3 баланың әкесі өзінің өткен өмірін еске алуды аса қаламайды. Десе де, жолындағы бар қиындықты жеңіп, отбасын асыру үшін туа бітті қабілетіне иек артқан. Евгенийдің шебер қолынан шыққан аяқ киімдер бүгінде шарбақтылықтардың сұранысына ие.

- Небары 8 сыныптық білімім бар. Кезінде білім алуға мүмкіндік болмады. Ағаттықпен өкінішті жағдайларға жол беріп, істі болдым. Десе де, тәртібіме байланысты түзеу мекемесінен мерзімінен бұрын босап шығып, қыркүйек айынан бастап әлеуметтік көмек ала бастадым. Осындағы мамандардың нұсқауы бойынша «Өрлеу» бағдарламасы негізінде 164 мың теңге алдым. Осы мүмкіндікті құр жібермей, өзімнің көптен армандап жүрген етік шеберханасын ашқым келді. Бұған дейін үйде ерлерге, әйелдерге жылдың әр мезгіліне арналған аяқ киімдер тігіп келдім. Енді міне, сол ісімді кеңейтіп жатырмын. Қазірдің өзінде бұрынғы тұтынушыларым хабарласып, тапсырыстар беруде. Бүгінгі таңда шеберханам болса, болашақта оны үлкен етік цехына айналдырсам деген арманым бар, - дейді Е.Кривошеев.

Аядай үйінің 1 бөлмесінде тапсырыс берушілердің қалауын жасап, бала-шағасын асырап отырған етікші үй ауласынан 1 бөлмелі шағын шеберхана салып жатыр. Жақын күндері жұмысымды сол жерде дөңгелетемін деген Евгений жастарды жат әдеттен аулақ болуға шақыра отырып, еңбек еткен адамның алды жарық болатынын тілге тиек етті.

- Адал еңбекпен жеген нанның дәмі тәтті боларына талай мәрте көзім жетті. Кезінде осы өнерді үйреніп алғаныма қазір қатты қуанамын. Аяқ киіміміздің өкшесі сынып, табаны түсіп қалған жағдайда жарамсыз деп қоқысқа лақтырып жатамыз. Бұл қате! Оны зауыттан шыққандай етіп қайта қалпына келтіруге болады. Сонымен қатар, маған ең көп тапсырыс беретін адамдар – аяқ өлшемдері стандартқа сай емес, яғни өз жасынан тым кішкентай немесе өте үлкен өлшемді киетін адамдар. Темір тордың ар жағында отырғанда 46-47 өлшемді аяқ киімдерді тігіп жүрдім. Қазір де сол сұраныс өз өзектілігін жойған жоқ. Маған кез келген жастағы адам өзінің қалауындағы аяқ киімінің формасын айтса болды, өзімнің ескі машинаммен бар болғаны 2-3 күнде таза былғарыдан тігіп беремін. Менің тігін машинамның шыққан жылын айтсам сенбессіздер, ол 1911 жылы шыққан. Қазіргі техникалардың кез келгенін «жолда» қалдыра алады. Көп сайманды да қажет етпейді, бұзыла қалса өзім жөндеп аламын. Оны өзгесіне ауыстырмаймын да, - дейді ол.

Тұралап қалған шағын кәсібін қайта қолға алған шебер бұған дейін әр өнімін
20 мың теңге көлемінде сатып келсе, қазіргі жаңа тауарының құнын әлі есептеп үлгермепті. Десе де, қарапайым халықтың қалтасына ауыр тимейтін әрі өзінің де еңбегін ақтай алатын сомада болатынын атап өтті.

«Өрлеу» пилоттық жобасы халықтың әлеуметтік қорғалмаған тобына көмек көрсету үшін Дүниежүзілік банктің қолдауымен 2015 жылдың 1 шілдесінен бастап барлық өңірлерде іске аса бастаған болатын. Мұндағы мақсат кедейлік шегінен төмен табысы бар отбасылардың нақты табысын арттыру, олардың өзін-өзі қамтуына ықпал ететін әлеуметтік көмек болып табылады.

Айта кетелік, пилоттық жобаны 2017 жылы жүзеге асыру мақсатында республикалық бюджеттен 7,1 млрд. теңге бөлінген. Ал ауданда ағымдағы жылы аталмыш жоба аясында 110 адам қаржылай көмек алған.

Қарлығаш ХАШЫМҚЫЗЫ

saryarka-samaly.kz