Енді қарияларға Халыққа қызмет көрсету орталығына барып, кезек күтпей-ақ ардагерлер орталығында немесе үйінде отырып қажетті құжатына қол жеткізуге болады. Бұл ретте «Қазақтелеком» АҚ және Халыққа қызмет көрсету орталығы ардагерлер ұйымдарын компьютерлік техникамен, кеңсе тауарларымен қамтамасыз ету бойынша ауқымды жұмыс жүргізген. Аталмыш жобаның мақсаты - мемлекеттік қызметті электронды форматта ұсыну, - дейді «Нұр Отан» партиясы Павлодар облыстық филиалы қоғамдық қабылдау бөлімінің меңгерушісі Жанар Мұхамеджанова.

- Аймақ басшысы Болат Бақауовтың тапсырмасы бойынша «Ардагерлерді ардақтайық», «Жемқорлықсыз ел - гүлденген мемлекет», «Кедергісіз келешек» жобасы аясында жүзеге асырылып отырған жобаға 400-ден астам қызмет түрі енгізілді. Сонымен қатар, СМС құпиясөз арқылы 30-дан астам қызмет алуға болады. Бұдан әрі қарай аға буын өкілдері мемлекеттік органдар мен халыққа қызмет көрсету орталықтарына бармай, жұмысын тындыра алады, - дейді Ж.Мұхамеджанова.

Ал облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Рымтай Шөкеевтің айтуынша, мұндай орталықтарды облыс бойынша барлық аудандық және үш қалалық ардагерлер кеңесінде ашу жоспарланып отыр.

- Қазіргі таңда «Рухани жаңғыру» және «Цифрлы Қазақстан» бағдарламалары жайлы жиі айтылып, оларды орындау жолында бірқатар істер атқарылып жатыр. Осы орайда технологиясы дамыған заманның көшінен қалмауымыз керек. Ардагерлердің арасында да білімді әрі тың адамдар бар. Солардың мүмкіндігін пайдалана отырып, жағдайы қоғамдық орындарға баруға келе бермейтін тұлғаларға көмектесуіміз керек. Акция аясында ХҚКО-ның мамандары келіп, біздің ардагерлерге негізгі құжаттарды қалай алатынын үйретеді. Осы бағытта жеке кабинет ашылып, ардагерлер күн сайын кезекшілікпен жұмыс істейтін болады, - дейді ол.

Алғашқылардың бірі болып жаңа-шылдықты меңгерген Жылқыбай Бейсембаев электронды форматтың аға буын өкілдері үшін берері мол екенін атап өтті.

- Енді бізге әлдебір құжат алу үшін кезекке тұрудың қажеті жоқ. Үйден шықпастан компьютер немесе ұялы телефон арқылы жер салықтарын төлеуге, мекенжай анықтамасын алуға болады. Тіпті, жедел жәрдем де шақыра аламыз. Жасы келген қарттарға жүріп-тұру қиынға соғатыны белгілі. Қазіргі уақытта он шақты адам үйренуде. Өз басым кез келгеніне көмектесуге дайынмын, - дейді ардагер.

Аталған акцияны қалалар мен аудандардың партия мүшелері бір ауыздан қолдады. Мәселен, облыстық мәслихаттың депутаты Гүлмира Нұрханова акция эстафетасын Качир ауданына табыстады.

Айта кетелік, бүгінгі таңда облыста 15 мыңға жуық ардагер болса, олардың
8 мыңнан астамы қалада тұрады.

Қарлығаш ХАШЫМҚЫЗЫ

saryarka-samaly.kz