- Қанат аға, сіз бұған дейін де қазақ журналистикасы саласында өзіндік орны бар азаматтардың қатарынан табылдыңыз. Сөйте тұра, «Болашақ» халықаралық бағдарламасына қатысып, бақ сынауды жөн санаған екенсіз. Бұл бәсекеге қабілетті болудан туындаған шешім бе? Әлде басқа себептері бар ма?

- Ағылшын тілінде «challenge» дейтін сөз бар. Оның түрлі мағынасы белгілі. Дегенмен, адамға қатысты айтар болсақ, мүмкіндігіңнің өресін байқап көрер өмірлік сын дегенге келіңкірейді. Қазақша баламасында кейде бұл сөзді сын-қатер деп те тәржімалап жүр. 30 жасқа толғанда осылайша мүмкіндігімді сынағым кеп, өзіме келесі бір «challenge» жасағым келді. Меніңше, мамандығыңның шыңына шыққың келсе, сол кәсіптің түп төркіні болған елде тұрып көру керек. Журналистиканың кәсіби канондарын түзген ежелгі Британия жеріне мені жетелеген де осы мақсат еді. Адам қанша елді араласа, соншалықты танымдық саяхат жасайды. Зерде толықтырып, жаңа білім қосады. Ендеше орда бұзар шағымда батыс жақты бетке алып, танымдық сапар жасауымды жайлылық аймағынан (comfort zone) шығып, ізденіс мұхитына сүңгігім келген ынтызарлығыммен түсіндіруге болады деп білем.

- Бірнеше жыл шетелде білім алдыңыз. Кәсіби біліктіліктен өзге нені үйрендіңіз? Қандай ой түйдіңіз?

- Жоғарыда танымдық саяхат болды деп айттым ғой. Британияда болған екі жылда социологияда көп айтылатын нағыз «мәдени шокты» (culture shock) бастан өткердім. Шетелде өмір сүріп көру бұл өз еліңді өзге елмен салыстыра сараптап, ой түюдің тамаша мүмкіндігі ғой. Қандай ой түйдім? Қазақтар - далалық ұлт болса, ағылшындар – аралдық ұлт. Оларда индивидуалдық сезім басымырақ. Аралда қалып қойған Робинзон Крузоның синдромы бар бойларында. «Менің өмірлік кеңістігіме тиіспе» деп ғұмыр кешеді. Бізді далалық ұлт ретінде олардан айырмалап тұратын да осы қасиет. Кеңбіз, араласқымыз келіп тұрады.

- Осы орайда ағылшын халқынан нені үйренуімізге болады?

- Осы жайлы ойымды кітабымда мысалдар келтіріп жаздым. Артықшылықтары бар. Мәселен, көшеде көліктер бір-бірін бейберекет басып озып, жол ережесін бұзу дерегі кездеспейді. Бірде велосипедпен көлік трассасында кетіп бара жатып, еш көліктің дабыл қаға «маған жол бер» деп шағымданбағанына таңдандым. Ту сыртыма бұрылып қарасам, көліктің барлығы арақашықтық сақтап, әдеп сақтап, сабырлық танытып, тізіліп келе жатты. Менен озып кетпеді де, жолға да таласпайды. Бұл жақта адамның жеке өмірлік кеңістігін сақтау қағидатымен өмір сүреді. Өзге бір адамның мазасын жиі алғандарды көрмейсің. Ағылшын қоғамына тән заңдылықтарға көне бермейтіндер де бар екен. Көбіне басқа елден келгендер олар. Осындай ерекшеліктерді еліңде жүргенде байқай бермеуің мүмкін. Сыртта ол бірден көзге түседі.

- Сіз Қазақстан журналистері арасынан тұңғыш рет «Болашақ» халықаралық бағдарламасының иегері атандыңыз. Алғашқы болып төл туындыңызды жарыққа шығардыңыз. Бұл істі қолға алуыңызға не түрткі болды?

- Шетелде оқып жүргенімде: «Неге осы Ұлыбританияда оқығанымды, ол жақтағы азды-көпті жинаған тәжірибемді, көрген-білгенімді қағазға түсірмеске, кітап қып шығармасқа?» деген ой келді. Содан бір күні орыстың Всеволод Овчинников есімді журналист-публицисінің «Корни дуба: впечатления и размышления об Англии» кітабы қолға түсті. Ол Кеңес Одағы тұсында жазылған. Тиісінше, Британия туралы Кеңес Одағы азаматы көзқарасымен беріліпті. Осы кітаптың әсерінде жүргенде Ұлыбританияны қазақ баласының көзқарасында жазып шығу туралы ойланып, сол мақсатымды жүзеге асыруға бекіндім. Кітапта «Болашақ» бағдарламасымен Ұлыбританияда оқыған жылдары ағылшын қоғамының әр саласынан білген-түйгенімді публицистика тілімен, журналистік көзқараспен әсерлі жеткізуге тырыс- тым. Нақты айтқанда, британ аралдары тұрғындарының тұрмыс салты, өмірлік құндылықтары, ағылшын тілінің жаһандану жағдайындағы маңызы, білім беру мен жастар мәселесі, БАҚ саласы – барлығы да дамыған мемлекеттердің отыздығына бағытталған Қазақстан жағдайымен салыстырыла жазылды. Негізгі мақсатым – ел жастарын британ қоғамының жақсысынан үйреніп, жаманынан жиренуге үндеу.

- Қазақ журналистикасы мен шетелдің медиа саласын салыс-тырып өтсеңіз...

- Британ баспасөзін алар болсақ, ең басты ерекшелігі - тіл байлығы, мақаланың көркемдік деңгейіне, композициясына аса мән бермейтіні байқалады. Тек құрғақ ақпарат, қысқа да нұсқа беріледі, автордың субьективті пікірі өте сирек. Оның себебі түсінікті. Қазір не көп, ақпарат көп. Газет пен теледидар, радио, интернеттен ағылған ақпарат ағысында батып кету оңай. Ал ақпараттың көптігі аудиторияның талғампаздығын қалыптастырады.Қарапайым мысал айтсақ. Базарда тауар көп болса, тұтынушы әуелгіде не аларын білмей дағдарып қалса, соңыра талғап-таразылап, қысқасы, «жеті рет өлшеп, бір рет кесетін» қасиеті пайда болады. Заманауи аудитория да сондай, өте талғампаз. Сондықтан оған ақыл үйретіп отыратын дидактикалық материалдардың қажеті жоқ. Бәрін оқып-біліп отыратын аудиторияға тек құрғақ ақпарат қана керегі. Қалған түйетін ойын өзі-ақ түйіп, қорытындысын жасап алады. Британ баспасөзінің басты ерекшелігі сонда дер едім. Өзімнің әріптестеріме тас атқандай болмайын, бірақ кейде өзіміздің мақаланы оқып отырсаң, құнды мақала емес, автордың тіл байлығын көрсеткісі келгендей өнімдер аз емес. Көбінде олар «біздің қазақта мұндай болмаған», «найзаның ұшымен, білектің күшімен жауды қорғап қалған жауынгер халықтың ұрпағымыз», «кезінде былай еді, қазір неге бұлай болып кетті», «атам қазақ былай деген» деген сарындағы бөспелі, құр пафосты, өткенді аңсау, арзанқол ностальгияға толы, бабаларға келсін-келмесін сілтеме жасау бағытындағы мақалалар жалықтырып жібереді. Сосын қазақ баспасөзінде көбіне журналистік өнімдерден гөрі, әдеби шығармалар басым. Газеттерімізде ақындар өлеңдері, жазушы әңгімелері өріп жүреді. Бірақ қоғамдық-саяси деп аты аталғасын затына сай болуы керегі даусыз ғой. Ал проза мен поэзия арнайы салалық басылымдарда жариялануы тиіс.

- Телевизияны айтар болсақ ше?

- Британ телевизиясы әлемдік телевизияның қайнары ғой. Телеиндустриядағы соңғы трэндтер осы ағылшындарда және Америкада пайда болатыны белгілі. Телевизияны айтар болсам, пәлендей айырмашылық жоқ. Мұнда да арзанқол, мәнсіз, ойсыз шоу-бағдарламалар жетіп артылады. Ғаламданудың әсері ғой. Алайда ойлы, танымдық хабарлар да аз емес. Британияда атақты BBC қоғамдық телеарнасы жұмыс істейді. Яки, оны мемлекет емес, ел тұрғындары ай сайын көру ақысын төлеп, пайдаланады. Сондықтан қоғамдық мекеме барынша көрермен талғамынан шығатын хабар жасауға мүдделі деп айтар ем. Қазір бізге керегі даңғаза ТВ шоулар емес, сананы дамытатын танымдық бағдарламалар. Британ телевизиясында сондай бағдарламалар да көп. Тұтастай алғанда, қазір теледидарды тек маман болған соң, салыстыру үшін ғана көремін. Онда да интернеттен. Теледидардың негізгі көрермені зейнеткерлер мен үй шаруасындағы әйелдер ғой. Ал интернеттің қалыптасқан тұрақты тұтынушысы мектеп оқушылары мен студенттер. Телевизияның дамуына нағыз бағаны сол зейнеткер мен үй шаруасындағылар бере алады деп ойлаймын. Өз басым «кітап оқитындар теледидар қарайтындарды билейді» деген ұстанымдамын. Ешкімді билеп-төстейін деген ойым жоқ. Бірақ көшіп-қонып жүрген өз үйімде соңғы үш жылда теледидар деген атымен жоқ. Телевизия маманының бұлай деуі ерсі естілуі де мүмкін. Дей тұрғанмен, шыным осы.

- «Болашақ» бағдарламасымен не байдың баласы, не елге танымал адамдар ғана білім ала алады деген түсінік қалыптасқан. Бұл қаншалықты шындыққа жанасады?

- «Болашақпен» тек құрығы ұзындардың балалары оқуға барады деген пікір ұшқары. Рас, 90-шы жылдардың басында бағдарлама жаңадан ашылған кезде шетелге жіберілетін орын саны шектеулі болды. Соған орай бәсеке де күшті еді. Ал бақуатты отбасылардан шыққан балалардың грантты жеңіп алуға мүмкіндігі көбірек болатын. Себебі, олар тіл білмесе, ағылшын курстарына жазылып, дайындалуға жағдайы жетер еді. Ал тиісінше, жағдайы қоңыртөбел отбасынан шыққан жастар тілді толық меңгеруге мұршасы келмеді. Бірақ қазір бәрі өзгерген. Бұл турасында «Болашақ» бағдарламасының 20 жылдығына арналған мерейтойлық форумда Елбасы Н.Назарбаев нақты статистика келтірді. «Болашақ» стипендиаттарының үштен екісінің ата-анасы мемлекеттік емес құрылымдардың қызметкерлері, зейнеткерлер» - деді президент. Ал 8 пайызға жуығының ата-анасы тіптен жұмыссыз болса, 200 стипендиат ата-анасының қарауынсыз қалған жетім екен. Елбасы сөзіне қосып айтарым жоқ. Өзім қарапайым отбасынанмын. Тараздағы әке-шешем күнкөрісін ұстаздық еңбектен айырған жандар.

- Шетелдегі «болашақтықтар» қомақты шәкіртақы алатыны белгілі. Білімі сай болса, лайықты жұмыс та табылады. Шетелде қалу ойыңызда болған жоқ па?

- Шетелде қалып жұмыс істеп көру туралы ой Еуропада білім алған барша шетелдіктің ойына тым болмаса бір рет келетін болар. Бұл қалаудың еш сөкеттігі жоқ. Шетелде біраз уақытқа қалып, жұмыс істеп, тәжірибе жинақтау мақсатында аялдауға болады. Кейін осы жиған тәжірибені, үйренгеніңді елге келгесін енгізуге күш саласың. Ең бастысы, өзге елді зор, өз еліңді қор санап, шетелде түбегейлі қалып қоюды ойламасаң болғаны. Өз басыма келер болсам, Британияда қалып, жұмыс істеу туралы ой менде еш болған емес. Қайта тездетіп елге келіп, оқығанымды жүзеге асырсам деген мақсат көкірегімде сайрап тұрды.

- Сізден кейін де отандық журналистика саласының мамандары «Болашақ» бағдар-ламасымен білім алуда. Осы ретте, сіздерге еліміздің БАҚ саласын дамыту жолында үлкен үміт артылып отыр. Бұл салаға өзіңіз қандай үлес қоса аласыз?

- «Болашақ» халықаралық стипендиясы ел Тәуелсіздігі арқасында жастарға жасалған үлкен қолдау, зор мүмкіндік деп білемін. Осынау ширек ғасырда
12 мыңға жуық жас маман әлемдегі рейтингі ең жоғары оқу орындарында білім алуға қол жеткізді. Солардың қатарында Британияда білім алғанымды мақтан тұтамын. Ол жақта саяси коммуникациялар мамандығы бойынша екі жылға жуық уақыт оқып, бүгінде білген-түйгенімді Л.Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университетінде студенттерге үйретіп жүрген жайым бар. Одан бөлек, қазірде өскелең ұрпақ арасында медиа коммуникация саласында түрлі шеберлік дәрісін, тренингтер өткізіп жүргенімді көзі қарақты жұрт жақсы біледі.

- Қазақ журналистикасы, соның ішінде әсіресе аймақтық БАҚ саласының дамуына қандай баға берер едіңіз?

- Қазақ журналистикасы дәл қазір трансформация үстінде. Бұл өзгеру дәстүрлі журналистиканың конвергентті журналистикаға ауысуында деп білемін. Қазір не көп, ақпарат көп. Тиісінше, оқырман, көрермен, тыңдарманды өзіне қарату үшін бәсекелестік мықты. Конвергентті журналис-тика оқырман, көрермен және тыңдарманды бір арнаға біріктіріп отыр. Яки, бүгінде мультимедиялық журналистиканың дәурені жүріп тұр. Бұл - бейнекамераға түсіре де, жаза да білетін әмбебап журналистердің заманы келді деген сөз. Бұл - жағымды үрдіс. Осы орайда менің ойымша аймақтағы барша ақпарат интернет порталдарына лезде түсіп жатқан тұста, ақпарат құралдарын аймақтық, республикалық деп бөлген қисын-сыз, меніңше. Өйткені «аймақтық» делінген масс медианы бүгінде ғаламтор арқылы еліміздің әр түкпіріндегі адам тұтына алады. Демек, ол аймақтық аясынан шығып, әлдеқашан әлем жүзіне ақпарат таратып отыр. Өйткені шағын ғана Павлодарда болған оқиғаны жер-жаһанның әр қиырындағы адам сайтқа кіріп оқи алады. Ендеше оны «аймақтық» деп бөле-жарған қисынсыз сияқты. Өз басым «Сарыарқа самалы» газетін жаһандық желі арқылы оқып тұрамын. Өйткені облыстардағы газет аймақтың тыныс-тіршілігін біліп отырудың тамаша мүмкіндігі ғой. Ал екіншіден, ол жерде менің шәкіртім Айдана өзің жұмыс істейсің. Кейде Айдана не жазыпты деп те арасында бір шолып шығатыным бар (күлді).

- Әңгімеңізге көп рақмет!

Сұхбаттасқан – Айдана ҚУАНЫШЕВА.

saryarka-samaly.kz