Айта кетелік, жаңа орынбасарларды биылғы сәуір айында осы мекеменің басқарушысы - «Бәйтерек» ұлттық басқару холдингі» АҚ басқарма төрағасы, Директорлар кеңесінің басшысы Ерболат Досаев таныстырған болатын. Солардың бірі - Жанар Жұбаниязова бастаған топ-менеджерлер жуырда Астанада журналистерге арналып өткізілген фасилитациялық сессияда банктегі оң қадамдар туралы айтып берді.

Тұрғын үй құрылыс жинақ банкін құрудағы Үкіметтің мақсат-мүддесі әуелден белгілі. Десе де, қызметті одан әрі қолжетімді ету қажет-ақ. Осыған дейін аталмыш жүйе бойынша (айтпақшы, жүйе Батыс Еуропадан алынған, салымдар айналып отырып, несие ретінде беріледі) армандаған баспанасына қол жеткізгендер баршылық.

Бүгінде банк салымшыларының саны 1 млн. адамнан асты. Бағдарлама Қазақстанның түкпір-түкпірінде жұмыс істеуде. Талдау-лар көрсеткендей, несиелердің 86,5 пайызы – үй сатып алуға, 6,3 пайызы жөндеу жұмыстарын жүргізуге, 1,9 пайызы құрылысқа, тағы 1 пайызы жер телімдерін сатып алуға жұмсалады. Клиенттер портретіне келсек, тұрғын үй займын 168 мың адам, аралық займды 253 мың адам пайдаланған. Алғашқысы белгілі мерзімде жинақ-тау бойынша іске асса, екінші-сінде қажетті соманың жартысын бірден есепшотқа салу арқылы қол жеткізеді. Айырмашылығы, соңғысының үстеме пайызы жоғарырақ (8 пайыз). Несиенің орташа мерзімі 6,5 жылды, орташа сомасы 5 082 040 теңгені құрайды. Орташа айлық төлем - 51 мың теңге. Банк қызметкерлерінің айтуынша, қарызын төлей алмауға байланысты айтарлықтай проблема жоқ. Әрине, қиындық мүлдем жоқ емес, бар. Бірақ бүгінгі күнде Қазақстан бойынша төлемі 90 күн-нен кешіктірілген 420 адамның әрқайсысымен жағдайды оңалту бойынша жұмыстар жүргізілуде.

Соңғы кезде тұрғын үй құрылыс жинақ банкі арқылы баспана алу үшін салымдық есепшот ашушылар көбейген. Павлодар облысында 50200 азамат есепшотын толтыруда, бұл жағынан облыс көрсеткіші Қостанай, Қызылорда, Алматы облыстары (қаланы қоспағанда) деңгейіне сәйкес. Жамбыл, Ақмола, Солтүстік Қазақстан өңірлері болса, 35 мыңдық есепшотпен кейін келеді.

- Көпшілік біздің банк тек мемлекеттік қызметшілер мен бюджет қызметкерлеріне қызмет көрсетеді деп біледі. Олай емес. Біздің бағдарламаға басымдық топқа кірмейтін азаматтар да қатыса алады. Барлық мәліметтерді арнайы даярлаған қаржылық кеңесшілерді шақырту арқылы біле аласыздар, - деді Ж.Жұбаниязова. Клиенттерге қолайлылық жасау үшін банкте ЖССБ24 мобильді қосымшасы, baspana.kz cайты іске қосылған. Алғашқысымен өзіңіздің есепшотыңыз жайлы қолма-қол ақпар алу мүмкіндігі берілсе, сайт арқылы өзіңіздің армандаған пәтеріңіз туралы мәліметке қол жеткізесіз.

Топ-менеджерлер бұдан әрі банк өнімдерін насихаттау үшін шарттарын жеңілдету мәселелері үзбей қаралатынын айтты. Жақында әскери адамдарға арналған, жинақтау шарты жеңілдетілген тарифтік бағдарламаның тұсауы кесіледі. Сондай-ақ, мұғалімдер мен дәрігерлерге арналған жеңілдетілген шарттар енгізу мәселелері қарастырылуда.

Өкінішке қарай, қазіргі кезде жастарға арналған жеке бағдарлама жоқ. Банктегілердің айтуынша, бұл жерде жергілікті әкімдіктердің белсенділігі керек. Мәселен, Алматы қаласының әкімдігі «Алматы жастары» бағдарламасына 3 млрд. теңгеден астам қаржы бөлген. Шартқа сәйкес, қолжетімді баспанамен қажетті мамандық иелері болып келетін жастар қамтылады. Яғни, банкпен бірлескен жоба нәтижесін беруде.

Тағы бір айтатын жайт, осыған дейін жөндеу жұмыстары секілді мақсатқа ақша жинақтаған азаматтар (әдетте жөндеу деген үй сатып алу емес, несие сомасы аз) несие алу үшін кепілдік қоюға мәжбүр. Жөндеуге қажетті соманы басқа, екінші деңгейлі банктерден кепілсіз-ақ алуға болатынын ескерсек, Тұрғын үй құрылыс жинақ банкіне біраз ойлану керек секілді. Сөйтсек, ойланып жатыр екен. Бәлкім, жуықта жақсы жаңалық болып қалар. Бұл да клиенттерді тартар деген ойдамыз.

Мамандар басқа банктерден алынған ипотекалық несиелерді қайта қаржыландыру мүмкіндіктері барын да айтты. Оған жинақтау жүйесінен бөлек шарттар ұсынылады. Оны әркім өзінің жағдайына қарай қаржылық кеңесшіден анықтай алады. Айтпақшы, кеңесшілер үйіңізге, жұмысыңызға келісілген уақытта келе алады. Бұл да - банктің ойлап тапқан жеңілдігі.

Жалпы, тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің қазіргі бағыты көпшілікті үміттендіріп отыр. Елі-мізде баспана мәселесін шешуге арналған жалғыз үкіметтік банк екенін ескерсек, үмітті ақтау да - заңдылық.

Нұрбол ЖАЙЫҚБАЕВ
Астана қаласы.

saryarka-samaly.kz