Талай рет облыстық, республикалық өнер сайыстарына қатысып, көпшіліктен лайықты бағасын алған, Республикалық дәрежедегі «Мәдениет қайраткері» төсбелгінің иегері, Баянауылдың тумасы, әндерін сырнаймен сүйемелдеп орындайтын – Рымбек Игенұлы Баязитовтің өнері мақтанышпен айтуға тұрарлық деп есептеймін.

Рымбек өнерлі отбасынан шыққан. Әншінің әкесі Иген Баязитов - атақты Қоянды жәрмеңкесінде көпке танылған асқақ дауысымен Майра Уәлиқызы Шамсутдиновамен ән салған. Иген ағаның інісі Несіпбек Баязитов те талантты әнші болған.

Баянауылдық майдангер жазушы Қалмұқан Исабаев «Бақытты сәттер» кітабында: «Біздің класта Баязитов Несіпбек деген вожатый болды. Өзі ылғи әскери форманы еске салатын киім киіп жүретін. Белін бекім буынған оның тіп-тік тұлғасына қызыға қарайтынбыз да, жүріс-тұрысымыз да соған ұқсауға тырысатынбыз. Оның үстіне Несіпбек тартпайтын музыкалық аспап кемде-кем, сырнайын соза кеп ән шырқағанда бізге ол зор дауысымен клубты көтеріп тұрғандай болып елестеуші еді. Ал билегенде аяғымен салатын музыка үнімен үйлесімді тақ-тұғы кімді болсын таңдай қақтырмай қоймайтын.

Менің алғашқы вожатыйым жөнінде айтатын тағы бір сөзім бар. Несіпбек
1939 жылы Алматы консерваториясына оқуға аттанды. Келесі жылы Қазақтың опера және балет театрына әнші болып орналасыпты дегенді естіп, төбеміз көкке жеткендей болып жүрдік. Күләш, Қаныбек Байсеитовтер және Құрманбек Жандарбеков сияқты таланттармен қазақтың опера өнерін дамытуға үлес қосып жүр. Оңай ма?

Несіпбек жөнінде содан кейінгі хабар алпысыншы жылдардың аяқ кезі мен жетпісінші жылдардың бас кезінде келді. Сталинград жеңісінен екпін алған Совет Армиясының фашист басқыншыларын батысқа қарай дүркірете қуғаны белгілі. Сол шепте болған Несіпбек Баязитов ротасы Воронеж облысының Новая Калитва мен Украинаның Изюм қаласына жауды өкшелей отырып бірінші болып кірген екен. Бүгінде Новая Калитваның бір көшесі. «Н.Баязитов» деп аталып изюмдіктер оны қаланың мәңгі Құрметті азаматы етіп сайлап алған екен.

Павлодарға барған сайын облыстық өлкетану музейіне кіріп, осылар жөніндегі хабарды оқып, «әне, менің вожатыйым қандай адам болған» деген ойдан мейірім көтеріліп қалады. Жалпы, Баязитовтер семьясы – Несіпбектің ағасы Иген ақсақалдан бастап балаларына дейін түгел өнерлі болатын. Ең кішісіне дейін сахнаға қымсынбай шығып әндетіп тұрғаны...» деп жазыпты. Ең кішісі дегені - біз сөз етіп отырған Рымбегі. Үлкен сахнаға сол кездегі өнер тарландары Бейсенбай Түсіпбаев (мәдениет үйінің директоры), Қабиден Сақипов (көркемдік жетекшісі), ағалары Қылышбек, Аман Баязитовтармен 1960 жылы әртістердің ең кішісі болып ән салған.

15-16 жаста Баянауылдық танымал өнерпаздар: Қазына Субекова, Нұркен Шұғатаева («Алтын домбыра» (2015) иегері жерлесіміз Асылбек Шұғатаевтың әжесі) Леонид Ворошиловтармен ең жас әнші болып үгіт бригадасында өнер көрсеткен.

Баязитовтар әулеті - тума талант иелері. Барлығы да сырнайда жақсы ойнайды. Музыканы жандары сүйеді. Бірнеше тілде ән айтады. Орыс, қазақ, түрік, грузин тілінде ән салғанда талантқа тамсанбай қол соқпайтындар болмайды.

Әншінің үлкен ағасы Қылышбек Игенұлы көп жылдар басшылық қызмет атқарып, бүгінде зейнеткерлік жаста Павлодар қаласында Естай атындағы мәдениет сарайында «Ертіс - Баян» әуендері атты зейнеткерлерден құрылған ансамбльдің ұйымдастырушысы және жетекшісі.

Екінші ағасы марқұм Аман Игенұлын жұртшылық Баянауылдың Шәмші Қалдаяқовы дейтін. Ол – әрі әнші, әрі сазгер, ақын, музыкант. Қырыққа жуық ән шығарды. «Ақбеттау вальсі», «Баяным», «Астана», «Анама», «Сәлем Ертіске», «Наурыз» әндері тыңдарман қауымның жүрегінен орын алды. Аман ағасының әндерін сүйіп орындап, көрерменге насихаттайтын - інісі Рымбек. Ағайынды Баязитовтер салған асқақ әндерге баянауылдық жерлестер талай рет дүркірете қол соққан. Олар жай ғана әншілер емес, тума таланттар.

«Жігітке жеті өнер де аз» дейді. Рымбек Игенұлы әншілігімен қоса сырнай, гитара, домбырада тамаша ойнайды. Биден де құр алақан емес «Ритмичес-кий танец», «Чечетка», «Сыған биін», «Яблочко», «Қара жорға» билерін билегенде буынсыз жан ба деп қаласың. «Қара жорға» биін Рымбек Игенұлы 15-16 жастағы ержеткен баладай орындайды. Топ ішінен көзің Рымбекке қадалады, би біткенше содан көз алмай сүйсініп қарап тұрасың.

Жалпы, Рымбек Игенұлы патриоттық әндерді орындағанды жақсы көреді. Оның репертуарында Н.Тілендиевтің, Е.Хасанғалиевтің әндері баршылық. Дауысы баритон болғандықтан, Ермек Серкебаевтың орындауындағы әндерді де жақсы көріп, тыңдаушы жүрегіне жеткізе білді.

1986 жылы Баянауылда құрылған «Беу жігіттер» ансамблінің алғашқы жетекшісі де Рымбек Игенұлы болды. 2000 жылы ансамбль қазақтың ұлттық ән өнерін насихаттап, халық алдында сіңірген еңбектері үшін Қазақстан Республикасының Мәдениет Министрлігінің шешімімен «Халықтық» атағына ие болды. Бұл атаққа Рекеңнің қосқан үлесі мол. Рымбек Игенұлы «Беу жігіттер» ансамблінің құрамында Қабардин–Балқар мен Ресей Федерациясында (Славгород қаласы) өткен Халықаралық және Дағыстан республикасында болған Бүкілхалықтық өнер фестивальдерінде ән шырқады.

Әнші–сазгер Новосібір облысының Красноозерск ауданында өткен ұлттық «Наурыз мейрамына» арнайы шақырылған бір топ облыс өнерпаздарының қатарында болып, сол елдегі ағайындар алдында үш күн бойы өнер көрсетті. Рымбек 1987 жылы алғаш рет ансамбль республикалық телефестивальдің лауреаты атанғанда Қазақстан атынан «Жас гвардияшы» мәдени–үгіт поезымен Батыс Сібірдегі құрылысшылар мен мұнайшылар, газ игерушілер алдында берілген концерттерге қатысты.

Негізі кез келген әнші сахнаға өзіндік өнерімді қалыптастырсам деп келеді, көптің бірі емес, өнерден өзінің ойып алар орнын табуды мақсат етеді.

Алла тағала Рымбек Игенұлының өзіне лайықты әдемі дауыс берді. Сол дауыспен ол үнемі сахна төрінде ерекшеленіп тұрады. Рымбек Баязитов барлық саналы ғұмырын өзі сүйген өнер жолына арнаған. Ұлы Несіпбек те - өнерлі. Аудан орталығындағы Жаяу Мұса атындағы өнер мектебінің сырнай класын бітірген. Немересі Диастың да талабы зор, атасы сияқты тамаша би билейді. Үнемі мектеп жанындағы үйірмелерге қатынасып жүреді. Жұбайы Гүлжанат та - көп жылдар аудандық мәдениет үйі жанында орналасқан кітапхана жүйесінде 30 жылдан астам кітапханашы болып қызмет атқарған еңбек ардагері.

Әншінің немересі Диас Рекеңнің туған күніне «Ақылшы атама» деген арнайы жазуы бар открыткада:
Ғазиз ата, өнегелі өміріңіз,
Ақ пейіл ескен ылғи көңіліңіз,
Ақылың – біздер үшін өмірлік жол,
Әрдайым қайраттанып көрініңіз,- деген сөзі бар тілекті арнапты. Біз де бала тілегі қабыл болсын деп әншіге шығармашылық табыс тілейміз!

Үміт САҒЫМБЕКОВА, Баянауыл ауданы.

saryarka-samaly.kz