Оймақтай ой М.Жыланбаев: «Жүгіру тек спорт емес, ол – бақыт гормонын бөлетін құбылыс»

Қыста жүгіру - жанның рахаты

Байқағаным, көптеген адамдар қыстыгүні жүгірудің жаздағыдан гөрі әлдеқайда пайдалы екенін білмейді екен. Бұл жерде қыста адамның ағзасы ұйқыға кетіп, денесі майды көбірек жинайтынын ескеру керек. Қыста біз аз қимылдап, көп ұйықтаймыз, тоя тамақ ішеміз. Мұның бәрі - генетикалық тұрғыда бойымызда қалыптасқан табиғи құбылыс.

Жалпы, біздің қыста таза ауамен аз тыныстайтынымыз рас. Аталған кемшіліктердің орнын жүгірумен ғана толтыруға болады, бұл ағзаға керекті оттегі қорын береді. Оттегін молынан пайдалану және жүгірумен шұғылдану ағзадағы майлардан арылуға үлкен мүмкіндік береді. Яғни, қысқы жүгіру арық-тауды қалайтындарға да әмбебап әдіс.

Қыстыгүні ауада аэроион деп аталатын қуат беруші бөлшектер көбірек болады. Олар жүйке жүйесіне оң әсер етеді. Күн сайын жүгіру Сізді суық тиюден сақтайды, бас миының, жүректің, басқа да органдардың қан тамырларының еркін жұмыс істеуіне әкеледі. Қыста миға қан құйылу және инфаркт оқиғаларының аз кездесетіні де тегін емес. Сондықтан, жылдың бұл мезгілінде жүгіру аса пайдалы, бойыңызға жаңадан күш-қуат сыйлап, сергектік дарытады.

Өкінішке қарай, әркімнің таңертең ерте тұрып, жүгіруге бет алуы қиын. Себебі, жылы пәтерден аязды немесе боранды далаға шығу үшін де ерік-жігер керек. Өзіңізді мәжбүрлемесеңіз тағы болмайды. Сонда ғана жан рахатына бөленесіз.

Егер Сіз бойдағы үрейді, немқұрай-лылықты жеңіп шықсаңыз, ондай теріс қасиеттерге «соғыс» жарияласаңыз, – Сіз үшін жаңа кезең басталады.

Мен 5 жылдан астам уақыт (1990-1995 ж.ж.) күніне екі марафоннан (85 шақырым) кез-келген ауа райында жүгіріп отырдым. Сізге айтайын, +40 градусқа (ыстық) қарағанда -40 градуста (суық) жүгірген әлдеқайда жеңіл. Суықта жүгіргеннен сырқаттанып қалған адамды, спортшыны кездестірмедім. Ал ыстықта, қапырықта ондай оқиғалар жиі болып тұрады. Барлығы мені планетаның ыстық жерлерінде жүгіргенімді, әлемнің шөл далаларын кесіп өткенімді жақсы білетін болар. Мен сондай-ақ қыста да жүгірумен айналыстым.

Бірде Баянауыл ауданының Жосалы ауылынан Екібастұз қаласына дейін тайғанақта 130 шақырым жүгіріп өткенім бар. Канадада өткен қиыр солтүстіктегі, полярлық шеңберден 100 шақырымға әрі кететін халықаралық супермара-фонға қатыстым, екінші болып келдім. Ал 1991 жылы қыстың қақаған тұсында Екібастұздан Алматыға дейін 1400 шақырым аралықты 16 күнде (күніне 87,5 шақырымнан) бағындырдым. Сондай-ақ, ішкиім мен майкіде Еуропаның ең қарлы әрі биік тауы Эльбрусқа дейін қарлы және мұздақты жерлер арқылы 2-ші болып жүгіріп жеттім. Ленинградта «Өмір жолы» атты қысқы марафонға қатыстым, іш киімде, майкішең және жалаңаяқ жүгіргім келіп еді, ұйымдас-тырушылар рұқсат етпеді. 1990 жылы Барнаулда өткен 85 шақырымды қысқы марафонда 2-ші орын алдым. Қыс мезгілінде қана жүгірсем де денемнің бір бөлігіне суық тигізген немесе үсітіп алған оқиға кездеспеді. Бұл жерде маған Катляров және Иванов жүйелері арқылы, шыныға отырып жүгіру әдісін игеруім көп көмектесті.

Бүгінде менің қасыма жаңада қосылған жаңа достарым -30 градус аязда жүгіруді үйреніп алды. Олар-дың жүгіру тәжірибесі өте аз, небары бір-екі ай ғана айналысып жүр.

Қыста жүгірудің алғышартының бірі – дұрыс киіну

Яғни ауа райының салқындығына және жеке денеңіздің суықты сезіну мүмкіндігіне қарау керек. Одан соң, алдымен денені қыздыру жаттығуын жасап алып, дұрыс жүгірсеңіз, менің шәкірттерім секілді тоңбайсыз, еш жеріңізді үсітіп алмайсыз.

Қысқы жүгіру үшін қалай киінген жөн?

Басты қағида – киім бірнеше қабаттан тұруы керек. Қалың бір киім кигеннен гөрі бірнеше жұқа киім киген жақсы. Сыртынан міндетті түрде жеңіл күртеше және бір өлшемге (размерге) кең, желден қорғайтын матадан тігілген шалбар (ветровка).

Көпқабатты киім кию – жүгіру барысында температураға сәйкес әрекет етуге тиімді. Яғни, ыстықтасаңыз, біртіндеп шешіп, жеңілдеп отырасыз. Ондай киімдер кір болғанда жууға да, кептіруге де ыңғайлы.

Суықтан қорғану тәсілдері

Ауа температурасы -25-тен асса, әсіресе күн желді болса, бетіңізді жабыңыз. Ол үшін бафф, шарф немесе балаклав (маска) құралдарын қолдануға болады.Бетті жабуға арналған жүн маскалар бар, «шаңғышыларға арналған маска» деп аталады, спорт дүкендерінде және арнайы киімдер ұсынатын бутиктерде сатылады. Шапка, қолғапты (перчатка) бір өлшемге үлкен алуға тырысыңыз.

Әр адамның суыққа төзімділігі әртүрлі. Сондықтан, тоңдырмайтын да, ыстықтатпайтын да, орташа қалыпта жылы ұстайтын киімдер таңдауыңыз қажет. Аяққа әдетте кроссовка киюге болады. Торлы болса жарайды, тек үлкендігі 1,5 өлшемге (размер) артық болуға тиіс. Көктайғақта жүгірер болсаңыз, ескі кроссовкиіңіздің табанына пиманың киізін желімдетіп (аяқ киім жөндеу шеберханасында) алсаңыз, дұрысы сол. Әрі жылы, әрі тайғанақ емес.

Шұлықты да осылайша бірнеше қабаттан киген дұрыс.

Жазғы жаттығуға қарағанда қысқы мезгілде жүгірудің пайдасына тоқталдық. Әрине, «минусы» бар: күн тез қараяды, көктайғақта құлап қалу қаупі бар, қырыққабат секілді киінесіз. Бірақ мұның бәрі арнайы жолағы бар құралдың үстінде жүгіруден немесе 1 шақырым үшін 20 рет бұрылыс жасайтын шағын жабық залдан гөрі әлдеқайда жақсы. Айтпақшы, жүгіру жолағын ұзақ уақыт босатпайтын марафоншыларды фитнес-клубтарда ұнатпайды. Алдыңызға мақсат қойыңыз да, тәнге пайдалы, жанға рахат қысқы жүгіруден ләззат алыңыз.

Соңында жеке өмірімнен бір күлкілі оқиға келтірейін:

Қыстыгүні Екібастұз қаласының саябағында жалаңаяқ, ішкиіммен, майкішең жүгіріп келемін. Қарсы алдымнан баласы бар әйел шыға келді. Баласы мені көре сала:

- Ананы қараңыз, бір ағатай жалаңаяқ жүгіріп келе жатыр, - деп айқай салды.

Анасы бұрылып, маған қарады да:

- Мәссаған, ол ағатай суыққа шалдықты, қара да тұр, - деді...

 

Әзірлеген – Нұрбол ЖАЙЫҚБАЕВ.

 

saryarka-samaly.kz