Тәуелсіздіктің сүйіншілеген алғашқы хабарынан бастап, күні бүгінге дейінгі ел ахуалы өмірдің талай тылсымын ақ кенепте «сөйлетіп» келе жатқан суретшілер қауымының да өнер әлемінің төрінен алды. Тәуелсіздік тақырыбына жиі қалам сілтейтін қылқалам иелерінің қатарында Қазақстан Суретшілер одағының мүшелері Қарасай Нұркенов пен Жасыбай Қабылдинов та бар. Қос суретші Алматыдағы Н.Гоголь атындағы суретшілер училищесін бітірген. Екеуі де шығармашылықпен көп жылдардан бері айналысып келеді.

- Тақырыптық картиналарға қоса, пейзаж, натюрморт жазамын, мүмкіндігінше әріптестермен пленэрге шығамыз. Баянауыл, Бурабай табиғатын жаздық. Астана қаласында болғанымызда сәулетті шаһардың Ел Тәуелсіздік алғаннан кейінгі келбетін қылқаламмен өрнектедім. Шығармашылығымда егемендік тақырыбына жоспарлаған туындыларды көбірек жазуды жоспарладым әлі де жазарым баршылық, - дейді Қарасай Нұркенов. Қылқалам иесі Ж.Аймауытов атындағы қазақ музыка-драма театрында еңбек етеді.

Бүгінгі күннің куәсі

Суретші Жасыбай Қабылдинов - облыстық Потанин атындағы тарихи-өлкетану мұражайында суретші-реставратор. Ол бірқатар облыстық, республикалық көрмелерге қатысып, Отан, туған жер, Ел Тәуелсіздігі және тарихи тақырыптарға салған туындыларымен жақсы танымал. Астанада өткен «Жер Ана», «Бәйтерек», сондай-ақ «Достық көпірі шеңберінде Ресей-Қазақстан» халықаралық көрмесінде туындыларымен көзге түсіп, Алғыс хатпен марапатталды. Қылқалам шеберінің Тәуелсіздік тақырыбына жазған туындыларының өзі - бір төбе.

- Отансүйгіштік, туған ел мен жер қадірі, тәуелсіздік тақырыбы, жалпы өнер туындыларының басты тақырыбы болуы тиіс деп ойлаймын. «Отансыз адам - ормансыз бұлбұл» деп тегін айтпаған. Ең бастысы - халықтың тәуелсіздігі, оның баяндылығы деп білемін, - дейді Жасыбай Айтенұлы.

Әр заманның суреткері - әр алуан өнер иелері өз кезеңі - өз уақытының тарихын әр қилы, әр сарынды туынды арқылы жазатыны хақ. Ол туындылар - алғы күндерге баратын бүгінгі күннің куәсі!

С.ТАУҚЫЗЫ.

saryarka-samaly.kz