Халықаралық қайта құру және даму банкінің мұрындық болуымен қолға алынған zhasproject жобасына осы жылы Павлодар, Алматы, Қарағанды және Оңтүстік Қазақстан облыстарының жастары қатысқан болатын. Облыстан 652 қатысушы жоба грантына ие болған. Солардың бірі - Олжас Қоңыратбаев бастаған Жақсылық Саттар, Ғалия Нұрсағатова, Рымгүл Саттарова және Ілияс Қоңыратбаевтар бірлесе қолға алған «Ерекше лига» жобасы. Олардың айтуынша, мұндай лига еліміз бойынша жалғыз.

- Мүмкіндігі шектеулі балаларды ортаға тартып, соларды үлкен сахнаға алып шығу көптен бері ойымызда жүрген болатын. Оны жүзеге асыруға аталмыш жоба себепкер болды. Алғашқыда мұндай балалармен жұмыс істеу қиын болар деген едік, араласа келе балалардың мүмкіндігі мол екенін байқадық. Осы ретте біз «Мүгедектерді оңалту орталығы» қоғамдық бірлестігімен келісімшартқа отырған болатынбыз. Осы орталықтан 3 команда құрылды. Олар - «Веселый смех», «Крутые ребята», «Смайлики». Топ қатысушылары бізді өздерінің алғырлықтарымен таң қалдыруда. 2-3 рет көрсеткеннен кейін бірден қағып алып, тіпті, кейде өздерінің идеяларын да қосып отырады. Бұл - біздің «Ерекше лигамыздың» алғашқы ойыны. Қараша айында 2, желтоқсанда 1 ойынды көңілді тапқырлар клубының өнерін сүйетін көрерменге ұсынамыз. Атап өтерлігі, бұл жоба желтоқсан айында аяқталады. Ал біз мұнан кейін де бұл балалармен бірлесіп жұмыс істей беретін боламыз, - дейді грант иегері О.Қоңыратбаев.

Алғаш рет үлкен сахнада өнер көрсеткен «Веселый смех» командасының қыз-жігіттері тосылмады. Мүмкіндіктері шектеулі болса да жасқанбай бар өнерін ортаға салған жастарды көрермен жылы қарсы алды.

«Ерекше лиганың» алғашқы ойынына «Драйв», «Сүйкімділер» және «Қыздардың арманы» командалары қатысып, жаңадан құрылған жас топқа қолдау көрсетті.

Айта кетелік, zhasproject жобасына облыс бойынша 5058 адамды құрайтын
1499 өтініш келіп түскен. Оның ішінде 652 қатысушыдан құралған 187 жобаға грант берілген.

Қарлығаш ХАШЫМҚЫЗЫ

saryarka-samaly.kz