- Мен тың шығармалар жазуды тоқтаттым. Сексен деген оңай жас емес екен, қарағым. Компьютерде біраз отырған соң, көз шаршайды. Сөзім бұзылып кетті,
5-ші бетте жазғанымды 10-шы бетте қайталайтын болдым. Жадым нашарлады. Телевизор қарамаймын. Кеше бір каналдан драма көрдім, ұнамады. Тереңдік жоқ, бүгіннің кәкүр-шүкір бірдеңесі. «Сәтбаев» шыққанда (кітабын айтып отыр. С.М.) маған келген 500-600-дей хат бар. Соларды жинап жүргем. Осы хаттарды тергізіп алдым. Енді компьютерге отырып, солардың грамматикасын түзеп, жылдарын белгілеп, рет-ретімен қойып жатырмын.

- Медеу аға, «Сәтбаевқа» қалай келдіңіз?

- Жас кезім. Әдебиетке қалам сілтеп жүргенмін. Бірде Әдебиет институтында істейтін бажам Балтабек Ысқақов хабарласып: «Сені Әлкей Марғұлан көргісі келеді» деді. Бұрын-соңды көрген кісім емес. Келсем, алдында менің қияли хикаяттарым жатыр. Соларды біраз мақтап алып: «Қарғаш, қияли жанрды тежей тұрып, Қаныш Имантайұлы туралы деректі кітап жазсаң қайтеді? Саған осы істе ақылшы болуға әзірмін», - деді. «Қанекеңнің өмір жолын, елі үшін атқарған алуан ісін даралап, ғылымын саралап көрсету - қиын іс. Өрем де жетпейді...» – деп едім, Әлкей Хақанұлы: «Міне, біздің қазақтың бейшаралығы. Техникалық білімге иесің, әдебиетке бейімің бар, келешек өміріңе рухани азық болар ой айтсам,
«Ойбай, шамам келмейді...» деп азар да безер боласың. Ау, сонда мен қазақтың маңдайына біткен ұлы Қаныштың ғұмыр жолын әспеттеуге Мәскеудің жебірейін шақырамын ба? Сен менің қарнымды қарадай ашырдың, Медеу шырақ...» - деп қолын сілтеді. Қорқа-қорқа ақыры келісім бердім.

Әлекең мені Қаныш ағаймен таныстыратын болды. Амал не, 6-7 айдан соң жағдай күрт өзгерді. 1964 жылдың ақпан айының 1-і күні Мәскеу радиосы Қ.И.Сәтбаевтың ауыр сырқаттан Кунцево ауруханасында қайтыс болғанын хабарлады. Қатты өкіндім. Ағамен жүзбе-жүз кездесіп, өмір жолына бағыт-бағдар ала алмай қалғаным жаныма батты. Бірақ зауыттағы жұмысымды атқара жүріп, облыстық мұрағаттан біраз мәлімет-дерекке қол жеткіздім. 4-5 жылға созылатын зерттеу жұмыстың жобасын да белгілеп қойғанмын. Бір тәуірі, менде осы тақырыпқа деген құштарлық пайда болды...

«Сәтбаев» кітабы жазылардан бірнеше жыл бұрын Қаныш ағаның үйіне бардым. Жөнімді біліп, шаруамды естіген соң жұбайы Таисия Алексеевна:
«Қаныш Имантайұлын қашаннан бері білесіз?» - деп сұрады. Шынымды айттым. «Онда, жаным-ау, ол кісі туралы қалайша кітап жазбақсыз?» деп шошып кетті.

Павлодардан балалық шағын іздедім, Семей мен Томнан жігіттік кезін, Жезқазған, Қарағандыдан инженер-барлаушылық еңбегін, Мәскеу, Ленинград, Алматыдан ғалымдық, мемлекеттік қызметтеріне тәнті болдым. 400-ден астам сан алуан мамандық иелерінен бастап, ғалым, партия-кеңес қызметкерлерінің естеліктерін жазып алдым. Бұл роман не повесть емес, бұл – Қаныш ағаның басынан кешкен оқиғаларын әр кезеңге бөліп, тағдырына еншілес болған адамдарды куәлікке шақырып, ол жүзеге асырған игілікті істерді арқау еттім, оларды көркемдеп, әдеби сомдап, тарихшы көзімен даралап, деректі ғұмырнама жаздым. 1980 жылы Москвадан «Молодая гвардия» баспасынан дүние жүзіне әйгілі «Тамаша адамдар өмірі» (ЖЗЛ) сериясында басылды. Одан кейін толықтырылып, 1988 жылы 2-ші рет шықты. Қазір санап қарасам, қазақшасы – 9 рет, орысшасы – 9 рет – барлығы 18 рет - 328 000 таралыммен жарық көріпті. Қаныш Имантайұлына арналған еңбектер үлкен қиындықпен шықты... Жалпы, кітаптарымның таралымы
1 миллионға жақындады. Сәтбаев Мәскеуден - 30 мың, Алматыдан 90 мың таралыммен шыққан-ды. Бекмаханов кітабы 2010 жылы жарық көрді...

- Ғафу етіңіз, Қаныш Имантайұлының қазақша алгебра оқулығын жазғанын білеміз. Осы оқулық жарыққа шыққан ба еді?

- Жиырмасыншы жылдардың басында Томда оқып жүргенде Қаныш қатты сырқаттанып, ұстаздарының ұсынысымен оқудан қол үзіп, елге қайтуға мәжбүр болады. Дарынды студенттің денсаулығына алаңдаған мұғалімдері оның қасына жолдасын ертіп жібереді... Денсаулығын күйттеп, ауылға келген болашақ ғалым бір жарым жыл бойы институт бағдарламасын үйде оқып, өзі ертеректе қолына алған «Алгебра» оқулығын қазақшалаумен де шұғылданды. Бұл іспен сырқаттан айығып, беті бері қарай бастағанда 1923 жылы ерекше ден қойған тәрізді. Ол ауылда жатқанда сонау Томнан М.А.Усов бастаған ғалымдар отбасымен келіп, демалыстарын Қаныш ауылында өткізген. Олар жай жатпай, қастарына Қанышты ертіп, қолдарына күрек, қайла алып, тау аралап кетеді екен... Баянауылдағы Нияздың биік шоқылары, Әулиетас, Үкілі, Жыланды, анау Қалмаққырылған, т.б. тауларды аралайды. Олар кеткеннен кейін Қанекең алгебраны қолға алған, әрі Ақмола арқылы Омбыға да барып қайтқан сияқты. Бұл туралы Гүлнәр Міржақыпқызы Дулатовадан естігенмін. Орынборда тұрғанда үйлеріне Қаныштың барғанын, әкесінің «Менің Қанышым» деп қуана қарсы алғанын айтқан-ды, бір сұхбатында. Орынбор ол кезде Қазақстанның астанасы ғой. Сонда тұратын Міржақып та қазақ мектептері үшін «Оқу құралын» және «Есеп құралын» (математика) өңдеп, қайта бастырудың қамында болған және ол ғылыми маман қызметкер еді. Қаныш Имантайұлы «Алгебраның» қолжазбасын 1924 жылы
6 шілдеде аяқтаған. Математика пәні ол кездегі санаулы қазақ мектептерінде қалай болса солай өтетін. Әркім өзінше аударып, долбарлап түсіндіреді екен. Осы жағдай – төл оқулықтың болмауы «Алғашқы қазақ алгебраның» жазылуына түрткі болған.

- Түпнұсқасы сақталған ба?

- Қанекеңнің дербес архивінде оқулық қолжазбасының екі нұсқасы бар екен. Екіншісі латын әрпімен жасалған көшірмесі – 1642 парақ. Бұлар - Сәтбаевтың
25 жасында қолынан шыққан тұңғыш оқулық. Неге «Алгебра» атанған? Сол жылдарда жарық көрген кейбір пән кітаптары, мысалы, Геомет-рия – Пішіндеме, Оқу әдістемесі – Баяншы, Хрестоматия – Қираат кітабы, Психология – Жан жүйесі делініп, ұғымға тұрпайылау атауларға ие болған. Ал Қаныш Имантайұлы еңбегін «Халықаралық есеп тіліне» үйлестіріп қойған. Тегінде ол арабтың «әл-жебр» сөзімен шығыс ғалымы Әл-Хорезмидің есеп туралы трактатының бір бөлімін атауымен қолданысқа енген-ді. Оқулықтағы есептің бәрі латын әріптерімен жазылған. Бұл туралы автор: «Есеп әлпеттерінің меншікті тілі Европа елдерінде латын (Рим) әріптері болып келді, қазақ тіліндегі есеп кітаптарында да әлпеттер мен өрнектер жүйесі бар халыққа ортақ түрде болатын латын әрпімен белгіленуі керек екендігі ұсталып отыр...» деп жазыпты. Бірақ қолжазбада есептер араб әрпімен таңбаланған. «Қазақстанның білім кеңесі бұған жауапты» дей келіп, әлі де болса, есеп белгілерінің мәселесін қайта қарауды, мәдениетті елдердің әлпеттерімен бірдей болса деген ой айтыпты. Бұл тұжырымды ол 1924 жылы шілдеде айтқан, ал ол кезде біз әлі латын жазуына көшпеген болатынбыз. Сонда Сәтбаев студент кезінен-ақ сол күндегі білімді зиялылармен сөз таластырып, есеп пәндерін «халықаралық тілмен» яғни латын әріптерімен өрнектеуге көшетінімізді көрегендікпен болжап және ғылым өрісін де тұспалдай білген. Бұл оқулық қазақ баласының ұғымына сай жазылған. Мысалы, орыстың шошқа, торай дегендерін өзгертіп, тауық, балапан, қой-қозыға ауыстырған. «Алғашқы қазақ Алгебрасы» Академиялық орталықтың Білім кеңесімен мақұлданған. Бірақ оны жарыққа шығару бізге меймәлім себептермен кешіктірілген. Қолжазба дереу Ташкент баспасына жіберілген, 1926 жылы тамызда Халық ағарту комитеті «Сәтбаевтың алгебра оқулығын» 3 мың дана етіп басып шығару» туралы бұйрық та жазған. Бірақ кітап болып жарияланғанын көрген, естіген жанды кездестірмедім. Сәтбаевтың бұл еңбегі нәтижесіз аяқталыпты. Өкінішті!

- Бекмаханов кітабы туралы сөз қозғадыңыз...

- Иә, баспадан шыққан кітаптар туралы сөз еттік қой. Қайбір жылы 6 томдығым, алдыңғы жылы 8 томдығым шықты. Бекмаханов кітабы... Иә, мұны жазуыңа болады... Бұл кітап шыққанда жұрт күтпеген жағдай болды.

Ермаханның туған айы ақпан – қыс мезгілі. Бірақ нақты күнін білмейді. Ол кезде тіркеп, жазып отыру деген болмаған ғой. Әйтеуір ақпан айы екенін біледі. Кейін
16 ақпан болып белгіленді. Ол қалай, оған не себеп болды? «Бекмаханов» кітабын жазуды 1999 жылы бастадым. Бастадым дегенде де, тапжылмай отырғам жоқ, дерек-мәлімет іздестірдім. Оған 12 жыл кетті. Тарихты қопардым. Ермахан Бекмаханов - кеңес тарих ғылымында доктор атағына алғаш ие болған қазақ профессор, ҚА академиясының корреспондент мүшесі. Ол тарихты объективті ғылыми шындық жағдайында зерттеген. ХІХ ғасырдың 20-40-шы жылдары, оның ішінде Кенесары Қасымұлы бастаған халық көтерілісі, отаршыларға қарсы Сырым Датұлы, Исатай Тайманұлы ұйымдастырған көтерілістерден кейінгі үш жүзді қамтыған ең ірі бас көтеру болды. Бұны тарихшылар білсе де, азаттық үшін ұлы аттаныс екенін білсе де, ашық айта алмады. Сол кезгі цензура айтқызбады. Бірақ Бекмаханов айтты, жазды. Сол үшін 25 жылға бас бостандығынан айырды. Ерекеңе қамқор болған ұстазы КСРО-ға (ол кезде корреспондент-мүше) белгілі тарихшы Анна Михайловна Панкратова еді. 1941 жылы Москваға қауіп төнгенде Ресейдің ірі тарихшыларының бір тобының эвакуациялануы, олардың соғыс жағдайында жұмыс істеу керектігі туралы Панкратованың ұсынысы, тарихшылармен бірге сол кезде Халық комиссариатында қызмет істейтін Бекмахановтың жүргені көп жағдайды аңғартса керек. Панкратова шәкіртін құтқаруға 1954 жылдың басында кіріседі. Ол кезде СОКП ОК бірінші хатшысы Никита Хрущев ғалымдармен, өнер қайраткерлерімен беделін арттыру үшін жиі кездесіп тұрған. Бір кездесуде Анна Михайловна бірінші хатшыға Бекмахановтың жазықсыздығы туралы Ресейдің Тарих институтының 12 ғалымының жазып, қол қойған хатын Хрущевке ұстатады. «... талантты 37 жастағы қазақ тарихшысы, ғылым докторы Бекмаханов екі жыл бұрын жазықсыз 25 жылға сотталды. Қызғаныштың құрбаны болды... Осы хатқа қол қойған 12 адам - орыс тарихшы-коммунистері Бекмахановтың адалдығына көз жеткіздік және болашақта оның ғылымға зор үлес қосатынына сенімдіміз», - дейді. Сонда Хрущев бірден КСРО-ның бас прокуроры Р.Руденкоға телефон шалып:

- Роман, қазір менің қабылдауымда белгілі тарихшы, академик Панкратова отыр. Сенің және менің балаларым осы ғалым жазған КСРО тарихын оқыды... Сен Бекмахановқа қатысты мәселені өз бақылауыңа ал! Жалпы, біз саяси тұтқындардың ісін қайта қарауымыз керек, - дейді.

Міне, осының нәтижесінде Сібірде - Якутияда жүрген Бекмаханов аяқастынан Москваға самолетпен жеткізіліп, Бутырка түрмесіне қамалады. Мен осы түрмені өз көзіммен көрдім. Бұл 2003 жыл болатын. Кітап шығару мақсатымен «Молодая гвардия» баспасына барғанмын. Бұл баспа ескі қаланың орталығынан онша алыс емес. Бутырка ХVІІ ғасырда уақытша қылмыскерлерді отырғызу үшін салынған екен. Мұнда шаруалар қозғалысының ұйымдастырушысы Емельян Пугачев,
1863 жылы поляк көтерілісшілері Сибирьге айдалғанға дейін отырған. Сондай-ақ, кезінде бірнеше ай бойы белгілі большевиктер - Н.Э.Бауман, Е.Д.Стасова, Ф.Э.Дзержинский отырған дейді. Ал отызыншы жылдары мұнда қазақ зиялы-лары - Алашорда қозғалысының көсемі Әлихан Бөкейханов, Тұрар Рысқұлов қамалған. Арада неше жыл өткеннен кейін соған дейінгі және сол тарихты қозғаған Ермахан
Бекмаханов қамалды. Бутырканың қабырғасының қалыңдығы бір метрден асады. Мен бұл түрмені арнайы барып көрдім. Түрме бастығы алғашында көрсеткісі келмеді. Ішкі істер министрлігінен рұқсат әкелуім керектігін алға тартты. Мен сөмкемнен кітабымды сыйладым, қолтаңбамды жазып. Сосын барып жүзі жылып, қасыма екі офицерін қосып берді. «Екінші қабаттағы камераларды ғана көріңіз, ешкіммен тілдесуге болмайды» деді. Біз шамы жарқыраған дәлізбен жүріп, бос камераларды көрдік. Астыңғы қабатқа түскенде сөмке көтерген әйелдер мен балаларды көрдім. ХХІ ғасырдағы Бутыркадағы өмір өзінің бұрынғы «міндеттерін» әлі атқаруда екен... Сөйтіп, Е.Бекмахановты осы Бутыркаға жеткізілді дедім ғой.

- Дедіңіз! Сонда бостандыққа осы түрмеден шықты ма?

- Қазір... соған келе жатырмын.

16 ақпанда кезекші надзиратель «Заключенный Бекмаханов, с вещами на выход!», - дейді. Астыңғы қабатқа түсіріп, қолына құжат береді. Өз көзіне өзі сенбей екі қайтара оқып шығып: «Бұл не әзіл?» депті тарихшы. - Сенейін бе, сенбейін бе? Жоғары сот менің ісімді 21 қазанда қарап, мені ақтапты. Содан бері үш жарым ай өтті. Бұны бүгін ғана көрсетіп тұрсыңдар, түсініксіз...

- Азамат Бекмаханов, үш айдан кейін сізді босату жөнінде үкім шыққанға рахмет айтыңыз. Әйтпесе бұдан да жаман болар ма еді... Біздің басшылық сіздегі ауыр сырқатқа байланысты, біздің ведомстводағы арнайы санаторийде емделуіңізге мүмкіндік жасады. Шығынды КССРО Ішкі істер министрлігі өз мойнына алады, - дейді.

- Жолдас капитан, мен отбасымды қатты сағындым. Алдымен үйіме барып қайтайын, - дейді Бекмаханов.

- Сіз боссыз, - дейді капитан күліп. Сізді аулада Тарих институтының машинасы күтіп тұр.

Ғалымды түрме аузынан Тарих институтында қызмет істейтін достары А.П.Кучкин мен И.У.Будовниц күтіп алады. Көздеріне жас алған достары «Біз сені үйімізге алып кетер ек, бірақ Анна Михайловна өз үйінде күтіп отыр» дейді.

Анна Михайловнаның үйіне жеткенше Москваның тар көшелерімен жүріп келе жатып, бірінші кездескен пошта бөлімшесіне кіріп, Ташкентке жұбайы Халимаға телеграмма береді: «Толығымен босатылдым. Москваға жет. Мекенжайым... Ермұхан».

- Ғалымның туған күнін 16 ақпан деп белгілейтіні де осы оқиғаға байланысты емес пе еді...

- Иә-иә. Мына әңгімені аяқтап алайын. «Жиырма жылдан соң» атты естелігінде жұбайы Халима осы оқиға туралы былай деп жазыпты: «Ермұхан түрме киімімен Зубовский проспектісіндегі Анна Михайловнаның бұрынғы пәтеріне келді. Ол үйде оның үй қызметшісі мен қызы Тамара тұратын. Олар Ермұханды құшақ жая қарсы алады». Сонда Анна Михайловна Ерекеңе бір бума ақша беріп, «Бастан-аяқ өзіңе киім сатып ал, Алматыға досың сүйініп, дұшпаның күйінетіндей әдемі киініп баруың керек» дейді. Ермахан киімдер сатып алып, қайта келгенде Анна Михайловна оған бастан аяқ қарап шығып, мойынорағышының жоқ екенін аңғарып, «Неге алмадың?» дегенде, Ерекең «Ақша бітті» депті. Сонда Анна Михайловна тағы ақша беріп, мойынорағыш және отбасыңа сый-сыяпат ал дейді. Сөйтіп, жуынып-шайынып, бастан аяқ жаңа киінген Ермұханды бір топ тарихшы достары, орталарында Анна Михайловна бар, Москвадағы үлкен мейрамханада қарсы алады... Содан кейін жыл сайын Ермұхан Бекмаханұлы 16 ақпанда туған күнін атап өтетін болды. «Дәл осы күні мен әділдікке қол жеткіздім, жарық дүниеге екінші рет келдім. Бұл қуанышты маған Анна Михайловна сыйлады, ол менің екінші анам!..» дейтін болды. Осы 16 ақпан - Анна Михайловнаның Бекмахановты Хрущевке жазып, айтып, 25 жылдық түрме азабынан құтқарып алған күн! Тарихшы түрмеде 528 тәулік, яғни бір жыл бес жарым ай отырады. Халима апайдың айтуынша, ол өле-өлгенше Анна Михайловнаның аналық мейіріміне, өзінің ғалым ретінде қалыптасуына айрықша қамқор болғанына алғыс-ризашылығын айтумен болыпты. «Анна Михайловна аяқ астынан қайтқанда қатты қиналып, жүрегі ауырды. Өзі Москваға келген сайын Новодевичьедегі ұстазының қабіріне барып, анасындай қамқор болған жанның рухына тағзым ететін. Ерекең дүниеден өткен соң оның орнына мен баратын болдым» деп жазады Халима апай.

Сонымен «Молодая гвардиядан» шыққан Бекмаханов кітабының 3-4-уін Павлодарға, 1 данасын Сермұхан Ермаханұлы арқылы ҚазМУ-ге жібердім. Ғалым сол оқу орнында сотталғанға дейін және түрмеден шыққан соң еңбек еткен ғой. Қазір ол оқу орнында «Е.Бекмаханов атындағы аудитория» бар. Университет басшылығы хабарласып, ректоры Ғалымқайыр Мұтанов кітап таныстырылымын өткіземіз деді. Келесі күні тарих факультетінің деканы, есімін ұмыттым, телефон шалып, тұсаукесерге бізге 100 кітап керек деді. Оны қайдан аламыз? деді. Бұған маған Астанадағы «Фолиант» баспасының директоры, өзі осы Павлодардың жігіті Нұрлан Исабеков көмектесті. «Аға, жарты шығынын мен көтерейін, тек кітаптың бірінші бетіндегі «Москва. Молодая гвардия» деген жазуының астына «Астана. Фолиант» деп жазғызсаңыз болды деді. Барлық шығын, тиісті орынға жеткізудің тең жарымын мен мойныма алам» деді. Келістік. 60 мың долларға түсті. 30 мың долларды қарызға алып, бердім. 2 жарым мың кітапты қалай өткіземіз? «Павлодар, Өскеменге өзім сатам, Алматыны өзің ал» дедім. Мен 30 мың долларды қайтаруым керек қой. Университет 100 кітапты 2 жарым мың теңгеден алды. Сөйтіп, Бекмаханов Астанадан тағы басылып шықты. 16 ақпанда университетте тұсаукесер өтті, отбасы 17-сі күні туған күнін атап өтті, одан кейін осы Павлодардағы пединститутта, Екібастұзда, Баянауылда өткіздік. Бұл шараларға тарихшының ұлы Сермұханмен бірге қатыстық. Шығыс Қазақстан облысы да тұсаукесер жасамақ болып еді, мен бас тартып, кітабымды сатып алып, кітапханаларға таратуды ұсындым. «Бекмахановқа» сұраныс басқа облыстардан да түсті. Қазірде менің қолымда небәрі он шақты данасы қалды. Бірер жүз кітапты сыйлық ретінде өзім тараттым. Мерзімді баспасөздің бұл басылымға ықыласы ерекше зор болды. Бәріне де шынайы көңілден рақмет айтамын. Соның бәрін өзімнің еңбегімнен гөрі, Ермұхан тарихшының ел тарихын сомдаудағы жанқиярлық еңбегіне саямын. Университет «Ноқталанған тарихшы» және «Необузданный историк» деген жаңа атаумен аса көркемдеп, көптеген суреттермен безендіріп, қайта шығарды. Менің он екі жыл әуре болған еңбегім ақталды. Ерекеңнің шерлі тарихы өзі еңбек еткен университет ұжымына қайтып оралды. Бұл да, білгенге, Қазақ елінің бүгін қолы жеткен Тәуелсіздігінің арқасы. Ермұхан болса - сол Тәуелсіздіктің туын көтеруші, сол жолда мерт болған нағыз қаһарман!

Өткен 2016 жылы 80 жасқа толу қарсаңында «Фолиант» баспасынан көлемі
852 беттік «Семей қасіреті» атты кітабым шықты. Бұл енді сыпыра шерге толы кітап. 1949-1991 жылдар аралығында Семейде жасалған ядролық жарылыстардың адамзатқа әкелген ауыр қасіреті жайында қалам тербедім.
Мен - Абай ауданының тумасымын, сонда осы зәрлі у - радиация күлін 37 жыл және екі ай жұтқан екенмін.

Әйгілі адамдар жайлы тарихты қопару, ақиқатқа көз жеткізу, жазып, жарыққа шығаруда түрлі кедергілер аз болған жоқ. Цензураға кездестім, жазғандарым кесілді, қиылды. Бұлар жайлы айтарым әлі көп қой...

Шығармашылық жол - ауыр жол! Бұл - замана жүгін көтерген жол! Жеңіл болмады!

Дегенмен қазақтың біртуар ұлдарының өмірінің ақиқатын, халық үшін күрескен жанқиярлық еңбектерін зерттеп, жарыққа шығардым. Бастысы - бәрі сәтті, нәтижелі болды!

- Сұхбатыңызға рақмет!

Әңгімелескен - Сая МОЛДАЙЫП.

saryarka-samaly.kz