Белгілі болғандай, бар гәп – ынталандыруда. Себебі, еліміздің медициналық оқу орындарын тәмамдаған түлектерді аймағымызға тартуда республикалық қазынадан қарастырылатын азын-аулақ жәрдемнен бөлек, жергілікті әкімдіктерден ынталандыру жоқтың қасы. Мәселен, биылғы жоғары оқу орындарын бітірген ақ желеңділерді Қостанай мен Жамбыл өңірлері «талап» әкеткен. Себебі, олар ауылға баратын әрбір дәрігерге 1 млн. теңге көлемінде көтермеақы таратыпты. Ал облысымыздан өкілдер «құр алақан» барған соң, сәйкесінше, «еншісі» де елеусіз болып қалған. Облыс әкімі Болат Бақауов осы мәселені дер кезінде көтеріп, түйткілді шешу жөнінде ұсыныс түскен жағдайда билік қарап қалмас еді дегенді тура айтты. Яғни, жауаптылардың уақытында «атқа қонбауы» маман тапшылығын одан сайын күрде-лендіре түссе керек.

- Медициналық мамандарды тарту бойынша жұмыстың ақсап жатқаны аңғарылады. Нақты әрекеттер жасалып жатқан жоқ. Егер мықтап қолға алса, мәселені оң шешуге әбден болады. Сондықтан алдағы жылдың алғашқы тоқсанында осы бағытта нақты жұмыстар қолға алынуы тиіс, - деді Болат Бақауов.

Сонымен қатар, аймақ басшысы ақ желеңділерді аудан орталықтары мен ауылдарда тұрғын үймен қамтуға басымдық беруді де ескертті.

Акушер-гинекологтардың орнын уақыт созбай толтыру қажет-ақ. Себебі, облысымызда ана мен бала өлімі көрсеткіші әлі де жақсартуды қажет етеді. Облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының міндетін атқарушы Ораз Мұқашевтің айтуынша, биыл екі ана көз жұмған. Жағдайлар талданып, ауыр жағдайдың алдын ала алмаған ақ желеңділер тәртіптік жазаға тартылған. Сонымен қатар, елімізде соңғы 10 жылда демография 17 пайызға артса, аймағымызда керісінше төмендеп келеді. Биыл бала туу көрсеткіші 4,2 пайызға кеміген. Сәбилердің шетінеуіндегі негізгі себеп мерзімінен бұрын туған
500-900 грамдық шақалақтарды аман алып қалу қиынға соғатын көрінеді. Сондай-ақ, алдын ала анықталуы қиын жүрек ақаулары да осындай жайсыз жағдайларға жетелейді. Осы ретте, жүкті әйелдердің уақытылы тіркеуге алынуы маңызды. Дер кезінде есепке тұрған, отбасының орташа табысы күнкөріс деңгейінен төмен әйелдерге арнайы төлемдер жасалатыны мәлім. Бұл ынталандыруды екібастұздықтар елемепті. Биыл бірде-бір анаға аталған қолдау берілмеген. Аймақ басшысы Б.Бақауов алдағы уақытта олқылықты жоюды тапсырды.

Басқарма өкілі қан айналымы жүйесі ауруларынан көз жұмғандар қатары
6,6 пайызға өскенін айтты. Бұл сырқаттан қайтыс болғандар жалпы өлім-жітімнің
40 пайыздан астамын құрап отыр. Әсіресе, Ақсу қаласы, Май, Павлодар аудандарында облыстық көрсеткіштен жоғары болып отыр. Өлім-жітім жағынан қатерлі ісік сырқаттары екінші орында тұр. 2011 жылдан бері бұл қатерлі дерт
14 пайызға артқан. Онкологиялық аурулардан өлім көрсеткіші Качир ауданы мен Павлодар қаласында жоғары. Аймақ басшысы Б.Бақауов облыс орталығында халық санының көптігінен көрсеткіштің де көңіл көншітпейтіні түсінікті, деді.
«Ал Качир ауданында ахуалдың нашарлығына не себеп?» деп сұрақты төтесінен қойды. Мамандар мұны аталмыш өңірдегі тұрғындардың қартаюымен байланыстырды. Өлім-жітімге жетелейтін тағы бір жағдай – жол-көлік апаттары, жарақаттар мен улану деректері. Облыс әкімі жауапты азаматтарға алдын алу шараларын ширатуды жүктеді.

Гүлжайна ТҮГЕЛБАЙ

saryarka-samaly.kz