Осы жылдың сәуір айында құрылған кооператив құрамына 22 құрылтайшы енді. «Жаңа-ауыл» АӨК төрағасы Мадияр Оразбаевтың айтуынша, қатарға қосылуға ниет танытып отырған шаруашылықтар баршылық. Себебі көпшілік кооперативтің басым тұстарын бағамдап, тиімді екенін жіті түсінуде. Айталық, кооператив құрылтайшылары «Береке» бағдарламасы бойынша ет бағытындағы қара мал алу үшін 12,5 млн. теңге несие алды. Бұл ретте бордақылау мақсатында алынған бір бұқа үшін мемлекет 20 мың теңге субсидия беретінін атап өткен жөн. Ал кооператив тапсырған сүттің әр литріне мемлекет қосымша 10 теңге төлейді. «Жаңа-ауыл» АӨК облыста алғашқылардың бірі болып «Ынтымақ» бағдарламасы бойынша модульді сүт қабылдау пунктін де сатып алды. Бұл - құрылғыны алуға жұмсалған соманың тең жартысы, яғни 2,5 млн. теңге де мемлекет тарапынан субсидияланады.

- Модульді сүт қабылдау пунктінің құны - 5 млн. теңге. Мұнда күніне 2 мың литр сүт қабылдап, сақтауға болады. Қазіргі уақытта сүт көлемінің күрт төмендеуіне байланысты бір күнде тек 500 литр қабылданады. Оны павлодарлық кәсіпорындар 2-3 күн сайын алып кетеді. Келесі жылы тұрғындардан да сүт қабылдап, өңдеу жоспарда бар, - дейді кооператив төрағасы М.Оразбаев.

Аталмыш құрылғыны жеткізуші – «Профита-ПВ» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі қадағалау кеңесінің төрағасы Талғат Сұлтановтың айтуынша, модульдің басым тұстары көп.

- Біріншіден, бұл құралда салқындатудан бөлек сүзгіден өткізу механизмі бар. Яғни, сүтке су қосып, «пайдаға кенелемін» деген кей пысықайлардың әрекетін сол арқылы әшкерелеуге болады. Екіншіден, модуль бағасы өзге жеткізушілермен салыстырғанда анағұрлым төмен. Бастапқыда 5 млн. теңгеден сатсақ, қазіргі уақытта баға 4,5 млн. теңгеге дейін арзандады, оған қоса облыс көлемінде жеткізу тегін. Бүгінде 8 модульді сатып алуға өтініш бергендер бар, олардың алтауы сүт, екеуі етті сақтауға арналған. Ет сақтауға арналған модульдердің бағасы –
19 млн. теңге. Сонымен қатар ет-сүтті қабылдап қана қоймай, оны өңдейтін арнайы құрылғылар бар. Үшіншіден, ауылдық жерлердегі жылжымайтын мүліктерді банктердің барлығы дерлік кепілге алмай, кәсіпкерлерге қиындық тудыратыны белгілі. Ал елді мекендердегі модульді ет, сүт қабылдау пункттерін кепілге қоюға болады, - дейді Т.Сұлтанов.

Осы орайда «Жаңа-ауыл» кооперативінде сүт қабылдау пунктінің орнатылуы нәтижесінде қосымша жұмыс орындары ашылғанын атап өткен жөн. Қазір мұнда арнайы оқудан өткен бір технолог, сауыншы жұмыс істейді. Келесі жылы тағы
5-6 тұрғынды тұрақты қызметпен қамту жоспарда бар. Оған қоса, мал басын көбейтіп, кәсіпті кеңейтпек.

- Бүгінде кооператив базасында шамамен 150 бас ірі қара мал бар. Қараша айында бордақылау үшін 50 бас алып, көктемде оны сатып, орнына сүт бағытындағы сиырлар алмақпыз. Қысқы мал азығымен қамтуда күрмеулі мәселелер жоқ. Жергілікті шаруалардың көмегімен 20 тіркеме шөп дайындалды, тағы 20 тіркеме аламыз. Аудан әкімдігінің қолдауымен жайылым үшін 1200 гектар жер берілді. Сөйтіп, келесі жылдан бастап қажетті шөпті өзіміз шауып, жинап алуға мүмкіндік болады, - дейді М.Мадияров.

Шарбақты ауданында ауылшаруашылық өндірістік кооперативтерін құру қарқын алып келе жатқанын баса айтқан жөн. Мұндағы 11 ауылдық округтің 10-ында дәл осындай шаруашылық бар. Тіпті, кей ауылда екі-үш кооператив құрылды.

- Жыл басынан бері ауданда 10 ауыл шаруашылығы кооперативі құрылды, олардың үшеуі сүт, қалған жетеуі ет бағытында жұмыс істейді. Бір кооператив құрамында орта есеппен 20 шаруа қожалығы бар. Олардың қатары күн санап өсуде. Мәселен, «Әділет-Сенім» кооперативінің құрамында бастапқыда
30 шаруашылық болса, 1 ай аралығында оларға тағы 10 кәсіпкер қосылды. Жалпы, кооператив мүшелеріне 234 млн. теңге несие беріліп, бұл сомаға техникалар мен қара мал сатып алынды, - дейді аудандық кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімінің бас маманы Азамат Қабдрашитов.

Жергілікті әкімдік өкілдерінің айтуынша, әлі де кооперативке бірігуді қалайтын кәсіпкерлер көп. Оларға мемлекет тарапынан барлық жағдай жасалмақ.

Құндыз ҚАБЫЛДЕНОВА

Шарбақты ауданы.

saryarka-samaly.kz