Соңғы кездері ел ішінде жүннен жасалған бұйымдар сәнге айналуда. Әсіресе оюланып тігілетін жилеттер мен бас киімдер, моншақтар үлкен сұранысқа ие. Осындай қолөнер түрін жаңғыртып, жүннен түрлі бұйымдар жасап жүрген шарбақтылық Галина Воронкованың есімі бүгінде көпке таныс.

Бұрынғы музей қызметкерінің халық өнеріне деген қызығушылығы жас кезінде оянған. Ол аудандық мұражайдың жанынан «Шебер Мария» үйірмесін ашып, оған мектеп оқушылары мен орта жастағы қыз-келіншектерді тартып, жүннен бұйымдар жасауды үйреткен. Олардың әрқайсысымен жеке жұмыс істейтін шебер жүннен әшекей жасауды үйретіп, тәлімгерлерінің жұмысын арнайы сөрелерге қойып, жұртшылық назарына ұсынып келген. Осыдан кейін киіз басумен кәсіби түрде айналысамын деген шешімге келген Галина «Бизнестің жол картасы 2020» бағдарламасы арқылы 3 миллион теңге алады. Бұл он саусағынан өнер тамған келіншектің асқақ арманына апарар жолдың алғашқы баспалдағы еді. Осы жылы жүннен жасалатын бұйымдар шеберханасын ашып, өзінің сүйікті ісін кәсіп көзіне айналдыра білді.

- Алғашында тек хобби ретінде қолға алған ісімнің берекесі келісіп, болашақта менің кәсібімнің көзіне айналады деген ой үш ұйықтасам түсіме кірмепті. Жасыра-тыны жоқ, бастапқы жұмыстарымның жасалу жолдарын интернеттен іздеп үйрендім. Себебі өзіме қызық болды. Кейіннен жүннен жасалған сөмкелер, бас киімдер мен балалардың аяқ киімі қыз-келіншектер арасында үлкен сұранысқа ие бола бастағанын аңғардым. Осыдан кейін неге бизнес көзіне айналдырмасқа деп, өзімнің шеберлігімді шыңдай түстім. Ол үшін түрлі көрмелерге, арнайы шеберлік сағаттарына қатысып, ізденісімді арттырдым. Соның нәтижесі болар, шағын бизнесімді дамытып, шеберхана ашу жөнінде өтінім қалдырдым. Көріп тұрғандарыңыздай еңбек етіп, табысқа жетемін деген адамға мемлекет әркезде қолдау көрсетеді, - дейді Г.Воронкова.

Алғашында мектепте еңбек пәнінен сабақ берген ұстаздың жүннен бұйымдар жасауды үйренуіне өзге де қолөнер шеберлері себепкер болыпты. Шебер ең алғашқы жұмысын гүл жасаудан бастаған. Онысы сәтті шыққан соң ол отбасындағыларға үй ішінде киетін аяқкиім жасап берген. Кейіннен маржандар, сөмкелер, мойын орауыштар жасай келіп, сан түрлі үлгідегі бас киімдер де тіге бастаған. Соңғы уақытта жүннен сан түрлі картиналар жасауды да үйренген. Оның айтуынша, бұл қандай да бір бұйым жасаудан қиынырақ. Оның осы өнерін жұртшылық жоғары бағалайды. Портреттері мен пейзаждарына сұраныс та артқан.

Шығармашылық жұмыстарын Павлодар, Екібастұз қалаларында, Ресей Федерация-сының Алтай өлкесінде ұйымдастырылатын алуан түрлі көрмелерде көрсетіп жүрген шебер бұйымдарын осы жылы ЕХРО-2017 халықаралық көрмесінде де келушілер назарына ұсынған. Тіпті, осы айтулы шараға орай алуан түрлі кәдесыйлар жасаған екен.

- Әшекей мен кәдесыйларды кез келген заттан жасауға болады. Ол үшін тек қиял мен шабыт қажет. Одан кейін сол қиялдағы әдемі суреттерді бейнелеуге ыңғайлы, оның мән-мағынасын ашатын материал мен бояуларды таңдап, үйлестірсе болғаны. Ал жүннен жасау сәл қиындау. Себебі жасап жатқан ісіңізді абайсызда орнынан сәл қозғалтып алсаңыз, онда саңылау пайда болады, жүнді көбірек салсаңыз, қалың болып кетеді. Сол себепті бұйымның көңілдегідей шығуы асқан қырағылықты талап етеді. Мәселен, мына палантин (әйелдер иығына жамылатын киім) жүз пайыз жүннен жасалған. Безендіруі үшін таза жібек матаны алдым. Оюларын жүнді сулап басу тәсілі арқылы жасап шықтым. Өте нәзік, жеңіл, жамылуға ыңғайлы. Мұны – эксклюзив деуге болады. Өйткені жасаған затымды қайталап істемеймін, - дейді ол.

Шебер текемет басудың көне технологиясын қолдана отырып, түрлі бұйымдар жасап шығаруда. Әсіресе сәнді бас киім, белдіктер мен орамалдарға деген сұраныс жоғары. Сүйікті ісін кәсіп көзіне айналдырған Галина киіз басуға қажетті түрлі құрылғыларын алған. Өзі жасаған бұйымдарын кең көлемде ел назарына ұсынатын көрме ұйымдастыруды арман еткен шебер алдағы уақытта сәнді әрі қайталанбайтын жаңа туындыларымен таңқалдыруды көздеп отыр.

Қарлығаш ХАШЫМҚЫЗЫ

saryarka-samaly.kz