Теңдесі жоқ жылыжай деп атауымыздың бірнеше себебі бар. Біріншіден, мұнда қияр бір маусымда ғана емес, жыл бойы өсіріледі. Екіншіден, биологиялық өңдеу жұмыстары жүргізіледі. Бұл – облыс, тіпті еліміз үшін тың әдіс. Шет мемлекеттерден жеткізілетін энтомофаг деген жәндіктер өнімге қауіп тудыратын зиянкестерді жеп, түрлі аурудан қорғайды. Сол арқылы өнімнің сапасы арта түседі. Бұл ретте Ақсу жылыжай кешені жеке инвестиция есебінен салынғанын атап өту керек. Жобаның құны - 1,5 млрд. теңге, ал аумағы – 1,8 гектар.

Кешеннің жұмыс барысымен танысқан облыс әкімі Болат Бақауов жаңа жылыжайдың ашылуы көкөніс нарығындағы бағаны тұрақтандыруға оң септігін тигізуі тиіс екенін атап өтті.

- Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев айтқандай, аграрлы сектор – ел экономикасының драйвері. Сондықтан ауыл шаруашылығы, агроөнеркәсіп саласында ауқымды жұмыс жүргізілуде. Осыдан екі апта бұрын ғана Екібастұз қаласында қызанақ, ал енді Ақсу қаласында қияр өсіретін жылыжайдың ашылуы – соның айғағы. Қысқы уақытта, мейрамдар кезінде жеміс-жидек, көкөніс бағаларының күрт өсетіні белгілі. Мұндай жағдайдың алдын алу үшін тұрақты қорға өнім сатып алуға әзірміз. Соның есебінен жергілікті қияр нарыққа шыққан соң бағаның құбылуы болмайды деген сенім мол, - деді Б.Бақауов.

Айта кетелік, Ақсу жылыжай кешені күніне 5 тонна өнімді бірінші кезекте әлеуметтік дүкендерге жеткізбек. «Павлодар» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясымен жасалған келісімшартқа сәйкес, қиярды 500 теңгеден босатады. Сөйтіп, сауда орындарында жергілікті өнім сырттан әкелінетін қиярдың нарықтағы бағасынан 20 пайызға төмен сатылады. «Ақсу жылыжай кешені» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің құрылтайшысы Абдумутал Мирахмедовтың айтуынша, жылыжай кешені жергілікті тұрғындарды тұрақты жұмыс орнымен қамтуға басымдық беріп отыр.

- Осыдан үш жылға жуық уақыт бұрын Павлодар облысы, Ақсу қаласы әкімдіктерінің қолдауымен ірі жобаны қолға алдық. Сол уақыттан әлі күнге дейін мемлекет тарапынан көп көмек көрсетіліп келеді. Ақсу жылыжай кешені өнімнің тұтынушылардың тарапынан зор сұранысқа ие әрі бәсекелестікке қабілетті болуы, аймақ экономикасының ілгері-леуіне айтарлықтай үлес қосуы үшін еңбек етеді. Сонымен қатар Ақсу қаласы тұрғындарының әлеуметтік жағдайының жақсаруын назардан тыс қалдырмаймыз. Қазіргі уақытқа дейін 50 жаңа жұмыс орны құрылды, алдағы уақытта тағы да қосымша орындар ашылуы әбден мүмкін, - деді А.Мирахмедов.

Қазіргі уақытта жылыжайда қиярдың екі түрі, келер жылдың көктемінде тұздауға арналған ұсақ қияр да өсіріледі. Кейін кәсіп аясын кеңейтіп, қызанақ өсіруді де қолға алуы әбден мүмкін.

Құндыз ҚАБЫЛДЕНОВА
Ақсу қаласы.

saryarka-samaly.kz