Қазақ тілі әліпбиінің кириллицадан латын графикасына көшірілуін қамтамасыз ету мақсатында ҚАУЛЫ ЕТЕМІН:

1. Қоса беріліп отырған латын графикасына негізделген қазақ тілі әліпбиі бекітілсін.
2. Қазақстан Республикасының Үкіметі:
Қазақ тілі әліпбиін латын графикасына көшіру жөніндегі ұлттық комиссия құрсын;
қазақ тілі әліпбиінің 2025 жылға дейін латын графикасына кезең-кезеңімен көшуін қамтамасыз етсін;
осы Жарлықты іске асыру жөнінде өзге де, соның ішінде ұйымдастырушылық және заңнамалық сипаттағы, шаралар қабылдасын.
3. Осы Жарлықтың орындалуын бақылау Қазақстан Республикасы Президентінің Әкімшілігіне жүктелсін.
4. Осы Жарлық қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

Қазақстан Республикасының Президенті Н.Назарбаев

Астана, Ақорда, 2017 жылғы 26 қазан №569

Қазақстан Республикасы Президентінің
2017 жылғы 26 қазандағы №569 Жарлығымен бекітілген

 

Латын графикасына негізделген қазақ тілі

ӘЛІПБИІ

 

Көкжиегімізді кеңейтетін тарихи шешім

Елбасының қазақ тілі әліпбиін кириллицадан латын графикасына көшіру туралы Жарлыққа қол қойғаны қоғам арасында қызу қолдау табуда. Қазақстандықтар әліпбидің 2025 жылға дейін кезең-кезеңімен латынға көшуі ең тиімді шешім деп бағалап үлгерді.

Тек ғалымдар ғана емес, елдің болашағы үшін алаңдап отырған қарапайым халықпен санасып, саралап, дүниеге келіп отырған өзгеріс бұл.

Сонымен, кеше ресми түрде мақұлданған әліппеге көз жүгіртсек. Жаңа әліпбиде 32 таңба бар. Оның тоғызы апострофпен (дәйекшемен) белгіленген. Атап айтсақ, олар: Ә, Ғ, Й, Ң, Ө, Ш, Ч, Ү және У әріптері. Бұған дейін қазақ тіліне тән дыбыс-тардың қосарланып белгіленуі көпшіліктің көңіліне ұнамсыз болып шыққан соң, жұмыс тобы әріптерді дәйек-шемен белгілеуді жөн санаған. Екінші нұсқа Елбасына да ұнады. Кезінде Ахмет Байтұрсынов: «Қазақ тілінде дауысты а, о, ұ дыбыстарының жіңішке сыңарларын шығару үшін оларға арнайы дәйекше қоямыз» деген. Бұл нұсқадағы дәйекше таңбасы ұлт ұстазының осы сөзін негізге ала отырып дайындалды. Әріп дегеніміз – тіл, тіл дегеніміз – ұлттың жаны. Сондықтан ел болашағы үшін маңызды шешім қабылданғанын естен шығармауымыз керек. Бұл ретте қаріп таңдалғаннан кейін емле мен жазу ережелерін жасайтын филологтар мен ғалымдардың алдында қыруар жұмыс тұрғанын айтып өткен абзал.

Ендігісін Мемлекет басшысының «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» атты мақаласында атап көрсетілгендей, латын әліпбиіне көшудің кезеңдері жүзеге асырылады. Мақалада 2017 жылдың аяғына дейін нақты бір әліпби нұсқасы бекітіліп, 2018 жылы қабылданған әліпби негізінде арнайы мамандар дайындалып, оқулықтар латын графикасына аударылатыны айтылған. Ал 2025 жылға дейін мемлекеттік ісқағаздар, мерзімді баспасөздер тұтастай латын графикасына көшірілу керектігі тайға таңба басқандай көрсетілген.

Қысқасы, латын әліпбиі – ұлт болашағының жаңа қадамы екеніне шүбә жоқ. Әлемдегі елдердің 80%-ы латын қарпін қолданады. Ғылым мен саясаттың тілі де осында. Түркі тілдес елдердің де көбі латын әліпбиіне көшті. Ендігі кезек – қазақта!


Серік НЕГИМОВ, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, филология ғылымдарының докторы, профессор:

- Латын графикасына көшу арқылы тәуелсіздікті баянды етуге, өркениетті елдердің қатарына қосылуға құлықтылық рухани жаңғыруға қоғамның дайын екенін көрсетіп берді.

Тәуелсіздіктің ширек ғасырында жазуды ауыстыру қажеттілігі әбден пісіп-жетілді. Оны көп созуға болмайтынын уақыттың өзі дәлелдеп отыр. Бұл орайда Елбасы Н.Назарбаевтың еңбегін ерекше атап өту қажет. Ол латын әліпбиіне көшу идеясын өзі бастап «Қазақстан-2050» Стратегиясында айтқан болатын. Араға бес жыл салып соны орындауға бел шеше кірісіп отыр. Қазақ жазуын латын әліпбиіне көшіруді Елбасының тарихи шешімі деп бағалаймын. Бұл тарихи шешім арқылы ғылым мен ақпарат, мәдениет салаларында үлкен жетістіктер орын алатынына сенімім мол. Халқымыздың алғырлығы, ғылым-білімге құштарлығы латын әліпбиін тезірек игеруге де септігін тигізеді деп ойлаймын.


Бекен САҒЫНДЫҚҰЛЫ, филология ғылымдарының докторы, профессор:

- Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың латын әліпбиін қабылдау туралы Жарлық шығарып, Үкіметке өзгерісті жүзеге асыруға тапсырма бергенін жаңалықтардан біліп жатырмыз. Егер, жоғарыдағылар соңғы ұсынған нұсқаны қабылдау керек деп шешкен болса, онда келісуіміз керек. Бұл нұсқаға талай пікір айтылды, қоғамның талқысына салынды, әбден сүзгіден өтті. Айтылған ұсыныстар мен ескертулердің барлығы ескерілді деп сенеміз. Осы жобаны енгізу кезінде кез келген азаматта өз пікірін айту, ұсынысын енгізу құқығы болды. Мен де оған өз ұсынысымды айттым. Яғни, біздің қоғам үшін осы ыңғайлы деген сөз. Енді біз үшін «ана әріп қалсын, мына әріп алынсын» деп даурығатын уақыт өтті. Келесі мәселе, жаңа әліпбиді келешек ұрпақ санасына қалай оңай сіңіреміз? Баланың психологиясына кері әсерін тигізіп алмай, жеңіл үйретудің жолы қандай? Міне, осы сауалдардың оңтайлы жолын қарастыру керек. Сонымен қатар, жаңа әліпби арқылы қазақ сөзінің жазылу және оқылу жолын бір ретке келтіру керек.


Бақытжамал МАКСИЛОВА, «Нұр-Ана әлемі» қоғамдық бірлестігінің төрайымы:

- Бұл Қазақ елі үшін маңызы зор қадамдардың бірі болды. Себебі қолданысқа латын әліпбиін енгізу әуелі жастарымызға қажет. Дамыған елдердің көшіне қосыламыз десек, кейінгі буынды қазірден бастап білім-ғылым жағынан сауатты етіп өсіруіміз керек. Бәрімізге белгілі, бүгінгі таңда әлем елдерінің көбі латын әліпбиін қолданады. Бұдан үркудің қажеті жоқ. Себебі латын әліпбиі қазақ үшін жат емес. Өткен ғасырдың 1929-40 жылдардың арасында қазақтар латын әліпбиімен жазған болатын. Менің әкем осы латын қаріптерімен оқыған адам. Кейіннен бүгінгі кирилл әріптерін қанша қиын болса да үйреніп алды. Қазір ол кездегідей емес, оңай. Себебі баспа машинкаларын өзгертеміз демейміз. Компьютер бар, пернетақта бар.

Енді жастарымыз латын әліпбиіне көше отырып, өркениетті елдердің қатарына қосылып, тіліміздегі дыбыстық жүйелерді анықтап, қазақ тіліндегі артық кірме сөздерден арылады деп сенемін.


Мақажан ЖЫЛҚЫБАЕВ, Қаз КСР халықтық білім берудің еңбек сіңірген қызметкері, ардагер ұстаз:

- Біз көпұлтты мемлекетпіз. Өзге ұлт өкілдерін сыйлай отыра, үш тұғырлы тіл саясатын қолдаймыз. Қанша тіл білсе де қазақстандықтар үшін бірінші орында мемлекеттік тіл тұруы тиіс. Ал қазақ алфавитін латын графикасына көшіру – Рухани жаңғырудың іс жүзіндегі дәлелі бола алар еді.

Латын әліпбиі тіл тазалығын сақтауға, әлемнің әр түкпіріндегі қандастармен жақындастыруға, тамырлас түркі бауырлармен қарым-қатынасты арттыруға, ағылшын тілін үйренуге өз септігін тигізетіні анық. Бірақ мұны жүзеге асыру үшін бірқатар қиыншылықтар туындайтыны да белгілі. Бұл біздің рухани жаңғыруымызға әкелетін жол болса, ол қиындықтардан қашпауымыз керек. Керісінше ел болып Елбасын қолдап, алға қарай бірге қадам басқанымыз жөн.

Мен өмірімнің жарты ғасырын ұстаздық қызметке арнадым. Қазақ тілі түркі тектес ағайындарымыздай латын графикасына көшсе тамаша болар еді деген ой бұрыннан бері көңіл түкпірінде жүретін. Бұл менің ғана емес, кирилл жазуына дейін латын алфавитінің шетін көрген барлық замандастарымның ойы деп білемін. Аға буынның өкілі ретінде жастарымыз өзгерісті оң көзқараспен қабылдап, жақсы нәтиже шығарады деп ойлаймын.

saryarka-samaly.kz