алайда, бұл нақыл сөз қазіргі кезде «тастай батып, судай сің» деп жазылады. Шындығында келгенде, тастай батып, су түбіне мүлдем жоқ боп кеткеннен гөрі жұртқа балдай батып өмір сүрген сөзсіз жақсылық нышаны емес пе.

Енді қазақтың аталы тапқыр сөзіне былайша түсінік беруге болады. Мұндағы: ақ табан - шаршап шалдығып, табанынан таусылған; шұбырынды – босқын адамдар; алқа – топ, жиын, яғни адамдар; көл – көп; сұлама – ұланғайыр жазық дала деген мағыналарды білдіреді. Сонда осы мағыналардағы сөздерді жинақтап айтсақ, «ұланғайыр жазық далада табанынан таусылған көп босқын адамдар топтары» деген сөйлем болып шығады. Осы мағынадағы сөйлемді сөз саптауға шебер ата-бабаларымыз 1723 жылы «ақ табан шұбырынды, алқа көл сұлама» деп тілге өте жатық түрде айта білген. Қазір де осы аталы тапқыр сөз – «Ақтабан шұбырынды, алқакөл сұлама», «ақтабан шұбырынды, Алакөл сұлама», «ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұлама» деп қате жазылып жүр.

Дербес қазақ елінің мынадай үш діңгегі бар: тіл, дін, діл. Енді көлденең тарта айтсақ, тілімізді сақтау – қазақты сақтау, мемлекетімізді сақтау болады. Сонымен қатар, қазақты сақтау - түркіні сақтау деген сөз. Өйткені, қазақ тілінің сөздік қорының 60% түркілік түбірлі сөздер. Бұл – түркі тілдерінің ішіндегі ең жоғарғы көрсеткіш.

Орыстың түрколог ғалымы П.М.Мелиоранский (1868-1906 жж.) айтуынша: «Қазақ тілі түркі тілдерінің ішіндегі ең таза әрі бай тілге жатады». Ал түрколог академик В.В.Радлов (1837-1918 жж.): «Француз тілі Еуропаға қандай әсер етсе, қазақ тілі дәл солай түркі мәдениетіне әсер еткен», - деп жазса, өзіміздің ғұлама ойшылымыз Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы: «Қазақ тілі - ең асыл, бай тіл. Түркі тілінің ішіндегі гауһары – қазақ тілі», - деп пікір жалғастыруында зор таным жатыр. Ендеше, түркі тілінің тамыры да қазақ тілінде. Сондықтан ұлтымыз бен рухымыздың темірқазығы – қазақ тілі. Егер де тіліміз жоғалатын болса, онда бәрі де адыра қалады.

Ал тілдің тірегі де, ұстыны да – дін мен діл.

Құран Кәрімде ислам – адамзатты қараңғылықтың зұлматынан ақиқаттың асыл нұрына жетелейтін, сонғы ақиқат дін екендігі жазылған.

Президентіміз Н.Ә.Назарбаев біздің дініміз турасында: «Ислам - тек дін ғана емес, ол біздің мәдениетіміз», - деп жазады. Осы пікір аясында бізге мынадай ой келеді: қазақ мектебінің 8-9 класс (тілімізде «сынып» сөзі жоқ) оқушыларына арналған «Құран және Шариғат» деген оқулық жазылып, пән ретінде жеке сабақ боп қабылданса, нұр үстіне нұр болар еді.

Тағы бір айтар дерек, қазақ тілінде сөйлейтін адамдарының саны жағынан әлемдік тілдер арасында 70-ші, тіл байлығынан 3-ші орында. Дүние жүзінде ең бай тіл саналатын араб тілінде 12 миллион 300 мың сөз болса, бұл көрсеткіш ағылшын тілінде 750 мың, 3-ші орындағы қазақ тілінде 600 мың, ал орыс тілінде 150 мың сөзді құрайды.

Араб тілі – әлемдегі ең көне тіл. Араб тілінің негізгі діни тілге айналуына құранның араб тілінде көктен Алланың әмірімен Жебірейіл періште арқылы пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) Мұхаммедке жеткізілгені себеп екені шүбәсіз. Тіл мамандарының болжауынша шамамен он мыңдай араб сөзі қазақ тіліне енген.

Айтылар әңгіме әлі бітпесе де, «сөзді доғар!» қыспағы келіп қалғанда бабалар рухына да тағзым етелік.

1714 жылы қазіргі Ақсу ауданы жеріндегі Қалқаман тұзды көлі маңында болған қазақ-қалмақ соғысында Бұқар жыраудың әкесі, Тәуке ханның сардары Қалқаман батыр опат болғаны академик Әлкей Марғұланның жазбасынан белгілі. Сонда қазақ сарбаздары Қалқаман батырды оның есімімен аталған көлдің күншығыс жағасына жерлейді. Осы дерек және орыстың императорлық география қоғамының Батыс-Сібір бөлімінің мүшесі П.А.Золотовтың (1823-1879 жж.) «Семипалатинские областные ведомости» атты газеттің 1875 жылдың
№49-50 сандарында басылған «Несколько слов о Калкамане» деген мақаласындағы дерекке сүйеніп, 2014 жылы осы жолдардың авторы С.Торайғыров атындағы Павлодардың мемлекеттік университетінің археологы, тарих ғылымдарының кандидаты В.К. Мерцпен бірге іздеу жүргізгенде аталмыш көлдің күншығыс жағасынан шамасы 300 метрдей қашықтықтан Қалқаман батырдың бейітін тапқан едік. Осы бейіттің орнында қазіргі күнде бар болғаны Баянауланың гранит тасынан орнатылған биіктігі бір метрдей, ені 65 сантиметр, қалыңдығы 10 сантиметр болатын көлбеу тұрған құлпытас қана. Біздің пайымдауымыз бойынша бұл құлпытасты әкесінің бейітіне 1729 жылы Сыр бойындағы Қаратаудан барша арғындармен бірге Баянаулаға қоныс аударған Бұқар жыраудың өзі қойған. Қазір де Қалқаман батырдың бейітінің қайда екенін білетін үш адамның бірі – Екібастұз әкімдігіне қарасты Қарасор тау-кен байыту комбинатының директоры А.Ш.Омаров. Осы әңгімені айтудағы мақсат - Баянауыл ауданының белді азаматтары бірлесіп, Қалқаман батырдың мүрдесі жатқан жерге күмбезді бейіт орнатса – рухани жаңғырудың айшықты ісі болар еді деген ой.

Ендігі бір ой мынаған саяды. Баянауыл ауданына қарасты көкдомбақтағы Үкібай би кесенесіне жақын бұрынғы Құрман – доңғалақ елді мекенінің зиратына
1918 жылдың 14 ақпанында Мәшһүр Жүсіптің тікелей қатысуымен жерленген, Баянаула өңірінде әулиелердің әулиесі саналған Жұматай (лақап аты - Әбжалап) Тышқанбайұлының бейітіне кесене немесе көрнекті там орнатуда керек-ақ. Ол үшін Әбжалап әулиенің туысқандары тұратын Теңдік ауылындағы рухы күшті, иманды бір азамат арнайы қор ашып, аудан халқын осы іске жұмылдырғаны жөн.

Әбжалап әулие туралы Мәшһүр Жүсіп еңбектерінде де деректер бар. Дәл осы жерде біреу білсе, біреу білмейді деп айта кетсек, Әбжалаптың мүрдесін үйде алашаға орап, бейіт басына алып келген соң, оны жер қойнына берер кезде жігіттер алашаны ашқанда оның ішінде мүрде болмайды. Сонда сасқалақтап қалған жігіттер Мәшһүр Жүсіпке едірейіп қарай қалғанда Мәшекең:
«Әбжалаптың мүрдесі көрде жатпайды, ал менің мүрдем көрде 30 жыл шірімейді. Енді ана кебінді алып, көрге көміңдер», - дейді. Бұл жағдайды жұрт Әбжалаптың мүрдесі көкке ұшып кетті деп санайды. Ал шындығына келгенде, оның мүрдесі үйден шығып, бейіт басына келген аралықтағы уақытта жарыққа айналып, аспанға сіңіп, жоқ боп кеткен. Осылай болатын жағдайды осы жолдардың авторы бір кітаптан оқыған еді.

Қадірлі оқырмандар! Ағымдағы жылдың қыркүйек айында «Сарыарқа самалы» газетінің бетінде басылған әлдебір мақаладан облыс әкімінің Павлодар қаласында облыстық тарихи-өлкетану музейімен қатар тағы аса үлкен музей керектігін айтқан өзіндік бастамасы жөнінде оқып, бұған пікір білдірмей кете алмадым. Осы хабарға орай Болат Бақауов ініме: Сол ғимаратқа алдымен Бұқар жырау атындағы облыстық әдебиет және өнер музейін көшіріңіз деп өтініш білдіремін. Өйткені осы музейдің қазіргі орналасқан XX ғасырдың басында ағаштан салынған әдемі үйде өрт қауіпсіздігі мәселесі жоқ деуге болмайды. Сондықтан сол үй жазатайым өртке оранса, онда оның ішіндегі баға жетпес жәдігерлерден мүлдем айырылып қаламыз. Енді «іске сәт болсын» деп мақаламыз аяқталады.

Серік ЖАҚСЫБАЕВ, Екібастұз қаласының Құрметті азаматы, тыл және еңбек ардагері.

saryarka-samaly.kz