- Сізді Еуропа мен Ресей жұрты «Ефенді» («Ефендий») деген лақап атыңыздан жақсы біледі екен. Біз үшін Сайдолла ағасыз. Лақап атыңыздың төркінін түсінбей отырғанымыз...

- Менің өзге ұлттан жиі араласып тұратын дос-жарандарым көп. Әке-шешемнің азан шақырып қойған Сайдолла есімі - Алланың сүйікті құлы деген мағынада. Бірде түріктің аса бір құрметті діндар азаматы «Сайдолла» - жай есім емес, құрметті есім. Саған деген құрметіміз болсын, біз сені «Ефенді Сайдолла» деп атаймыз деді. Ефенді түрікшеден аударғанда мырза, әмірші дегенге саяды. Бұл менің ныспыма деген айрықша ықылас екенін ұқтым, өзіме де ұнағандықтан, кейін жарыс-тарда соны қолдануға тырыстым. Осылайша «Ефенді» болып танылып кеттік қой. Түріктер өз әкесіне осы құрметті сөзді қолданады екен. Бізде әкеге қарап айтылатын «көке» деген әдемі лебіз бар ғой. Өкінішке қарай, біз оны ұмытып барамыз.

- Өте лайықты әрі мәртебелі құрмет екен! Десе де, пауэрлифтингпен жас шағыңыздан айналыспағаныңыз анық. Себебі бізге бұл спорт 90-шы жылдары жеткен. Пауэрлифтер болуға не жетеледі?

- 2008 жылы болуы керек. Келіннің аяғы ауырлап, немерелі боласың деген қуанышты хабарды естігенде бақыттан басым айналып кете жаздағаны есімде. Кез келген алда болатын маңызды оқиғаға аса бір дайындықпен барғанды жөн көретін адаммын. Апырмау, жас болса елуді алқымдап қалды, менің сықпытым мынау, қарным салбырап, тұла бойым болбырап, шермиген шалға айналып барам. Ертең немереме қай қылығыммен үлгі боламын, оған қандай ата болып, нендей тәрбие көрсетемін деген ойлар маза бермеді. Сол тұста інім Сайфолла бодибилдинг клубына барып жүретін. Байқаймын, дене сымбаты әдеміленіп, бұлшық еттері бұлтия бастаған. Оған біртіндеп өзге де інішектер үйірсектеді. Содан бір күні менде де қызығушылық пайда болсын әлгіге. Бастапқыда жігіт ағасы атандық, ұят болар деп ойлағам. Сөйтсем, жасы менен де үлкен ағаларымыз зілтемірді ұршықша үйіріп жүр. Әйда жаттығуға керемет бір ынтамен кірістім де кеттім. Арада үш ай өткенде, бұрынғы бұлтиып тұратын қарын жоғалды, бұлшық еттер бөлектеніп, мүсінделе бастадым. Өз денеме өзім қызығатын күнге жеттім. Осылай жаттыға жүріп, бодибилдингті әбден меңгеріп, 5-6 жылды артқа тастадық. Одан соң пауэрлифтингке ауысуыма екібастұздық Геннадий Хван деген азамат түрткі болды. Қазақшаға судай Гена мені алғаш көрісімен-ақ «сенде әлеует бар» деп қоярда-қоймай кеншілер қаласында өтетін ашық біріншілікке шақырды. Біраз дайындалып, бардым. Қызық болғанда, зілтемірді бағындыру барысында өзім шамаластар арасында 2-орынға ие болыппын. Мұны естігенде, олимпиаданы ұтқандай болдым. Бұл 2014 жыл еді. Менің жасымда да спортта белестерді бағындыруға болады екен, ендеше мен бұған шындап кірісейін деп, жатпай-тұрмай дайындала бастадым. Келер жылы Алматыда өткен Азия біріншілігінде күшімді сынап көруге бел байлағам. Еңбегім ақталып, бірінші орын еншіме тиді. Менің бойымнан күдік атаулы біржола қашты. Алла тағаланың бұйырғаны болар, Меккеге қажылыққа барып келген соң ендігі бар тілегім әлем чемпионатын ұтып алу еді. Былтырғы жылдың басында Қазақстан чемпионатында жеңімпаз атанған соң Ресей астанасы – Мәскеуде өткен жаһан біріншілігіне жол ашылды. Сәл жарақат алып қалғаныма қарамастан, бұл сайыста зілтемірді белге дейін тарта көтеру сынында 3-орынға шығып, жалпы есепте 4-орынға табан тіредім. Әлемнің түкпір-түкпірінен жиналған кілең мықтылар арасында халықаралық WRPF талаптарын орындап, спорт шеберлігіне үміткер атанғаным да мен үшін үлкен абырой еді. Оның алдында Қазақстан бойынша абсолютті чемпион ретінде танылып, WPC-тің спорт шебері разрядын иеленгенімді айтқаным дұрыс болар.

- Әлемдік додада бес рет чемпион атанып, бірнеше мәрте рекорд жаңалаған екенсіз. Айтыңызшы, сіздің жасыңызда әлем чемпионы атану қаншалықты қиын?

- 2016 жылғы чемпионаттан мен көп жағдайды көкейге түйіп қайттым. Қарсыластарымды ұтуға болатынын, олардың техникасы, күші менен асып-тасып жатпағанын ұғындым. Өзіме сенімдірек бола түсу үшін бейнежазбаларды қарап, әлгілер өнер көрсеткен жарыстарға үңілгенімді несіне жасырайын. Себебі олардың арасында Азия, ТМД Кубоктарында, Еуропа біріншіліктерінде топ жарғандар баршылық.

Биыл қазан айында WRPF (халықаралық пауэрлифтинг қауымдастығы) ұйымы Мәскеуде әлем біріншілігін ұйымдастырды. Мен үшін асыға күткен айтулы дода еді. Алғашқы жарыстан-ақ жарқылдап көзге түстім. Жалпы, пауэрлифтинг зілтемір көтеру спортының талаптарына бағынады. Мұнда сайыстың 3 түрі бар: зілтемірді белге тарту, жатып алып сығымдап көтеру және жүрелеп отырып көтеру. Әрқайсының өзіндік ерекшеліктері басым. Сөйтіп бұл чемпионатта белге тартуда 252,5, жүрелеп отырып көтеруде 215, сығымдауда 132,5 килограмнан көтеріп, белге тартудан 2 мәрте әлем рекордтарын жаңарттым. Оның үстіне бөлек өткізілген қоссайыста тағы бір рекордтың қаймағын бұздым. Нәтижесінде 3 дүркін әлем чемпионы атандым әрі абсолютті әлем чемпионы атағын қоса берді.

Қызық болғанда әлгі жарыстан соң Мәскеудің жанындағы Долгопрудный деген қалада тағы бір пауэрлифтинг ұйымы өз әлем біріншілігін өткізуді ұйғарып жатыр екен. Соған қатысуға бел байладым да, біраз уақыт Ресейде қалуға тура келді. Бұл сайыста да бағым жанды. 2 дүркін әлем чемпионы атағын жеңіп, 2 рекордтың иесі атандым. Осылайша Ресейде өткен қос жарыстың қорытындысында мен 5 дүркін әлем чемпионы әрі 5 рекордтың қожайыны болып танылдым.

- Қарсыластарыңыздың ішінде қай елдердің спортшылары мықты бәсекелес?

- Ресей, Қап тауының өкілдері, Иран мен Әзербайжанның атлеттері әлеуетті. ТМД мемлекеттерінің пауэрлифтерлері негізі қара күшке, техникаға мығым. АҚШ-тан келген, денесі әйбат сомдалған спортшыларды да көрдік. Алайда олар ауыр салмақ көтеруге келгенде рухсыздау. Біз, қазақтар, не нәрсені болсын намыстың жетегімен әкетеміз ғой. Оларда мұндай қасиет жоқ секілді көрінді.

Павлодардың азаматтары әлемде мықтылардың қатарынан саналатынын көбі білмейді. 1990-шы жылдардың ортасында облыс орталығындағы 1 май көшесіндегі тұрғын үйдің жертөлесінде пауэрлифтинг клубы болды. Сергей Иванович деген азамат талай мықтыларды шығарды сол жерден. Бүгінде Иван Прокопенко есімді жігіт «Автомобилист» спорт кешенінде ауыр атлеттерді тәрбиелеуде. Бұған қоса, «Maxim» клубында да тұрақты шұғылданушылар қалыптасуда. Болашақ мықты пауэрлифтерлер өсіп келеді деуге әбден негіз бар.

- Пауэрлифтинг сіз үшін келешекте кәсіпке айналуы мүмкін бе?

- Бұл сауалдың жауабы қиындау екен. Тек мен пауэрлитфтинг спортына кездейсоқ келмегенімді білем. Жалпы, өмір бойы дене тәрбиесімен, спортпен айналысқан адаммын. Гимнастикамен, күреспен, бокспен шұғылдандым. Павлодардағы «Казачий крайда» туып-өскенмін. Жер үйде тұрып, мал өсірдік, жылқы ұстадық. Күніне қорадағы түлікке жаяу-жалпылап 15 фляга су әкелетінмін. Үйдегілер қара жұмысқа баулыды. Осының барлығы шымыр болып өсуіме әсер еткен болар. Біздің көшеде Қабылбек Садырбаев деген азамат тұрды. Сол бірде мен секілді балаларды жинап алды да, №10 Абай мектебіне Абай Тәтиев деген мұғалім келді, бокс үйірмесін ашып жатыр, сонда барасыңдар деді. Мен жалпы сол №10 мектепті бітіргем. Тәтиевтен бокстың, Батырбек Сейсенбаевтан дзюдоның қыр-сырын меңгердім. Бірақ спорт саласында қызмет ету бұйырмады. Өмірімнің көп бөлігінде қара жұмыс істеген адаммын.

- Танымал бодибилдерлердің көбі, мәселен Арнольд Шварценеггер, Рони Коулмэн, Франко Коломбо секілді спортшылар пауэлифтингтен бастағаны мәлім. Сізде бодибилдингке ауысатын ой жоқ па?

- Жасым келесі жылы 59-ға толады. Қартайып қалған шақта көптің алдына трусишең шығып, денеңді бұлтыңдатып тұру меніңше ардың, сананың төмендігін білдіретіндей. Ол менің деңгейім емес. Ендігі мақсатым - осы деңгейді ұстап, 50-59 жас санаты бойынша әлем чемпионы атағын соңына дейін сақтап тұру. Одан соң 60-69 санатына өтемін. Ол жерде мен тағы мықтылығымды танытып, жаңа рекордтарды бағындыруға тиіспін. Орысша айтқанда, «планканы» көтеру қажет. Қазіргі ой осы ғана.

- Пауэрлифтингтің адам денсаулығына қандай да бір айрықша пайдасы бар ма? Әлде бұл ағзаны әдеттегі қалпынан тыс зорлау ма?

- Бұл спортқа адам саналы түрде қадам басады. Ең алдымен бодибилдингтен бастаған да дұрыс. Себебі ол денсаулықты қалпына келтіріп, дене сымбатын қалыптастырады. Әр адам - өз денесінің құрылысшысы. Денеңнің мүшелері өсе бастағанда өз тәніңнің қожайыны екеніңді түсінесің. Әрі бұл спорт бойдағы нәпсіңді жеңуге күш береді.

Жалпы, мен үшін бұл дүниеде екі нәрсе әдемі. Бірінші, тұлпардың әдемілігі. Бітімі бөлек, бөкен мұрынды, аяқтарының бұлшық еттері бунақтанып, іші әбден тартылып жарап тұрған сәйгүліктен көркем жануар жоқ. Ал екіншісі, еркек денесінің сымбаттылығы. Қол-аяғының бұлшық еттері бұлт-бұлт етіп, әртүрлі қимылдар жасай бастағанда жаның сүйсінеді. Ер адам өз денесінің құдіреті арқылы мыңдарды бағындыра алады. Әйел жыныстының сұлу мүсіні оның жанында түк емес.

- Әдемілік тұрғысындағы теңеулеріңізге таласымыз жоқ. Пауэрлифтинг спортының ерекшелігін ұғындырғандай болдыңыз. Ал бұл спортқа бүгінде мемлекет билігінің көзқарасы қалай?

- Мәселенің барлығы осы қолдаудан шығады. Мен алдымен мына бір шағын мәселеге ғана көңіл аударғым келеді. Шетелге жарысқа барғанда көретініміз: өзге мемлекеттердің атлеттері елінің рәміздері мен ұлттық нышандары бейнеленген спорттық киімдермен жарқырап жүргені. Ал бізде ондай киімдер атымен тігілмейді. Амалсыздан шетелдің экипировкасын аламыз. Әрі мемлекетіміздің шағын пішіндегі туын сатып алудың өзі - үлкен машақат. Дүкендерден таппаймыз. Бұл - ұсақ-түйек мәселе емес, өте өзекті жайт. Жарыс-тарда тұғырға көтерілгенде сенің ерекшелігіңді киіміңе, туыңа қарап таниды.

Мемлекет пауэрлифтингке қаржы бөлгенін көрген емеспін. Тек еліміздің спорт комитеті WRPF ұйымын қолдайтынын, ол арқылы өткізілетін жарыстарға қатысушылардың шығындарына азды-көпті қаражат бөлгенін естігенмін. Негізі болашақта пауэрлифтингті олимпиада бағдарламасына қосу көзделіп отырғаны мәлім. WRPF ұйымы осы мақсатты ұстанып отырғандықтан, оны қолдайтын мемлекеттер көп.

Барлық жарыстарға мен өз жеке қаражатыма барамын, жаттығу залдарына да өз қалтамнан төлеймін. Сыртта өтетін бір чемпионатқа қатысу үшін кемінде 2000 АҚШ долларын шығындауға тура келеді. Сондықтан бұл ретте спорт комитеті тым құрмады біз секілді жоғары нәтиже көрсетіп жүрген спортшыларды аз-маз қолдап тұрғаны дұрыс болар еді деп ойлаймын.

- Келешекте көздеген мақсатыңыз не?

- Соңғы рет жарыста 82 жастағы қарттың зілтемірді қиналмастан көтергенін көрдім. Мақсатым - сол қариядай қуатым тайғанша тұғырдан түспеу. Оның үстіне спорт шебері атағын иеленсем деймін. Оған ие болуға аз уақыт қалды. Пауэрлифтингтің шыңына қалай шығудың жолын, не істеу керек екенін мен жақсы білемін. Сондықтан спорт залдарында тер төгуді жалғастыра берем. Елім, жұртым аман болса, әлі талай белестерді бағындыратыныма нық сенемін!

- Әңгімеңізге рақмет, Сайдолла аға. Есіміңізге сай тұғырдан түспеуіңізге біз де тілектеспіз!

Сұхбаттасқан - Мұрат АЯҒАНОВ.

saryarka-samaly.kz