Облыстық қаржы басқармасы басшысының міндетін атқарушы Қадиша Беготаеваның облыс әкімдігінің аппараттық жиынында мәлімдегеніндей,
2016 жылы шығынға жол берген ұйымдардың биыл «бетін бері қарату» жоспарланған. Бірақ, бес ұйым шығынсыз жұмыс істемек түгілі, қарызын еселеп көбейтіп алған. Олар – Павлодар қаласының «Горкомхоз – тұрғын үйді жаңғырту» кәсіпорны, ақсулық «Ақсу су арнасы», «Ақсукоммунсервис», Павлодар ауданында «Коммунсервис» ЖШС, баянауылдық «Серпіліс» МКК. Мәселен, «Серпілістің» шығыны 2,1 есеге өскен. Аталмыш кәсіпорында сенімді басқаруға өткізу бойынша тендер де өткізілмеген. Баянауыл ауданының әкімдігі кәсіпорынды жағдайы мәз емес «Құрылыс» кәсіпорнына қосуға әрекеттеніпті. Мұндай шешімді облыс әкімі Болат Бақауов сынға алды. Ал облыс орталығындағы тұрғын үйлерді жаңғырту бағдарламасының операторы «Горкомхоз»-дың мәселесін шешуді шаһар басшылығы қолға алуда. Белгілі болғандай, бұл кәсіпорынға бағдарламаны жүзеге асыруға қаржы бөлінгенімен, оператор жұмысына бір тиын да қарастырылмаған. Сондықтан шығынды ұйымдар қатарына еніп отыр. Енді қала әкімі Нұржан Әшімбетов жергілікті қазынадан кәсіпорынның жұмыс істеуіне қаражат қарастырылатынын мәлімдеді. Қаржы басқармасы биыл тағы 10 ұйымның кірісінен гөрі шығыны көбейгенін алға тартуда. Олардың қатарында бірқатар медициналық мекемелер де бар. Мәселен, облыс-тық онкологиялық диспансері, №5 қалалық емхана шығынды ұйымдар ретінде тіркеліп отыр. Мұның себебін мамандар есеп-қисапты жүргізуде жіберілген қателікпен байланыстыруда. Сондықтан құзырлы орган өкілдері жағдай қарашада қалпына келеді деп сендіріп отыр. Облыс әкімі Болат Бақауов басқармаларға астаналық «Профитор» ұйымының көмегіне жүгінуді шақырды. Өйткені аталмыш ұйым есеп-қисапты халықаралық стандарттарға сәйкестендіріп береді. Нәтижесінде мекеменің кіріс бөлігін ұлғайтуға септігін тигізеді екен. Нақты мысалдар да бар. Мәселен, былтыр денсаулық сақтау басқармасына қарасты 26 мекемеде жұмыс жүргізген мамандар олардың кірісін 4 есеге өсіріпті. Сөйтіп бюджетке түсетін аударымдар көлемі
6 млн. теңгеден 20 млн. теңгеге дейін артқан. Оған қоса бұл ұйым мемлекеттік сатып алуларсыз, мекемелердегі бухгалтерлік есепті ретке келтіреді. Жалпы, облыс әкімі қаржы басқармасы шығынды ұйымдарды тығырықтан шығаруға бағытталған жұмыстар жүргізбегенін, оларды оңалту да ойда болмағанын тура айтты.

Қаржы басқармасының басшы-лығы коммуналдық меншіктегі мүліктерді тіркеуді биыл толық аяқтау керектігін жеткізді. Бірақ бұл да ағымдағы жылы аяқсыз қалатынға ұқсайды. Өйткені кейбір аудандарда мүлікті тіркеуге қажетті қаржы жоқ. Мысалы, Баянауылда 16 мүлікті тіркеуге үш миллион теңгеге жуық қаражат қажет. Успенде де осындай жағдай.

Облыс әкімі бұған дейін коммуналдық меншіктегі мүліктерді түгендеуді тапсырған еді. Құзырлы орган коммуналдық иелікке жататын әрі қаңырап жатқан
138 нысанды анықтаған. Оның 19-ы сатылыпты, 7-еуі мүліктік жалға, тағы алтауы жалдап пайдалануға берілген. 71 нысан бойынша жұмыс жүргізіледі,
дейді Қ.Беготаева.

Биыл мүліктерді жалға беруден облыс қазынасына 52 млн. теңге, қалалар мен аудандардың бюджетіне 49 млн. теңге түсіпті. Б.Бақауов 2011 жылы ауылдарда салынған, қазір қаңырап тұрған үйлердің жағдайын сұрады. Бұл ретте аталмыш мәселе бойынша құзырлы органдар арасында байланыстың жоқтығын қатаң сынады. Енді оларды коммуналдық меншікке алып, жөндеп, пайдалануға беру жағын ойластыруды жүктеді. Сонымен қатар, үйлерді жалға беруден түсетін кірістің азайғаны айтылды. Облыс әкімі жалдап тұратын азаматтардан ақыларын уақытылы төлеуді талап ету керектігін ескертті.

Иесіз жатқан электр желілерін рәсімдеу мәселесі қозғалды. Бүгінде 253 шақырым электр желісінің иесі белгісіз. Жаңа заң бойынша оларды тіркеп, меншікке алу жеңілдетілген екен. Облыс әкімі осыны ұтымды пайдалануды ұсынды. Сонымен қатар, қалалар мен аудандардың әкімдеріне теміржол тұйықтарын есепке алып, қараусыз қалғандарын рәсімдеуді тапсырды.

Г.МАҒЖАН.

saryarka-samaly.kz