Ақсудың алар асуы алда

Ақсу – қарқынды дамып келе жатқан шағын шаһар. Өнеркәсіп, шағын және орта бизнес, әлеуметтік салада алға ілгерілеушілік айқын байқалады. Тіпті, бірнеше мәрте төрткіл дүниенің назарын аудартып, Гиннестің рекордтар кітабына енгені ел есінде. Ал жыл басынан бері моноқалада қандай өзгерістер байқалды? Алдағы уақытқа белгіленген міндет пен меже қандай? Бұл туралы Ақсу қаласының әкімі Нұрлан Дүйсембиновпен әңгіме өрбіткен едік.

 

- Нұрлан Шайхислямұлы, ел арасында «Металлургтер шаһары» аталып кеткен Ақсудың бүгінгі экономикалық, өнеркәсіптік ахуалы қандай?

- Ақсу қаласында қос бірдей ірі өнеркәсіп – Ақсу ферроқорытпа зауыты мен «Еуразиялық энергетикалық корпорация» АҚ электр станциясы жұмыс істейтіні белгілі. Ақсу ферроқорытпа зауыты – әлемдегі ірі өндіріс орындарының бірі. Тек соңғы 5 жыл аралығында мұнда 400-ге жуық өндірістік, экологиялық және әлеуметтік инвестициялық жоба жүзеге асты. Зауыт өнімі Батыс Еуропа, АҚШ, Жапония, Қытай мен Ресейге экспортталады. Ал өткен 9 айдағы көрсеткішке келер болсақ, кәсіпорын 943,2 мың баз. тонна ферроқорытпа өндірді, бұл өткен жылғы деңгейден 0,9 пайызға төмен. Өндірістік жабдықтарды күрделі жөндеу жұмыстарына байланысты көрсеткіш сәл төмендеді. Соған қарамастан, өндірілген өнім сомасы былтырғымен салыстырғанда 37 пайызға көп. Нақтырақ айтсақ, өткен жылы 231162,3 млн. теңге өнім шығарылса, жыл басынан бері бұл көрсеткіш 317,3 млрд. теңгені құрады.

Осы орайда ірі кәсіпорын жанынан шағын және орта бизнесті ашу оң жолға қойылғанын ерекше атап өткім келеді. Айталық, осы жылдың қазан айында Ақсу ферроқорытпа зауыты аймағында металл концентрат шығаратын цех құрылысы аяқталды. Қазіргі кезде техникалық құжаты әзірленуде, әділет органдарында тіркеуден өткен соң іске кіріседі.

«МинералИндастриГрупп» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі 2018-2020 жылдар аралығында Ақсу ферроқорытпа зауытының металл қожынан қиыршық тас, асфальт, бетондарға арналған толтырмалар өндіруді жоспарлап отыр. Жоба құны – 850 млн. теңге.

Сонымен қатар индустриалды-инновациялық даму бағдарламасы аясында Ақсу электр-металлургиялық зауыты салынбақ. Биыл электр желілерінің құрылысы басталып, қажетті құралдар жеткізілді. Сөйтіп, шағын шаһарымызда ферроқорытпа өндірісінің кешені пайда болады.

Ал Ақсу электр станциясы - Батыс Сібір, Алтай және Солтүстік-Шығыс Қазақстанның энергия жүйелерін байланыстыратын, еліміздегі электр энергиясының 17 пайызын өндіретін ірі кәсіпорын. Мұнда жыл басынан бері 10034,6 млн. кВт энергия өндірілді, бұл өткен жылмен салыстырғанда 7,5 пайызға көп.

Жалпы, Ақсу қаласының өндірістік орындарының өнім көлемі өткен жылға қарағанда 96 млрд. теңгеге артып, 9 ай аралығында 384,3 млрд. теңгенің өнімін шығарды.

- Шағын және орта бизнес бағытында қандай өзгерістер байқалады?

- Ақсу – өндірістік қала болғанмен, шағын және орта бизнесті дамытуға да баса назар аударылады. Бүгінде шаһарда 3171 кәсіпкерлік нысаны тіркелген, олардың 2533-і тұрақты жұмыс істейді.

Өз кәсібін ашқан азаматтардың жұмысы тұралап қалмас үшін мемлекет тарапынан жан-жақты қолдау көрсетіледі. Мәселен, «Бизнестің жол картасы - 2020» бағдарламасы аясында 12 жоба мақұлданды. Соның нәтижесінде кәсіпкерлер алған несиелердің пайыздық мөлшерлемесі субсидияланып, инженерлік-коммуникациялық желілер тартылды.

Келесі жылы бизнес саласында жалпы құны 7,3 млрд. теңге болатын 11 жоба жүзеге асады. Олардың қатарында «Small» супермаркеті, сауда - ойын-сауық кешені бар. Мұндай ірі жобалар бизнесті дамытуымен ғана емес, жергілікті тұрғындарды тұрақты жұмыспен қамтуымен де маңызды. Сондықтан «кәсіп ашамын» деушілерге әрі қарай да көмек көрсетіледі.

- Осы орайда Ақсу қаласы мен ауылдық аймағындағы жол бойы сервисінің жағдайына тоқталып өтсеңіз...

- Қала және ауылдар бойындағы жол – негізгі күретамыр. Ақсудағы барлық дерлік ауыл жанынан көліктің толассыз легі өтеді. Сол себепті жол бойы сервисін дамыту, оны талапқа сай келтіру – өзекті мәселе. Мұны облыс әкімі Болат Бақауов та өз сапарында қадап айтқан еді. Осыны қаперден шығармай, жолаушылар мен жүргізушілерге қолайлы жағдай жасау мақсатында бірқатар істі қолға алдық. Мысалы, осы жылдың қыркүйек айында Қалқаман ауылдық округінде 12 гектар болатын 4 жер учаскесі аукционға шығарылып, жол бойы сервисі нысандары үшін пайдалануға берілді. Келер жылы Алғабас ауылында осы бағыттағы 2 жоба іске қосылады. Бұл ретте «Нұрлы жол» бағдарламасы бойынша салынған, Ақсу мен Павлодар арасын жалғайтын Орта Азиядағы ең ірі көпірдің де ролі ерекше. Ертіс өзені арқылы өтетін жаңа көпірмен тәулігіне 8-8,5 мың көлік қатынайтынын ескерсек, бұл аумақтағы жол жиегінде де түрлі қызмет көрсету орындарын ашуға әбден болады.

- Ауылдағы ағайынның тек жол бойындағы кәсіпкерлік нысандары есебінен күн көрмесі анық. Олардың төрт түліктің басын көбейтуі, егін егіп, шөп шабуы үшін қаншалықты жағдай жасалған?

- Әлбетте, елді мекендегі жұртшылықтың басты табыс көзі – төрт түлік. Соңғы жылдары ауылдағы ірі қараның, жылқы мен қой санының өсуі байқалады. Мұндай өсімге мемлекеттік бағдарламалар арқылы қол жетіп отыр. Жыл басынан бері «Құлан» бағдарламасы бойынша «Аграрлық несие корпорациясы» акционерлік қоғамы арқылы 2 шаруашылық 18,9 млн. теңге несие және 68 бас жылқы алды. «Сыбаға» бағдарламасы аясында тағы екі шаруашылыққа ет бағытындағы
58 бас ірі қара мал алу үшін 10 млн. теңге несие берілді. Бірақ мал сатып алу бір бөлек те, оны күтіп-ұстау – тағы бір мәселе. Сондықтан қысқы азықпен қамту аса маңызды. Осы уақытқа дейін 84500 га алқапта шөп шабылып, 82100 тонна жиналды. Одан бөлек, 4000 тонна пішендеме, 2200 тонна салам дайындалды. Жем-азықтың барлығы жоспардағы көрсеткіштен артық әзірленді, сол себепті көктемге дейін қиындықтар туындамауы тиіс.

Төрт түлікті өзіміздің азықпен қамту мақсатында «Akva Food» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі құрама жем шығаратын зауыт ашу мен оған қажетті дақылдарды Алғабас ауылында өсіруді жоспарлап отыр. Ал «Аружан и ТС» серіктестігі Достық ауылындағы шошқа кешені орнында 2018 жылы 30 мың тауық, 2019 жылы 400 бас қара мал ұстамақ ниетте. Сол сияқты Сарышығанақ ауылында 100 басқа арналған мал кешенін жаңғырту, «Ақ Сары» шаруа қожалығының мал кешенін жөндеу, Үштерек ауылында 4000 тонна көкөніс сақтауға қауқарлы қойма ашу жұмыстары жүргізіледі. Бір сөзбен айтқанда, елді мекендерде ауыл шаруашылығын дамыту бағытындағы ауқымды істер тоқтамақ емес.

- Қазіргі кезде мемлекеттік қазынаға салмақ салмай, сырттан инвестиция тартуға басымдық беріліп отырғаны мәлім. Бұл іс қалай жүзеге асуда?

- Инвесторлар іздеп, жергілікті және шетелдік кәсіпкерлермен келіссөздер жүргізуден тартынып қалмаймыз. Оның нәтижесі де жоқ емес. Соның жарқын мысалы – «ДАНиЕР» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің тік тігісті болат құбырларды шығару бойынша цех құралдарын жеткізуі. Инвестициялық жобаның құны - 1,1 млрд. теңге. Қазірдің өзінде-ақ аталмыш кәсіпорынның бағасы төмен, сапасы жақсы өнімі зор сұранысқа ие. Биыл бұл құбырлар Ақсу қаласында сауда – ойын-сауық кешені құрылысы, Евгеньевка ауылында инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымды жүргізу кезінде пайдаланылды. Яғни, бұл – аса қажет инвестициялық жоба.

Жалпы, жыл басынан бері негізгі капиталға 33 млрд. 976 млн. теңге инвестиция тартылды. Оның ішінде бюджеттік қаражат – 14 млрд. 754 млн. теңге, инвесторлардың өз қаражаты - 18 млрд. 538 млн. теңге, банктерден алған несие - 17,1 млн. теңге, басқа да қарыз қаражаты - 666,2 млн. теңге. Жыл соңына дейін инвестиция 50,2 млрд. теңгені құрайды деп күтілуде, бұл 2016 жылғы деңгейден 38 пайызға көп.

Бұл ретте бизнестің әлеуметтік жауапкершілігін айтпасқа болмас. Бір ғана Евгеньевка ауылында шаруа қожалық басшылары – Равиль Мингазов, Виктор Рямбов, Сергей Стоцкий, Мариям Мингазова, Қамит Пішембаевтың қолдау көрсетуімен ауылдағы бос ғимарат күрделі жөндеуден өтіп, әкімдіктің балансына берілді. Қазір мұнда тұрмыстық қызмет көрсету орталығы жұмыс істейді. «Сергей», «Виктория» және «Алина» шаруа қожалықтарының басшысы 3,3 млн. теңгеге мәдени-сауық орталығын, «Тимур» шаруа қожалығы 12 млн. теңгеге ауылдың жолын жөндеді. Оған қоса, жергілікті шаруалар ауыл ішіндегі жолды қыс кезінде күтіп-ұстауды толығымен өз мойнына алды. Осындай ел азаматтарының ісі көпке үлгі боларлық деп ойлаймын.

- Әңгімемізді әлеуметтік мәселелерге ойыстырсақ. Жұмыспен қамту, білім мен денсаулық салаларында қандай істер қолға алынды?

- Әлеуметтің әлеуетінің жақсы екенінің басты көрсеткіші – тұрғындардың тұрақты қызметінің болуы. Өткен 9 ай аралығында 1350 жұмыс орны құрылды. Әлі де
415 адам, оның 165-і – ауылдық жұмыссыздар есебінде тұр. Жоғарыда аталған инвестжобалар, ашылатын жаңа зауыттар мен кәсіпкерлік нысандары бұл олқылықтың орнын толтыруға айтарлықтай үлес қосары анық.

Соңғы екі жыл дересінде «Дипломмен-ауылға!» бағдарламасы бойынша 65 маман медицина, білім, ветеринария қызметкерлері қатарын толықтырды. Жыл сайын шамамен 40 түлек ұстаздық жолын Ақсу қаласы аумағында бастайды. Қала мен оған қарасты ауылдық аймақтардағы 2-6 жас аралығындағы бүлдіршіндерді мектепке дейінгі біліммен қамту 100 пайызды, 3 жасқа дейінгі балалардың балабақшаға баруы 77 пайызды құрайды. Балғындардың, оқушылардың сапалы білім, саналы тәрбие алуы үшін барлық жағдай жасалған. Оқулықтармен толық қамтылып, жылы, жайлы, кең ғимараттарда оқуы мақсатында ауқымды іс атқарылды.

Денсаулық саласында да оң көрсеткіштер бар. Мәселен, онкологиялық аурумен ауыратын-дардың көрсеткіші 5,5 пайызға, сәби өлімі 50 пайызға төмендеді. Евгеньевка, Қалқаман ауылдарында дәрігерлік амбулатория ашылып, басқа да емдеу мекемелері заманауи құралдармен толықты. Ұлт саулығы – басты байлық екенін ескере келе, тұрғындардың дені сау болуы үшін барлық мүмкіндікті қарастырамыз.

- Тұрғындарды толған-дыратын тағы бір мәселе – баспанамен қамту. Бұл түйт-кілді мәселенің түйіні қалай тарқамақ?

- Биыл 80 пәтерлік тұрғын үйдің құрылысы аяқталды, ол «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» салымшылары мен кезектегі ақсулықтарға үлестіріледі. Осы жылы тағы бір арендалық баспананың іргетасы қаланды, келесі жылы ел игілігіне беріледі. Ауылдық жерлерде де баспана құрылысы бәсеңдеген жоқ. Евгеньевка ауылында әлеуметтік сала мамандарына арналған екі пәтерлі үш үй салынуда, келесі жылы Қызылжарда бір тұрғын үй тұрғызылады. Қала құраушы кәсіпорындар да қол қусырып отырған жоқ Былтыр күзде өз қызметкерлері үшін екі көпқабатты баспананың, биыл тағы екі үйдің құрылысын бастады.

Оған қоса, жеке тұрғын үй құрылысын дамыту жоспарда бар. Абай, Молодежная, Железнодорожная және Амангелді көшелеріндегі 377 жер учаскесінде жеке үй салынады. Ал қаланың 2020 жылға дейінгі бас жоспарында шағын шаһардың екінші шағын ауданының құрылысы қарастырылған. Мұнда 14 көпқабатты баспана бой көтереді. Осы жұмыстардың барлығы тұрғын үй мәселесін шешуге оң ықпал етуі тиіс. Біз Ақсу қаласы мен ауылдарынан кететін емес, керісінше бізге келетін адамдардың қатарын арттыруға мүдделіміз. Ол үшін бірінші кезекте тұрғын үймен, жұмыспен қамтып, әлеуметтік нысандардың жүйелі жұмыс істеуін қадағалайтын боламыз.

- Әңгімеңізге рақмет!

СұхбаттасқанҚұндыз ҚАБЫЛДЕНОВА.

 

 

Жаңарған Жамбыл мектебі

Мәмәйіт Омаров ауылындағы Жамбыл орта мектебінің бір корпусы 1998 жылы жабылып, 20 жылға таяу уақыт қаңырап бос тұрған-ды. Құр қабырғасы қалған ғимарат биыл қайта жаңғыртылып, мектеп кеңейіп, оқушылардың білім алуына мол мүмкіндік жасалды.

«Өңірлерді дамыту - 2020» бағдарламасы аясында білім ордасының ескі ғимаратын жаңғыртуға облыстық бюджеттен 198 млн. 300 мың теңге, жабдықтауға Ақсу қаласының қазынасынан 12 млн. теңге бөлініп, тиісті жұмыстар уақытылы аяқталды. Сөйтіп, көпшіліктің көптен күткен игі ісі сәтті жүзеге асып, оқу жылының басында жаңа ғимарат қолданысқа берілді. Мұнда Тұңғыш Президент кабинеті, кітапхана, ұлдарға және қыздарға арналған шеберханалар, 100 орындық мәжіліс, спорт, шахмат, күрес залдары, робототехника мен бірнеше пәнге арналған сыныптар бар. Оған қоса, сан жылдар бойы түйіні тарқамай келе жатқан су мәселесі шешімін тауып, коммуникациялық жүйелер тартылды. Бастысы, жаңғырту жұмыстарының нәтижесінде балалар бұрынғыдай екі емес, бір ауысымда ғана оқиды. Бұл, әсіресе, С.Дөнентаев, Сырлықала және Көктерек ауылдарынан келіп оқитын 33 оқушыға тиімді. Шәкірттердің спортпен, шығармашылықпен айналысуына оңтайлы жағдайлар жасалды. Мәселен,
80 оқушы күрес үйірмесіне тұрақты түрде қатысады. Олардың қатарында жаттығуды жібермей жүрген 4-сынып оқушысы Қайсар Жиенхан бар.

- Мектепте спортпен айналысуға мүмкіндік көп. Қай спортты таңдасаң да өз еркің. Мен осы оқу жылынан бастап жаңа ғимараттағы спорт залында өтетін күрес секциясына қатысамын. Қазіргі кезде алда болатын жарыстарға тыңғылықты дайындалып жүрмін. Арманым – Олимпиада чемпионы атану, - дейді ол.

Ал шахмат кабинетінде 60 шәкірт жаттыға алады. Бұл спорт түрінен жеткен жетістік те жетерлік. Солардың бірі – мектеп оқушыларының қалалық сайыста жеңіс тұғырынан көрінуі.

Жамбыл орта мектебінің оқушылары спортта ғана емес, оқуда да озат. Осы орайда, өзге ұлттың 16 баласы қазақ тілінде білім алатынын атап өткен абзал. Білімді бағалаудың басты көрсеткішіне айналған Ұлттық бірыңғай тестілеуден шәкірттер сүрінбей келеді. Тіпті, «Алтын белгілер» шеберханасы десе, артық айтқандық емес. Осы оқу орнын 2015 жылы тәмамдаған Жанбота Бердімұрат «Алтын белгі», 2016 жылғы түлек Арнагүл Қуаныш «Үздік аттестат» иегері атанса, биыл Ақжол Бердімұрат та «Алтын белгі» алудан үмітті. Барлығы 13 оқушы
11-сыныпты бітіріп, үлкен өмірге қадам баспақ.

Бұл ретте аға буын түлектер іні-қарындастарына жарқын үлгі көрсете білді. Жамбыл мектебінің бір топ түлегі биыл «Мектепке тағзым» акциясы аясында оқу орнына 3,5 млн. теңге табыстады. Бұл сомаға 16 пластикалық терезе орнатылып, кабинеттер мен асханаға қажет жабдықтар сатып алынды. Осылайша, М.Омаров ауылындағы білім ордасы айтарлықтай өзгеріп, жаңарды. Мектеп директоры Бижамал Ақтаева осындай игі іске сүбелі үлес қосып, өскелең ұрпақтың болашағына қамқорлық танытқан барша азаматқа ауылдастар атынан алғыс білдірді.

- Мектептің ескі ғимаратын жаңғырту көпшіліктің көкейінде көптен бері жүрген мәселе еді. Тұрғындар тілегін ескеріп, қолдау көрсеткен облыс әкімі Болат Бақауов пен Ақсу қаласының әкімі Нұрлан Дүйсембиновке зор ризашылығымызды білдіреміз. Ендігі мақсат – оқу сапасын арттырып, білім, спорт додаларында қала мен облыс намысын абыроймен қорғау. Ол үшін оқушылар мен ұстаздар қауымы аянбай еңбек етуі тиіс, - деді Б.Ақтаева.

 

 

Қыста қиярға қарық қылмақ

Ақсу қаласында бірегей жылыжай ашылады. Жасанды жарық көмегімен әрі биологиялық өңдеу арқылы жұмыс істейтін кәсіпорын желтоқсанда қиярдың екі сұрыбын жергілікті нарыққа шығарып, тұтынушыларға сапалы әрі арзан өнім ұсынуды жоспарлап отыр.

Жылыжайдың құрылыс жұмыстары биыл көктемде басталып, күзде аяқталды. Инвестициялық жобаның құны – 1,5 млрд. теңге. Әуелде мұнда қызанақ өсіру көзделген-ді. Тіпті, қажет тұқымдар мен құралдар да сатып алынды. Алайда коммуникация желілерін жүргізудің кешіктірілуіне байланысты бағытты ауыстыруға тура келді. Себебі, негізгі міндет жаңа жылға дейін өнім алу болатын. Ал жылыжай басшылығы қысқа мерзім аралығында жемісті өсіру мүмкін емес екенін ұғынып, голландиялық әдіспен қиярдың екі сұрыбын егуді жөн санады. Сөйтіп, келесі жылдың жазына дейін қияр, шілдеден бастап қызанақ өсірмек.

«Ақсу жылыжай кешені» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің жетекші агроном-технологы Юрий Коноплевтің айтуынша, мұндай жылыжай облыс көлемінде жоқ.

- Біз қияр өсірудің бірегей технологиясын қолданамыз. Біріншіден, мұнда химиялық емес, биологиялық өңдеу жүргізіледі. Яғни, Бельгия мен Голландиядан энтомофаг деп аталатын жәндіктер арнайы жеткізіледі. Олар өнімге қауіп тудыратын зиянкестерді жеп, түрлі аурудан қорғайды. Екіншіден, жылыжайда жасанды жарық әдісі қолданылады. Соның есебінен өнімділік 30 пайызға артады. Үшіншіден, қиярды нәрлендіретін қоспамен суарамыз. Жалпы, бір ай аралығында 1 шаршы метрден 11 келі қияр алуды көздеп отырмыз. Алғашқы өнімді
9 желтоқсанда жинап, сатылымға шығарамыз. Жыл-он екі ай бойы өнім алуға қауқарымыз жеткілікті. Бұл ретте қыста да қияр бағасы шарықтамайтынын атап өткен жөн. Өйткені мемлекет тарапынан қаржылай қолдау бар. Сәйкесінше өзіндік құны да төмен болады, - дейді Ю.Коноплев.

Жылыжайда бір уақытта екі түрлі көкөністі өсіру мүмкіндігі жоқ. Сондықтан алдағы уақытта тағы бір кешен ашылуы ықтимал. Егер өнім мол болса, Ресейдің көршілес облыстарына экспорттаудан да кетәрі емес.

Айта кетерлігі, жылыжайдағы жұмыстың басым бөлігі автоматтандырылған күйде жүргізіледі. Дайын өнімді күту мен жинауға ғана адам күші керек. Кешен іске қосылған соң мұнда 35 жаңа жұмыс орны құрылады. Қызметкерлердің барлығы – жергілікті тұрғындар.

Осылайша, Ақсудағы жылыжай кешені облыс тұрғындарын қысы-жазы қияр, қызанақпен қамтуға мүдделі. Жылыжай басшылығы уәде еткендей, өнім сапалы әрі бағасы қолжетімді боларына сенім мол.

 

 

Қалқаманда - жаңа амбулатория

Осы уақытқа дейін Қалқаман ауылының дәрігерлері науқастарды бұрынғы балабақша ғимаратында қабыл-дайтын. Бұл жайт қолайсыздық тудырғандықтан, бос тұрған екі қабатты ғимарат күрделі жөндеуден өткізіліп, қазан айында қолданысқа берілді. Енді дәрігерлік амбулаторияның жеке ғимараты бар.

Жаңа медициналық мекеме заманауи құралдармен жабдықталған. Мұнда скрининг жүргізу, талдама алу кабинеттері, күндізгі стационар бар. Аға медбике Әлия Қабышеваның айтуынша, тұрғындарға сапалы ем-дом көрсетуге оңтайлы жағдай жасалды.

- Бұған дейін бірнеше мекемемен қатар балабақша ғимаратында жұмыс істеу ыңғайсыз болатын. Жеке дәрігерлік амбулаторияда жалпы тәжірибе дәрігері, акушер-гинеколог, фельдшер, мейірбикелердің ем шараларын жүргізуде еш қиындық жоқ. Жедел жәрдем станциясы тәулік бойы жұмыс істейді. Мұндағы
ЭКГ жүйесі облыс орталығындағы кардиологтарға онлайн-режимде ақпарат жіберіп, қорытынды ала алады. Соның нәтижесінде науқасқа дер кезінде көмек көрсетуге мүмкіндік бар, - дейді ол.

Еңбек ардагері Тоқтасын Ахметов те дәрігерлік амбулаторияның жаңа ғимаратқа көшірілуі тұрғындарға тиімді екенін тілге тиек етті.

- Осыдан 2 жыл бұрын ауылымызда жаңа мектеп салынды, мәдениет үй жөнделіп, асфальт төселді. Таяуда талай жыл бойы бос тұрған ғимарат жаңа кейіпке еніп, емдеу мекемесіне беріліп, көпшілікті қуантты. Енді қараусыз қалған көпқабатты үйлерді кәдеге жаратсақ, жақсы болар еді, - дейді қарт.

Қалқамандағы ғимаратты күрделі жөндеу үшін 99 млн. 517 мың теңге жұмсалды. Ал Евгеньевка ауылында дәрігерлік амбулатория салуға 135 млн. теңге бөлініп, ол да қазан айында қолданысқа берілді. Бұған дейін дәрігерлер әкімдіктің ескі ғимаратының жартысын жалға алып, жұмыс істеген еді.

Ақсу орталық ауруханасының директоры Мақсат Мұқашевтың айтуынша, ауылдық жерлерде кадр тапшылығы жоқ. Ал қаладағы емдеу мекемелерін білікті мамандармен қамту мақсатында олардың әлеуметтік мәселелерін өз мойнына алып отыр. Мәселен, Ақсу қаласында баспанасы жоқ дәрігерлер пәтер жалдайтын болса, 3 жыл аралығында пәтерақы аурухана қаражаты есебінен төленеді. Оған қоса, орталық аурухана балансында 4 үй бар. Осындай мүмкіндіктерді мүлт жібермеуді қалағандықтан болар, жыл сайын дәрігерлер қатары жас мамандармен толығуда. Биыл оларға неонотолог, акушер-гинеколог, хирург қосылды.

 

 

Алаң ашпақ

Ақжол ауылындағы «Бауыржан және Ж» шаруа қожалығының төрт түлік өсіріп, жергілікті нарықты етпен қамтып отырғанына 20 жылдың жүзі болды. Ендігі ретте шаруашылық басшылығы бордақылау алаңын ашуды жоспарлап отыр.

Бауыржан Түсіпбеков басшылық ететін шаруа қожалығында 1000 бас ірі қара,
500 жылқы және 1200 қой бар. Шаруашылыққа қарасты қасапханада сойылған мал еті көбінесе Екібастұз қаласындағы базарларда саудаға шығарылады. Сонымен қатар Шымкент қаласынан саудагерлер арнайы келіп, төрт түлікті бордақылау орындарына әкетеді. «Бауыржан және Ж» шаруа қожалығы да таяу арада 40 бас ірі қара мен 20 жылқыға арналған бордақылау алаңын салуға ниетті.

- Жыл сайын ауыл шаруа-шылығына көп көңіл бөлініп келеді. Мемлекет тарапынан жеңілдетілген дизельді отын беріледі, селекциялық жұмыстарға, техника сатып алуға жұмсалған қаржының бөлігі субсидияланады. Мұндай қолдау кәсіпті дамыта түсуге ынталандырады, - дейді Б.Түсіпбеков.

Шаруашылық малдың қысқы азығын дайындау үшін былтыр екі трактор, шөпті дестелейтін бірнеше техника сатып алған еді. Соның нәтижесінде ерте қамданып, 2 мың тонна шөп дайындады. Одан бөлек, картоп, бидай егеді. Жиналған өнімді аз қамтамасыз етілген отбасылармен бөлісуді де ұмыт қалдырмайды.

- Бұл шаруа қожалығы көп көмек көрсетеді. Мысалы, биыл мәдени-сауық орталығын жөндеуге 1,5 млн. теңге бөлді. Жақында мектеп ұжымына 250 мың теңгелік музыкалық аппаратураны сыйға тартты. Оған қоса, жолды қардан тазалау, шөп, азықпен қамтуда да қолғабыс етеді, - дейді Қалқаман ауылдық округінің әкімі Орда Ермекбаев.

Бауыржан Жамбылұлы Қытайға қой етін экспорттау туралы ұсыныстың болғанын да айтып қалды. Бұл бағыттағы іс сәтті жүзеге асса, кәсібінің аясы кеңейе түспек.

 

Айқарманы әзірлеген - Құндыз ҚАБЫЛДЕНОВА,

Суреттерді түсірген - Е.ЖҰМАДІЛОВ,

Ақсу қаласы мен ауылдық аймағы.

saryarka-samaly.kz