Бұл - бұрын-соңды Қазақстан тарихында болмаған ірі жетістік! Отандастарымыз шеберлік көрсетті. Жұдырықтай жұмылған жігіттер бірін-бірі жақсы түсініп, қателіктерге бой алдырмады. Қорғанысты да ұмытпай, дер кезінде шабуылға шыға білді. Ал қарсылас клубтың спортшылары жиі қателесіп, тіпті бірінші таймның басында-ақ шабуылшы Милан Шкоданы Томаш Нецидке ауыстыруға мәжбүр болды. Бұл тұрғыда астаналық қақпашы Ненад Эричтің де шеберлігін атап өткен жөн. Ол бірнеше қауіпті соққыдан қақпасын аман алып қалды.

Ойынның бірінші кезеңінің аяғында «Астана» оң қанаттан айып соққысын орындауға мүмкіндік алды. Нәтижесінде Марин Аничич мүмкіндікті сәтті пайдаланып, отандастарымызды алға шығарды.

Ойынның екінші жартысында қарсылас клуб шабуылдарын үдете түсті. Олар қайтсе де таразы басын теңестіруге тырысып, барын салды. Бірақ бұл күні чехиялықтардың жолы болған жоқ. «Астана» командасына екінші таймда есепті еселудің орайы келмесе де, ойынның соңына дейін нәтижені сақтап қалды.

Осылайша, жерлестеріміз сырт алаңда шеберлік пен бірліктің арқасында тарихи жеңіске қол жеткізді. Астаналықтар оның нәтижесінде алғаш рет Еуропа лигасының плей-офф сатысына шығып, Қазақстан футболына жаңа серпін әкелді.

А.ӘБДІЛҰЛЫ.

saryarka-samaly.kz