Балалық шағынан суретші болуды армандаған Нұрлан Мұхамеджанұлы сексенінші жылдардың ортасында Алматыдағы Н.Гоголь атындағы суретшілер училищесіне оқуға түсіп, кең бейінді суретші-көркемдеуші мамандығын алды. Бұдан кейін Т.Жүргенов атындағы Өнер Академиясын суретші-интерьер мамандығы бойынша тәмамдап, еңбек жолын Суретшілер Одағының Қарағанды ұйымында бастап, осы қалада Суретшілер одағының құрамына қабылданды.

Қылқалам иесі бірқатар облыстық, қалалық, республикалық және шетелдік көрмелерге қатысып келеді. Сурет салумен қатар, Астана, Павлодар және Қарағанды қалаларындағы бірқатар монументалды объектілерді өңдеуге және жасауға қатысты. Олардың қатарында Шортандыдағы Абылайхан ордасы, Астанадағы цирк, Саяси қуғын-сүргін құрбандарына арналған ескерткіш пен Қарағандыдағы Тәуелсіздік стелласы, Павлодар Өзен портына кіре берістегі белгі және Кардиоорталық жанындағы асық композициясы туындылары көпшілік көңілінен шықты.

Қылқалам шебері қазір Ж.Аймауытов атындағы қазақ музыка-драма театрында суретші болып еңбек етеді. Өнер ордасындағы көптеген қойылым декорацияларының авторы.

Сурет әлемінің әр алуан саласында шығармашылық қабілетін танытып жүрген Нұрлан Мұхамеджанұлының шығар биігі әлі алда деп білеміз.

С.ТАУҚЫЗЫ.

saryarka-samaly.kz