«Көкжалдар» деп аталатын кинокартина Алматы мен Астанадан кейін павлодарлық зиялы қауымның назарына ұсынылды. Қ.Әбусейітов атындағы мәдени-сауық орталығында көрсетілген фильмде көкжалдың да иесі мен киесі бар екенін ұмытқан бір аңшының құртқасымен бірге-ұйығып, алаңсыз жүрген арланды атып алуынан басталады. Тірі қалған көкшулан ұли-ұли адамзаттың баласына қарғыс айтып, тауға қарай безеді. Сертіне берік қасқырдың ұрғашысы сыңарынан айырылғанда сөзсіз кек алуды ойлайды. Киноның шарықтау шегі де осы сәттен басталады.

Ерлі-зайыптылардың үш айлық нәрестесін қасқыр ұрлап әкетеді. Небары үш айында көкжалдың емшегін еміп, бауырына түскен сәби Мұратжан шуылдаған бөлтіріктерімен бірге құртқаны таласа емеді. Бөрілердің арасына тап болған Мұратжан тірі қала ма? Құндақтағы сәбиінен айрылған ата-ананың күйі қалай болды? Білгіңіз келсе «Көкжалдарды» жіберіп алмаңыз!

Жаңа туынды Оңтүстік Қазақстандағы Түлкібас ауданының ең көрікті жері
Ақсу-Жабағылы қорығында түсірілген. Режиссер қазақтың кешегісі мен бүгінін байланыстыра отырып, фильм кейіпкерлері арқылы қазақтың көкжалды кие тұтатынын көрсеткен.

- Түркі тектес халықтар, әсіресе қазақтар көк бөрінің ұрпағымыз делінеді. Көкжал дегеніміз - аңдардың ішіндегі ақылды, намысшыл әрі айлакері. Осы фильмде қасқырдың қатыгездігін де бауырмалдылығын да көруге болады. Туындыны дайындауға 1 жылдан астам уақытымыз кетті, - дейді режиссер Еркін Рақышев.

Айта кетейік, кинокартинадағы басты кейіпкер Мұратжанның рөлін жас актер Жандос Исаев сомдаған. Аталмыш туынды жақын күндері кинотеатрларда көрсетілетін болады.

Қарлығаш ХАШЫМҚЫЗЫ

saryarka-samaly.kz