Бензин

Бензин бағасына келейік. Оның бағасы шарықтап кеткені былай тұрсын, қымбат болса да, бекеттерден таппай аласұрған халықты көрдік. Тұтас елде көрініс берген келеңсіздік нәтижесінде энергетика вице-министрі орнынан қуылып, министр Қ.Бозымбаевқа ескерту жарияланды. Кейін Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың қабылдауында болғанында Елбасы министрдің ескерту алуы терең мәнге ие екенін сездіртті. Нарықтағы жағдайды Үкіметтегілер ертерек болжап білуі керек еді, тиісінше шараны қолға алып, халықтың екі аяғын бір етікке тығып қоймаса керек-ті. Яғни, біліксіздік мәселесі белді қайыстырып отыр.

Қош делік, кінәлілер жазалан-ғанымен, жағдай қалыпқа түсе қоймады. Сарапшылар Павлодар мұнай-химия зауыты (бензин тапшылығының бір себебі біздегі зауыттың жоспарлы жөндеуге тоқтағаны делінді) қайта іске қосылғанмен, баға төмендемейді деп болжап отыр. Яғни, дөңгелек айналып кетті. Бүгін Ресейден тасымалданып жатқан АИ-92-нің бағасы қымбаттаса, соңы неге алып келерін экономикалық сауаты аса терең емес тұтынушы да сезеді. Жон арқасымен. Павлодарлық жолаушы тасымалдаушылар одағының қала ішінде автобуспен жол жүру тарифі 90 теңгеге дейін өсуді қалайды деген хабар тарала бастады, әлеуметтік желілерде. Дәл осы әлеуметтік желілер қазір әлеуметтің көңіл күйін, мұңын тап басып айтып тұр. Естір құлақ болса, әрине.

Айтпағымыз бұл емес еді. Тоқталғымыз келгені – осы баға мәселесін ырықтандыруда Үкіметтің әл-күші аздығында. Мәселен, осы күзде бензин бағасы шырқау шегіне жеткенде Табиғи монополияларды реттеу комитетінің мамандары жаздыгүні болған тексерудің нәтижелерін баян етті. Дәлірек айтқанда, Павлодар облысында жанар-жағармайдың бөлшек саудасын жүзеге асыратын компанияларға қатысты тексеру жұмыстары аяқталғанын мәлімдеді. Оған сәйкес 4 жанар-жағармай бекетінің басшылары әкімшілік жауапкершілікке тартылып, заңсыз әрекеттері үшін монополиялық кірісті қоса алғанда жалпы сомасы
40 382 788 теңге айыппұл төлеуі мүмкін. Әкімшілік істің материалдары Павлодардың мамандандырылған әкімшілік сотына жолданғанын білдік.

Бұл не деген сөз? Біздегі алыпсатарлардың бағаны келісіп алып белгілеу секілді алаяқтық әрекеттерін анықтау мәселесі, яғни тексеру жұмыстары сылбыр жүргізіледі. Тұтынушы қазіргі жағдайдың жедел түрде анықталып, нарықта у-шу туғызған кінәлілердің шұғыл жазалануын тілейді. Өкінішке қарай, біздегі істер үш ай қаралып, балапанды күзде бір-ақ санайды. Онда да бізде жауапсыз тұлғаларға белгіленетін айыппұл сомасы монополистердің арқасына жүк түсіретіндей сома болып шықпайтыны қызық.

Ендігі жерде биылғы күзде болған келеңсіздікке кінәлілер қашан толық анықталар екен? Вице-министрдің қуылуы бар мәселені шешіп тастамағаны айдан анық. Мәселе – жүйеде. Бірінші, Елбасы ескерткендей, елдегі үш зауыттың бірі уақытша тоқтайтынын Үкімет білмеді емес, білді. Бірақ ескермеді, аяғы елдің наразылығын тудырды. Ұтқан – баяғы алыпсатарлар. Ендігі жерде Павлодар мұнай-химия зауыты қайтадан толық қуатына шығып алсыншы, бұдан былай жыл сайын жөндеуге тоқтамайтын болады деген уәде айтып отыр Энергетика мекемесіндегілер. Сенбеске амалымыз бар ма? Тек бір анығы, жыл сайын көктемде және күзде осы бензин бағасы елді шырылдатады. Сорлайтын – баяғы ауыл шаруашылығы. Естуімізше, дизельдің бағасы да ептеп көтеріліп келеді. «Дизель арзан» деп көп жүргізуші көлігін осы отынға лайықтатып алып еді, ендігісін көрсін, бәлем. Айтпақшы, қысқы дизель бізде өндірілмейтіні тағы бар. Әзірге жағдай бірқалыпты. Бірақ ұзақ боларына сенім жоқ.

Осы энергетикалық отындардың мәселесін шешу, бағасын тұрақтандыру жөнінен амалын табу бізге қиынға соғып отыр-ау. Қайбір жылы төртінші мұнай өңдеу зауытын саламыз деп даурыққан едік. 2020 жылдан кейін болмаса, әзір батыл шешім айтылмайды. Есесіне Ресейдің өңдеушілеріне жол ашық. Импорт көлемін арттырып алып, амалсыздан елдің ақшасын сыртқа жөнлетіп отырмыз. Мұнайдың үстінде отырып, бензинге жарымаймыз-ау деген кімнің түсіне үш ұйықтаса кіріпті?!

Көмір

Елдің көңілін алаң еткен екінші мәселе – көмірдің бағасы биыл ерекше құтырды. Тоннасы 12 мың - 16 мың теңгеден сатылды. Шалғайдағы ауылдардың шаруасын ойлаған ешкім жоқ, оларға тіптен бағасын асырып ұсынды. Қыстың көзі қырауда бала-шағасын дірдектетіп қойсын ба, халық қалтасының түбін сыртына аударып, барын берді. Павлодар қаласының әкімі Нұржан Әшімбетов облыс орталығындағы жағдайды көзбен көрді, мәселені анықтауға тырысты. Сөйтсе, мәселе дейтін ештеңесі жоқ, жеткізушілер ешқандай тапшылықтың жоқтығын ашып айтты. Тәулік сайын пәленбай мың тонна көмір өзіміздің Майкөбе, «Богатырь», Сарыкөл, Талдыкөл, тағы басқа кеніштерден кешікпей жеткізіліп жатыр. Яғни, қор жеткілікті, жүк көліктері келіп, қалауынша артып алып кетуде.

Тілші ретінде жүз бардық, басшыларымен сөйлескенде көзіміз жеткені: Майкөбе, тағы басқа кенішті игерушілер көмір бағасын шарықтатып жіберуге бейілді емес, қысқы жылыту кезеңінде неғұрлым көбірек отын өткізу үшін бағаны қолайлы ұстау қажет. Әйтпесе, басқа өндірушілер бәсекеде ұтып кетеді. Яғни қазіргі мәселені туындатып жүргендер олар емес. Даурықтырып жүрген - баяғы алыпсатарлар. Олардың көздейтіні – таза пайда. Халықтың жағдайын ойласу оларға тән емес.

Осы жерде біздің тұтынушылардың аңқау, аңғал келуі таң қалдырады. Осы көмір бағасы өсер алдында әр-әр жерден «Ойбай, биылғы қыс қатты болады екен, ақырған аяз тұрады екен» деген алыпқашпа сөздер кеңінен тарады. Павлодар өңірі - Сібірге етене жақын аймақ, ежелден қысы ақырып тұрған, бертін ғой ол жылымыққа айналғаны. Айтқымыз келгені – қыстың аты қыс. Жоқ, бұл жел-әңгіме алыпсатарлардың оң жамбасына келді. «Естідіңіздер ме? Қыс қатты болады» деп елді үркітіп, қалаған бағасына сатты. Бұл жерде біз антимонополия мекемесінің қайбір тексеріске кіріскені туралы естімедік. Бірақ сол іске белсене қатысуға тұратын секілді. Көмір кеніштері іргеде тұрғанда, үстеме ақыны соншама еселеп сатуға кім рұқсат берді? Халықтың бар ақшасын қағып алуды ойлаған алыпсатарларға еш амал болмағаны ма, дейді кіжінген ауылдықтар. Расында, билік басындағылар үшін ойлануға тұрарлық. «Үкімет қайда қарап отыр?» деген тұтынушы наразылығын өршітпеу – ең алдымен осы мемлекеттік мекемелердің мүддесі.

Қазақ атам сөзіндей, аста-төк көмірдің үстінде отырып, оны қымбат бағаға сатып алуға деген мәжбүрлікті қалай түсіндіруге болады?..

Азық-түлік

Күз сайын көтерілетін тағы бір мәселе қайта қылаң берді. Азық-түлік бағасы өсіп барады. Тамыз-қыркүйектің статистикалық есебінде көкөніс өнімдерінің бағасы арзандады деп көрсетілді. Бірақ бұл маусымдық құбылыс екенін бәрі біледі. Қазан аяқталып, қырау түскенде баға басқаша өрбіді. «Фейсбук» әлеуметтік желісінің қолданушысы Марат Өтебаев дүйсенбі күні өткен Үкіметтің отырысынан берілген тікелей көрсетілім соңында былай деп пікір жазады:

«Қазақстанда ең төменгі еңбекақы мөлшерін 2018 жылдың 1 қаңтарынан бастап көтеру мәселесін қарастыруды сұраймын. Өкінішке қарай, бүгінгі 24459 теңге мөлшеріндегі ең төменгі жалақы қоғамдағы нақты құбылысқа сәйкес келмейді. Мына мәселеге назар аударыңыздаршы. Мәселен, оңтүстіктен тасымалданып әкелінген қызанақтың 2017 жылдың қыркүйек айында 1 килограмы 130-150 теңге тұрды. Бүгінде қызанақтың келісі – 500 теңге. Қияр 260-280 теңге тұрса, қазір - 450-460 теңге. Картоп 70 теңге еді, қазір – 120-130 теңге. Қант, күнбағыс майы, сүт, ұн, жарма өнімдерінің де бағасы өсті. Мысалға, қыркүйекте жұмыртқаның ондығы 150 теңге тұрса, қазіргі кезде 280-300 теңге. Мұндай статистиканы шексіз көлемде келтіре беруге болады. Өңірлерде баға өсімін ешкім іс жүзінде бақыламайды. Көптеген аз қамтамасыз етілген отбасылар пайдаланатын нан мен сүттің көлемін азайтуға мәжбүр. Жағдай алаңдатарлық. Халықты әлеуметтік жағынан қамтамасыз ету – нәзік әрі сезімтал сала» (орысшадан аударылды).

Расында, қазір азық-түлік бағасының өсімі елді алаңдатып отыр. Мынау бензин мен көмір бағасының қымбатауы соңынан барлық қызметтердің бағасына өзінің ықпалын тигізетіні сөзсіз.

Жағдай осы дүйсенбіде Үкіметтің отырысында қаралды. Үкімет басшысының орынбасары – Ауыл шаруашылығы министрі Асқар Мырзахметов картоптың бағасы өскенін мәлімдеп, себептерді атап берді.

- Ең алдымен біз өнімді жаңа ғана жинап алдық. Жедел мәліметтер бойынша, шамамен 3,5 млн. тонна картоп алынды. Бұл орта есеппен былтырғы түсімге тең, тіпті 150 мың тоннаға артықтау, - деді министр (Павлодар өңірінде түсімнің көлемі - 500 мың тоннаның ар жақ-бер жағы).

Белгілі болғандай, картоптың Өзбекстанға жөнелтілуі - өзімізде бағаның өсуіне әсер етіп отырған бір фактор. Өзбектерге қыркүйек айында 800 мың тонна өнім экспортталған. Осының әсерінен баға көтерілді. Қазір экспортқа жөнелту тоқтады, көтерме түрде сатып алушылар бағаны арзандата бастады. Мәселен, сәтті сауда кезінде картоп бағасының килограмы 95 теңгені құраса, қазір 75-80 теңге көлемінде көрінеді. Бірақ бәрібір бөлшек саудада өнім бағасы қымбат, деп мойындады министр.

Сондай-ақ, Асқар Мырзахметов алыпсатарлардың қитұрқылығы да баға мәселесіне кері әсерін тигізіп тұруы ықтимал екенін айтты.

- Біздің ойымызша, қазіргі кезде картоп бағасының қымбат болуы – таза спекуляциялық әрекеттердің арқасы. Шара қолданамыз. Заңнама бойынша шектік бағаларды белгілеу механизмдері анықталған. Яғни ол үшін жергілікті атқарушы органдар Ұлттық экономика министрлігіне шыға алады. Содан кейін келісім бойныша шектік бағалар белгіленеді, – деп мәлімдеді Үкімет басшысының орынбасары.

Министрдің бұл мәлімдемесі тұтынушылардың көңілінен шықты ма, ол жағын айту қиын. Тағы да бар үміт - Табиғи монополияларды реттеу комитетінде, бірақ бензин бағасы секілді бұл мәселе де қаншалықты жедел реттелерін кім білсін.

Азық-түлік бағасы мәселесінің Үкіметте қаралуы бірінші рет емес. Мәселен, осы жылғы 11 шілдеде өткен жиында Үкімет басшысы Бақытжан Сағынтаев меморандумдардың пайдасыз екендігін айтқан болатын. «Бәрібір баға өсіп жатса, меморандумдар не үшін жасалады? Сондықтан, құрметті әкімдер, осы мәселені бақылаушы әкім орынбасарларының жауапкершілігін қараңыздар» деп сөзін түйіндеген. Осы жолы да Үкіметте баға саясатының көптеген шикі тұстары қайта қозғалды.

Айтпақшы, мемлекет қолдау ретінде тауар өндірушілерді субсидиялау саясатын да жүргізіп келеді. Алайда меморандум секілді, жауапты көкелер оның да тұтынушыларға пайдасын жіліктеп берсе дейсің. Әйтпесе, жуырда Павлодар сүт зауыты («ФудМастер») өзімізде өндірілетін «Президент» сыр-ірімшік өнімдерін тек Ресейге экспорттайтынын мәлімдеді. Яғни, өз тұтынушымызға сатпайды. Павлодарлықтар алыстан жеткізілетін француз өнімін сатып алады. Қымбатқа. Француз ірімшігі санкция бойынша Ресейге өткізілмейді, сондықтан бізден алады. Осы жерде мемлекет субсидияны бағаны арзандатуға бағыттап отырған жоқ па, бақылау қайда деген қарапайым сауал санада орнайды. Бірақ өндіруші де, бақылаушы орган да оған түсініктеме берер емес.

Айта кетелік, Павлодар облысында осыған дейін тұрақтандыру қоры жұмыс істеп, онда қант, күнбағыс, картоп, күнбағыс майы, күріш, т.б. өнімдер сақталып, өткізіліп, біраз уақыт баға мәселесін реттеу жүйесі ретінде пайдаланылды. Өкінішке қарай, соңғы жылдары бұл тәжірибе қажетсіз болып есептелді. Ендігі жерде, әлеуметтік маңызға ие тауарлардың бағасы реттеудің тетіктерін табу қиындап кеткен сыңайлы. Бірақ биліктегілер біз келтірген әлеуметтік желідегі жазбаның түйінін ескеруге тиіс: «Халықты әлеуметтік жағынан қамтамасыз ету – нәзік әрі сезімтал сала».

Түйіндей келгенде, баға мәселесі қай салада болсын өзекті құбылыс болып тұр. Аталған тауарлар шетелден әкелініп жатса, бағасына қайтсе де көнер едік. Бірақ аяғымыздың астынан шығып, жанымыздан өндіріліп жатқан өнімдер неге қымбатқа саудалануда? Кінә кімнен? Халықты ойлаған Үкімет осы кінәратты тауып, кінәлілерді тезге салып, түйткілдің шешу тетігін төтесінен табар деген үміттеміз.

 

Нұрбол ЖАЙЫҚБАЕВ

saryarka-samaly.kz