Жарлықта латын графикасына негізделген қазақ тілі әліпбиін бекіту, әліпбиді латын графикасына көшіру жөніндегі ұлттық комиссия құру, 2025 жылға дейін латын графикасына кезең-кезеңімен көшуді қамтамасыз ету жөнінде айтылған.

Жарлықты іске асыруға байланысты шаралар, соның ішінде ұйымдастырушылық және заңнамалық сипаттағы шаралар ҚР Үкіметіне жүктелді. Ал Жарлықтың орындалуын бақылауды Президент Әкімшілігі мойнына алды.

Атап өтелік, бейсенбі күні Елбасы Президент Әкімшілігінің басшысы Әділбек Жақсыбеков пен оның бірінші орынбасары Марат Тәжинді қабылдап, жаңа әліпби бойынша тиісті тапсырмалар берген болатын.

- Латын әліпбиінің жобасын ресми түрде жариялайтын кез келді. Енді ары қарай не істейтінімізді ойластыруымыз керек. Ғалымдар өз жұмысын істеді. Тарихшылар өз міндеттерін деріне жеткізіп, тіл мамандары да өз жұмысын атқарды. Қоғам ішінде жан-жақты талқыладық. Білетін адамдардың барлығы жұмыс істеді. Арнайы құрылған комиссия өз жұмысын аяқтады. Менімен кездесуде әліпбидің соңғы нұсқасын жариялағанын білесіздер. Менің тұжырымдауымша, барлығының ішінде консенсус бар. Ғалымдардың, тіл мамандарының, саясаткерлердің, жастар мен Ассамблеяның, көптің бұған байланысты ой-пікірін білдік. Жалпы қоғамда, ел ішінде қолдау бар. Енді одан әрі жұмыс істейтін, әліпбиді енгізетін комиссияға жол ашуымыз қажет, - деген еді Президент Нұрсұлтан Назарбаев.

Атап өтелік, жұмыс комиссиясы таныстырған соңғы әліпби нұсқасында 32 әріп бар.

saryarka-samaly.kz