Баяғы өткен заманда,
Дін мұсылман аманда,
Ақшиман атты ел болыпты,
Осы елді мекенде
Жәнібек деген ер болыпты.
Он беске жасы толыпты,
Ат үстіне қоныпты.
Тұлпары — Құлатай,
Құлатай мен Жәнібек
Талай арлан соғыпты.
Күндердің күні болғанда
Халқы оған жолықты:
«Сен жоқта, батыр, ауылға,
Қалың қалмақ шүйлікті,
Сенің ордаң бар жерге,
Олар келіп, үй тікті.
Қолға түскен жастарды
Өз еліне әкетті,
Төкті жеріме нәубетті.
Ұлы болсаң қазақтың,
Қайтарғай қалың жұртыңның,
Қалмақта кеткен шер-кекті»
Батыр айтты оларға:
«Қалмақта кеткен шер-кекті,
Екі есе қылып қайтарам.
Қалмақ әкеткен жастарды,
Алып келем елге қайтадан».
Деді де, қалмаққа аттанды.
Құлатай зулап келеді,
Жеткізбей құстың қанатын.
Әкелді алыс жерлерге
Құс қанаты талатын.
Алдынан үлкен су шықты,
Су артынан бу шықты,
Қалмақтың елі осы еді.
Шуылдап қалмақ есі шықты,
Көрмепті мұндай сұмдықты.
Аш қасқырдай Жәнібек,
Қалың қалмаққа шүйлікті.
Ең соңында хан қалмақ,
Қолына алып қаруын,
Ойқастап ортаға шығады:
«Елі үшін мына сен тусаң,
Өз елім үшін мен тудым.
Қусаң кегін қазақтың,
Қалмақтың кегін мен қудым.
Егер де жеңсең сен мені,
Босатам тұтқын барлығын,
Бұл - менің хандық жарлығым.
Егерде жеңсем мен сені,
Еліңді қырам түбімен,
Айырам жайлау, көлінен».
Келісіп осы сөздерге,
Екі алып шалысты,
Біріне қылыш салысты.
Осылай айла-әдіспен
Алты күндей алысты.
Жасы үлкен хан қалмақ,
Шыдамай басқан зор күшке,
Тізесі кетті бүгіліп,
Сауыты кетті сөгіліп,
Тәңірі сәтін сап беріп,
Дұшпанның басы найзаға,
Кетті байғұс ілініп.
Бейшара қалмақ шу етті,
Аспанын оның түнертті.
Зынданнан босап тұтқындар,
Алғысын ерге жаудырды.
Риза болып еріне.
Аттанды олар еліне!
Қазақта шалқар көлдер бар,
Қазақта алқап жерлер бар.
Достықты сүйген қазақта,
Қорғайтұғын ерлер бар!

Әлімжан СЕРІКБАЙ,
Май ауданы.

 

 

Ауылым — алтын бесігім

Егерде сіз Май ауданындағы Қалмаққырылған тауын көруге келсеңіз, онда таудың етегінде іргелі ауылды көресіз. Бұл менің кіндік қаным тамған жер – Ақшиман ауылы. Ауылымыздың табиғаты өте әдемі, жері шұрайлы да құнарлы.

Ақшиман ауылы төңірекке тек ғана қалмақты ойсырата жеңген Қалмаққырылған тауымен ғана емес, атақты бақсы Қайса ата Нұрғазыұлының есімімен де байланысты. Атамыз өз заманында көмекке зәру, ауруға душар болған жандарға қол ұшын беріп, емдеп, науқасынан арылтып отырған. Елде осындай ардақты адамды ұлықтап, 2013 жылы туғанына 125 жыл толғанын аудан көлемінде аталып өтті. Бұл іс-шарада атамыздың кесенесі жаңадан бой түзеп, дұға оқылып, ас берілді.

Қазір ауыл бейнесі басқа кейіпке енді. Ауыл тұрғындары қыстан қысылмай шығу үшін шаруаларын қамдауда.

Бізде ауызсу мәселесі оң шешімін тауып жатыр. Жаз айларынан басталған жұмыстар қазір аяқталып та қалды. Су құбырлары тартылып, бұл жұмыстарға ауыл азаматтары да жұмылдырылды.

Ал, салауатты өмір салтын дамытуда ауыл жастары сүбелі үлес қосуда. Мысалы, «Қайса ата» командасы - ұлттық ойын - көкпардан аудан, облыстық ойындардың жеңімпазы. Команда құрамындағы ағаларымыз облыстық құрамаға еніп, республикалық деңгейде өнер көрсетіп жүр.

Ақшиманда дертке дауа беретін емхана, адамның иманын шыңдайтын мешіт, өнердің қыр-сырына баулитын мәдениет үйі, оқу-тәрбие беретін еңселі білім ордасы, сонымен қатар достықты ту еткен, қонағын құдасындай сыйлайтын халқы бар. Ақшиман - ежелден іргесінде ізгілік, төрінде татулық орын тепкен ауыл, құтты мекен. Мен осындай жерде, осындай ауылда туғаныма қуанамын және өз ауылымды мақтан етемін!

Жан ҚАБДЫКӘРІМОВ,
Май ауданы.

saryarka-samaly.kz