«Сенің әлемің» атты балаларға арналған газет Оқушылар сарайында 10 жылдан бері жарыққа шығып келеді.

Фестивальге келген жас тілшілер өз мектептерінің газетін таныстырды. Әр делегация өз мектеп редакциясы туралы шағын сахналық қойылым, газет туралы туындылар оқыды, өнерпаз оқушылар би биледі. Медиа кездесу қазақ және орыс тілінде жүргізілді. Фестиваль бағдарламасы бойынша жас тілшілер үшін облыстық «Сарыарқа самалы» газетінің редакциясына, Халық радио-сына, «Еrtis» телеарнасы, «Баспа үйі» баспаханасы мен Жастар бастамаларын қолдау орталығына танымдық экскурсия ұйымдастырылды.

Сонымен қатар Оқушылар сарайында «Pavlodarnews» ақпараттық агенттігінің тілшілері Роза Мұстафина, Ақбота Сейсенбаева және «Ирбис» телеарнасының операторы Серік Қонақбаев шеберлік сабақтар жүргізіп, жас тілшілерге журналистика мамандығының қиындығы мен қызығы туралы әңгімеледі. Облыстық «Сарыарқа самалы» газетінің журналисі Сая Молдайып жүргізген шеберлік сағаты оқушылардың көңілінен шықты. Оқушылар сарайындағы жас тілшілерге арналған студияларының оқушылары «Қазіргі таңда БАҚ интернетке тәуелді ме?» деген ток-шоу ұйымдастырды. Телешоуда Павлодар облысының танымал журналистері - Юрий Поминов, Фёдор Ковалёв, Елена Вайберт болды.

Фестиваль барысында «Үздік мектеп газеті» атты шығармашылық байқауы ұйымдастырылып, оған 35 мектептен өтініштер қабылданды. Оқушылар сарайының бірінші қабатында мектеп газеттерінің көрмесі өтті. «Ең үздік редакция» номинациясы бойынша бірінші орынды «Балауса» газетімен Ақсу қаласы дарынды балаларға арналған мектеп– гимназиясы иеленді. «Ең үздік ауыл газеті» номинациясы бойынша екінші орын Качир ауданы Байқоныс мектебіне бұйырды. Қала мектептері арасында Екібастұз қаласы №6 мектеп-лицейінің «Голос лицеиста» газеті бірінші орынға шықты. Сондай-ақ бірқатар мектеп газеттері «Жаңалық жаршысы», «Танымдық газет», «Көңілді газет», «Пайдалы газет», «Мемлекеттік тілдегі ең үздік газет» аталымдары бойынша марапатталды. Фестивальге 90-ға жуық жас тілші және олардың 40-тан астам ұстаздары қатысты.

Асем АИПОВА, М.Катаев атындағы Оқушылар сарайының әдіскері.

saryarka-samaly.kz