Илья ЖАҚАНОВ, Қазақстан мен Қырғызстанның еңбек сіңірген қайраткері, Ұлттық музыка академиясының профессоры:

- «Рухани жаңғыру» - өмір бойы халықпен бірге жасайтын дүние. Қазір жасым сексенде, жиырмадан бастап есептегенде 60 жыл бойғы халық мұрасын зерттеген еңбектерім осы Рухани жаңғыру болыпты. Марғұлан, Жұбанов, кейінгі толқындағы менің еңбектерім - халық құндылығы. Халық «Елім-аймен» езіліп, «Елім-аймен» есін жиды. Әр қоғамның өзіне тән қайғысы, қуанышы, табысы болмақ. Өнердің сан алуан саласы соны суреттемек. Жаңағы айтқан «Елім-ай» - соның куәсі. Сондықтан «Рухани жаңғыруды» науқаншылдық деуге, мақтанышқа, даурықпаға айналдыруға әсте болмайды. Бұл - жылдар бойы байыппен атқарылатын шаруа. Енді телеарна, радиода берілетін музыка саласы ұлттық сипатқа айналуы тиіс. Ақша, капитал билеген заманда ұлттық құндылықтарды көздің қарашығындай сақтау керек, сол құндылықтарды жарыққа шығаратын тарихшы, археолог, жазушы, суретші, зерттеушілердің жұмыс істеуіне барынша мүмкіндік жасалуы тиіс деп ойлаймын.

 

Үміт САҒЫМБЕКОВА, мәдениет саласының ардагері:

- Бұл - өскелең ұрпақ үшін керек дүние. Халықтың өткен шағы қуанышты ма, қайғылы ма... қандай сипатта болса да оның бәрін білуіміз керек. Кезінде біздің тарихымыз, ұлттық құндылық атаулы бұрмаланды, оқытылмады, кеңестік заманның оқушылары ел тарихынан мақұрым қалдық. «Рухани жаңғыру» арқылы «Өшкен жанып, өлген тірілгендей» болды.

Рухани жаңғыруды ұлттың жаңғыруы дер едім. Бір ғана мысал, Мәшһүр атамыздың әр жазбасы, әр туындысы нағыз рухани жаңғыру емес пе?! Атаның еңбектері - өлмейтін мұра! Рухани жаңғыру аясында Баянауылдағы Сұлтанмахмұт ақынның мұражайы ретке келтірілуде. Осындай игі істер жер-жерде жүзеге асырылып жатыр. Тек «Уралап» алға «озып кетіп», науқаншылдыққа салынбасақ болғаны деп ойлаймын. Сонда ғана көп дүниені қалпына келтірер едік.

 

Ардақ РАЙЫМБЕКОВ, облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы:

- Санаға сілкініс жасайтын уақыт жетті. «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында Елбасы осыны атап көрсеткен болатын. Яғни, алыс түкпір ауылдағы шағын кітапхана, клубтан бастап сілкініс жасалуы тиіс. Өйткені өмір ағымы, қоғам дамуы осыны талап етіп отыр.

«Рухани жаңғыру» бойынша біздің аймақта екі ірі жоба қолға алынды: «Сакралды Қазақстан» және «Жаһандық әлемдегі қазақстандық мәдениет». Алғашқы жоба бойынша облыста 78 нысан таңдап алынса, 5-еуі республикалық тізімге енгізілді. Екінші жоба бойынша Р.Омаров атындағы қазақ ұлт аспаптар оркестрі мен симфониялық оркестрді жаһандық деңгейге көтеру үшін жұмыстар қолға алынды.

Еліміз бойынша «Рухани жаңғыру» ұлттық мұраның шын мәніндегі дәнекеріне айналды.

«Алаңды» үйлестірген – Сая МОЛДАЙЫП.

saryarka-samaly.kz