Бекітілген жоспарға сәйкес, мейрам қарсаңында аймағымызда бірқатар нысандар ашылып, жүздеген тұрғын баспаналы болмақ. Облыстық әкімдікте өткен аппараттық жиын барысында ішкі саясат басқармасының басшысы Ернұр Дәуенов аймағымызда өтетін іс-шаралармен таныстырды. Оның сөзінше,
24 қараша мен 1 желтоқсан аралығында облыс жұртшылығы маңызды оқиғалардың куәсі болады. Атап айтсақ, «Сарыарқа» шағын ауданында бой көтерген тұрғын үй қолданысқа беріледі. ҚР Тұңғыш Президенті күнінде екібастұздықтар да қоныс тойын тойлайды. Бұл күні шаһарда Энергетиктер көшесіндегі көп қабатты тұрғын үйдің кілттері табыс етіледі. Сонымен қатар, кеншілер қаласында қызанақ өсіруге арналған жылыжай ашылады деп күтілуде. Ал Шарбақты ауданында 60 орындық балабақша, Успен ауданы Тобылжан ауылында медициналық пункт, Железин ауданында 10 пәтерлі жатақхана пайдалануға беріледі. Лебяжі ауданы Мерғалым ауылында жас әнші Роза Мұқатаеваның қатысуымен мәдениет үйі ашылады деп жоспарлануда. Баянауыл ауданында «Қозы Көрпеш-Баян сұлу» және «Мәңгілік ел» аллеялары, 2 пәтерлі төрт үй және стадион тапсырылады.

Облыстық мәдениет, мұрағаттар және құжаттама басқармасының басшысы Ардақ Райымбековтің айтуынша, 14 қараша күні Естай атындағы мәдениет сарайында павлодарлықтарға эстрада жұлдызы Қайрат Нұртас ән шырқамақ.

- Негізгі салтанатты шара 29 қараша күні ұйымдастырылады. Павлодарлықтар мен қала қонақтары «Елбасы - Павлодар облысында» атты фотокөрмені тамашалай алады. Танымал өнерпаздар Мемлекет басшысының сүйікті әндерін орындайды, - дейді А.Райымбеков.

Болат Жұмабекұлы мереке қарсаңында қалалар мен аудан әкімдері және мемлекеттік орган-дардың басшыларына жұмыста жоғары жетістік көрсеткен қызмет-керлерді ынталандыру және сыйақы беру мәселесін қарастыруды тапсырды. Сонымен қатар, мерекенің дайындық барысын бақылауға алуды жүктеді.

Жиын барысында ҚР Тәуелсіздік мерекесі мен Астананың 20 жылдық мерейтойын тойлау мәселесі де сөз болды. Тәуелсіздік күні қарсаңында өңірімізде бірқатар нысандар қолданысқа беріледі деп күтілуде. Бекітілген жоспарға сәйкес, Баянауыл ауданы Майқайың кентінде 110 орындық балабақша ашылып, Екібастұз қаласында Энергетиктер көшесіндегі тұрғын үй мен күрделі жөндеуден өткен
2 балабақша да пайдалануға беріледі. Ақсу қаласында дене шынықтыру және сауықтыру кешені мен жылыжай ашылмақ. Ертіс ауданында 24 пәтерлі тұрғын үй тапсырылады. Ал Качир ауданы Львовка ауылында балабақша іске қосылады.

Астана қаласының 20 жылдығын мерекелеуге арналған шаралар да бекітілген. Атаулы дата қарсаңында аймағымызда 500-ге жуық іс-шара өткізіледі деп жоспарлануда. Осы ретте облыс әкімі аудан-қала әкімдері мен мемлекеттік мерекелердің басшыларына атаулы датаны жоғары деңгейде атап өтуді бақылауға алуды жүктеді.

Айдана ҚУАНЫШЕВА

saryarka-samaly.kz