Осыдан бір жыл бұрын, нақтырақ айтсақ, 2016 жылдың мамыр айында Eurasian Resources Group (ERG) директорлар кеңесінің төрағасы Александр Машкевич холдингтің үш ірі жобасын таныстырған болатын. Олар – Соколов-Сарыбай кен байыту комбинатында ыстық брикеттелген темір шығаратын зауыт құрылысы, Қазақстан электролиз зауытының екінші кезеңі және Ақсу жылу-электр орталығындағы екі энергоблокты жаңғыртудан өткізу жобалары.

Жыл бұрын А.Машкевичтің өзі атап өткендей, бұл жобаларды жүзеге асыруға
3-4 млрд. доллар қажет-тін. Сондай-ақ директорлар кеңесінің төрағасы жобаларды жүзеге асыру мерзімін нақты айтпаған-ды. Десе де, холдинг аталған үш жобаның техникалық және қаржылық негіздемелерін әзірлеп жатқанын мәлімдеген болатын.

– Барлығы экономикалық жағдайға байланысты... Біз барлық техникалық және қаржылық жағын дайындаймыз. Нарықтағы экономикалық жағдай қалай мүмкіндік береді, сол бойда-ақ қаржы іздеуге кірісеміз, – деген болатын Александр Машкевич.

Байқағандарыңыздай, жоба қолға алынды. Демек, ERG-дің шаруасы діттеген бағытта өрбіп келеді. «Қазақстан электролиз зауыты» АҚ-ның өкілдері «Атамекен» бизнес порталына хабарлағандай, келер жылы құрылыстың жобасы мен кестесін құру және басқа да қажетті құжаттарды әзірлеу жоспары тұр.

Айтпақшы, жақын уақытта еліміздің алюминий нарығында жаңа ойыншы пайда болады. Ол – «Giessenhause» ЖШС-ның қоспалы алюминий өндіретін зауыты. Зауыттың жобалық қуаттылығы жылына шамамен 52 мың тоннаны құрайды. Оны алдағы айлардың бірінде іске қосу жоспарлануда. Жаңа өндіріске қажетті негізгі шикізат ретінде Қазақстан электролиз зауытынан жеткізілетін сұйық алюминий қолданылмақ.

– Қазақстан электролиз зауытын кеңейту жобасын әзірлеу туралы шешім «Павлодар» арнайы экономикалық аймағы аумағында қоспалы алюминий кәсіпорнын құрудан біраз уақыт бұрын қабылданған болатын. Өндіріс көлемін ұлғайту жоспары – бірінші кезекте қазақстандық алюминийдің өткізу нарығын кеңейту, алюминий өндірісінің циклын жаңаша құру. Бұл алюминий құймасын түрлі қалыпта (қаңылтақ, илемдік, бағана, Т-бейнелі құйма) өндіруге мүмкіндік береді, – деп хабарлады кәсіпорынның баспасөз қызметі.

Яғни басымдық берілген бағыттардың бірі – қолданыстағы кәсіпорынның өндірістік қуаттылығын одан әрі арттыру.

– Қазақстан электролиз зауыты – 2 құрылысы кәсіпорынның жаңа деңгейге – қосымша құны бар өзіндік металл өндірісіне көшуіне мүмкіндік береді. Мұны зауыт аумағындағы құрылым ретінде қарастырса да болады. Әрине, зауыттың
10 жылдағы тәжірибесі ескеріледі. Бәлкім, бұл біртұтас жабдық болуы да ықтимал, – дейді «Қазақстан электролиз зауыты» АҚ баспасөз қызметінің өкілдері.

Бүгінде жаңа жоба әзірлену үстінде. Оған қатысты оңтайлы шешімдер қарастырылуда. Аталмыш салаға маманданған бірнеше компаниядан техникалық-коммерциялық ұсыныстар келіп түскен. ERG мамандары оларды әбден мұқият зерделеген соң, нақты шешім қабылданып, кімге сенім артуға болатыны анықталмақ. Жаңа өндірістің қуаттылығы ретінде 135-270 мың тонна аралығындағы нұсқалар қарастырылуда. Сонымен қатар кәсіпорын өз территориясында өндірілетін күйдірілген анодқа деген қажеттілігін толықтай өтеуде. Анодты жылдық тұтыну көлемі 136 мың тоннаны құрайды. Баспасөз қызметінің мәліметінше, Қазақстан электролиз зауыты – 2 іске қосылған соң кәсіпорын анодқа деген жалпы қажеттілікті өтеу үшін өндіріс көлемін арттырады.

Бүгінде «Қазақстан алюминийі» АҚ жылына 1,5 млн. тоннадан астам өнім өндіреді. 250 мың тонна алюминийді өндіру үшін жылына шамамен 500 мың тонна глинозем қажет. Бұл ретте, біздің тарап глиноземді ресейлік «РУСАЛ» алюминий компаниясына экспорттауда. «Қазақстан алюминийі» АҚ-ның өкілдері хабарлағандай, Қазақстан электролиз зауытына шикізатты жөнелту көлемінің артуымен ресейлік компанияға жеткізілетін глинозем көлемі азаймақ.

Қазір боксит өндіру және тиеу бойынша негізгі кен орны Қызыл октябрь кен орны (Қызыл октябрь кен басқармасы) болып табылады.

«Бүгінгі таңда Торғай боксит кен басқармасындағы Амангелді кен орнының тобы кестеге сай жұмыс істеуде. Қызыл октябрь кен басқармасында Аят, Шығыс Аят, Белинск, Қызыл октябрь кен орындары, сондай-ақ, Торғай боксит кен басқармасын-дағы Солтүстік және Жоғары Ашут кен орындары игерілуде. Тауынсор боксит кен орнын игеру үшін үкіметпен одан әрі келісімшарт жасау және жоба құру бойынша жұмыстар жүргізілуде. Кен орнындағы барлау жұмыстары компанияның өз қаржысына жүзеге асырылды. «Қазақстан алюминийі» АҚ шикізат базасын кеңейту мақсатында басқа да боксит кен орындарын барлаумен айналысуда», – деп мәлімдеді компания өкілдері.

Естеріңізге сала кетейік, Қазақстан электролиз зауыты осыдан тура 10 жыл бұрын іске қосылған болатын. Жаңа өндірістің бастамашысы – ел Президенті Нұрсұлтан Назарбаев.


Фархат ӘМІРЕНОВ, Астана қаласы, арнайы «Сарыарқа самалы» үшін.

saryarka-samaly.kz