Үйлену тойы – кез келген адамның өміріндегі ұмытылмас сәттерге толы жарқын шақтардың бір көрінісі. Оның өтуінен тойға дейінгі дайындық қызығырақ. Мәселен, той өтетін орын, киетін той көйлегі мен костюм, тойхананың ішкі безендірілуі мен фото-видео түсірілімдері біраз талғамды қажет етері сөзсіз. Осыған орай, аймақтағы той ұйымдастыру жұмысын алғаш рет өткізіп отырған ұжымның басты мақсаты - отбасын құруға ниетті жас жұбайларға көмектесу.

- Жәрмеңкеге тек қана үйлену тойын өткізуді жоспарлап жүрген жастар ғана келген жоқ. Біз ежелден той тойлағанды ерекше жақсы көретін халықпыз ғой. Шілдехана, бесік той, тұсау кесер, қыз ұзату, атай берсек біздің халық тойлайтын тойлар тізбегі толып жатыр. Осыған орай, біз «Ақ-Асыл», «RosModel», «Merci», «7 небо», «Sound Rec», «Думан» және «CLIP media» сынды танымал той орталықтарының мамандарын шақырдық. Олар келушілерге өз кеңестерін берді, - дейді жастар бастамаларын дамыту орталығы іс шаралар бөлімінің инспекторы Мақпал Шәкібаева.

Сонымен қатар, жәрмеңкеге өңірге танымал 20-дан астам асаба мен сұлулық салондарының өкілдері де қатысты. Визажистер шараға келген қалыңдықтарды әрлесе, көздің жауын алатын кешкі көйлектер тізбегінен көрме ұйымдастырылды.

Шара соңында қонақтар арасында лотерея билеттері ойнатылды. Нәтижесінде, Дамир Смағұлов «CLIP media» студиясында тегін фотосессия жасататын сертификат ұтып алса, орталықтың «Имидж» би тобы Салина Тыныбаева тойында биленетін флешмобты ұйымдастырып береді.

 

Қарлығаш ХАШЫМҚЫЗЫ

saryarka-samaly.kz