Ғалымбек Сағымбайұлының есімі Ертіс-Баян өңірінің әдебиетсүйер қауы-мына жақсы таныс. Жазушының тырнақалды әңгімелері 1980 жылы «Арман қанатында» жинағына енген. Алғашқы кітабы «Трактор қалай жасалады?» деген атаумен
1984 жылы шықты. Міне, содан кейін әр жылдары баспадан өткен «Жалғас - жауынгердің баласы», «Кең аулалы үйденбіз», «Ана өсиеті», «Сағыныш сазы», «Кемел елдің кемері», «Мәшһүр тағылымы», «Сары белең» әдеби-публицистикалық кітаптары мен балаларға арналған «Біз 42 әріппіз», «Жеңіс жалауын желбіреткен» деп аталатын жинақтары өз оқырманын тапты. Ғалымбек аға алғаш еңбек жолын облыстық «Қызыл ту» «Сарыарқа самалы» газетінде тілші болып бастап, жауапты хатшы, редактордың орынбасары қызметтерін атқарды. Кейін қалалық «Шаһар» газетінің редакторы болды. Ол облыстық «Найзатас» журналының бас редакторы қызметін атқарып, құрметті еңбек демалысына шықты.

Шара барысында облыстық мәдениет, мұрағаттар және құжаттама басқармасы бөлімінің бас маманы Қайыргелді Қаракесеков облыс әкімі Болат Бақауовтың құттықтау хатын табыс етті. Сонымен қатар, «Ертіс Медиа» ЖШС директорының орынбасары Жұмабек Сманов, Қазақстан Жазушылар одағының облыстық филиалының директоры, ақын Арман Қани, Бұқар жырау атындағы әдебиет және өнер музейінің директоры Мағзия Әбенова сөз сөйлеп, Ғалымбек ағаның барша әріптестерінің сәлемі мен құттықтауын жеткізді.

- Ғалымбек Жұматовтың жазушылық жолы журналистикадан басталды. Ал бүгінде жазушы ретінде танылып, өз оқырмандарын тапты. Ғалекеңнің қаламгерлік қарымын бүкіл қазақ елі біледі. Бұл кісінің бір ерекшелігі - кейінгі шыққан жас буынның қаламгер ретінде қалыптасуына ерекше көңіл бөлді. Бүгін 65 жасқа келді дейтін болсақ, нағыз толысып, кемелденген шағына жетіп отыр. Сондықтан алдағы уақытта тағы поэзиялық, прозалық шығармалар жазады деп сенеміз,
- деді Арман Қани.

Шара барысында Ерлан Рахымов, Ержан Шәріпханов, Алмат Орынбаев сынды өңіріміздің өнерпаздары әсем әннен шашу шашты.

Тілеуберді САХАБА

saryarka-samaly.kz