- Ықылас, Алаш партиясынан бұрын қазақ жерінде «Үш жүз» партиясы болған. Жалпы, осы екі партияның екеуі де қаймана қазақтың мүддесі үшін патшалы Ресей отарына қарсы шыққан топтар ғой. Осы «Үш жүз» хақында әңгімелесеңіз...

- ХХ ғасырдың басында қазақ саяси тұрғыдан оянды. Жалпы, қазақ қайраткерлерінің саяси сахнаға келуіне мына жағдай себеп болды: 1904 жылы Қарқаралы петициясы дейді, «Құзырхат» деген тарихи оқиға орын алды. Мұны жазуға түрткі болған жағдайлар көп еді. Қазақ болмысын бұзу процесі осы ғасырда өрши түсіп, бояуы қалыңдады.

Сол кездегі патшаның отарлау саясатына қарсылық білдірген азаматтар қазақ деген халықпен санасу керектігін, тілі, діні, ділі аяқасты болмауын, Ресейдің қол астында болған соң басқа халықтар пайдаланып жүрген құқықтармен тең бөлісу қажеттігін, өз жеріндегі байлыққа қазақтардың өздері ие болуын заңдастыру, Жоғарғы басқару орындарына қазақтан өкіл болу қажеттігі, т.б. 47 пункттен тұратын Құзырхатқа 42 адам қол қойған. Олар бастарын қатерге тіккен жандар еді.

Кейін осы азаматтар 1928 жылдары конфискацияға ұшырады, сосын «Халық жауы» атанып, өмірлері қасіретпен аяқталды. Бұл құжатты ұйымдастырған Әлихан Бөкейханов пен Жақып Ақпаев еді. Мұны тарихтан білеміз. Ал жаңағы «Үш жүз» партиясына келетін болсақ, оның көсемі зайсандық Көлбай Тоғысов болған. «Үш жүз» бен Алаш партиясының айырмасы – Тоғысов өз ахуалы, өз ракурсында күресті. Оларға Алаш партиясы консерваторлық, ескілік бағыттағы партия деген баға берді. Ал алашордашылардың бағыты – таза демократиялық, капиталистік қоғам жүйесіндегі даму еді және бұл партияның платформасы халыққа ұнады, көпшіліктен барақат тапты, доминанттық рөлге ие болды. Ал «Үш жүз» қолдау таппады, әлсіреді. Біз мына шындықты ашық айтуымыз керек, «Сократ менің досым, бірақ шындық одан қымбат» деген бар. Шәкәрім қажы да «Шыннан өзге Құдай жоқ» дейді. Не деген сүйегі ауыр сөз еді?! Шәкәрімге салсақ, Шындық пен Құдай - синоним! Құдай деген шындық болса, Шындық деген - Құдай. Бұдан шығатын бәтуа байламы мынадай: Кім шындығын жоғалтса, я нанға айырбастаса, ол адамның бойында Жаратқанның жұқанасы да жоқ деген сөз. Міне, нағыз құдайсыздық пен имансыздық осы, - дейді қажы. Жаңағы шындық дегендегі айтар сөзім мынау еді:

1991 жылы қазақ Тәуелсіздік ала алмас еді, егер 1936 жылы КСРО құрамынан кез келген сәтте шығуға дербес өз құқығы бар Одақтас респуб-лика мәртебесіне көтеріле алмағанда. Бұлай әcте болмас еді, 1920 жылы Автономиялық республика болып құрылмаса. Ал бұл турасында ешқандай да сөз болмас еді, егер де 1917 жылы Алашорда үкіметі (партиясы) дүниеге келмеген болса. Алашорда болмас еді, егер Әлихан Бөкейхановтай көшбасшы болмаса... Олай болса қазіргі Қазақстан бұдан бір ғасыр ілкіде топырақ астына түскен дәннің бүгінгі бүр атқан көрінісі екен. Қазіргі Тәуелсіз Қазақстан – Алаш идеясының бүгінгі заттанған формасы. Бұл азаттық – теңіздей төгілген тер мен дариядай аққан қанның қарымтасы. Қазақстанның түпкі діні – Алашордада жатыр.

...Әлихан Бөкейханұлының Массондық ұйымға мүше болғанын қазір әркім әрқалай айтады. Массондық ұйым – ілгеріден келе жатқан, әлемнің интеллектуал ақылмандары бас қосып, ақылдасып, пікірлесіп отыратын саяси бірлестік. Өз Жарғылары, белгіленген тәртіптері болды. Олар көп дүниені құпия ұстайды. Міне, әлемнің ақылдылары жиылған осы ұйымның құрамында Ә.Бөкейханов болды. Біздің түсінігімізде адам аспаннан түсе қалатындай, тарихи күрес аяқ астынан бола қалатындай көрінеді. Жоқ, олай емес. Әр нәрсе өз қазанында пісіп, қайнап жетіледі.

Қазақ Тәуелсіздікке қол жеткізгенге дейін қаншама тарихи жағдайды бастан кешіп, қаншама өткелектен өтті. Сол секілді Әлихан Бөкейханұлы да Алашорданы құрғанға дейін саяси өмірдің қазанында пісіп жетілді, қақтаған күмістей болып шықты. Осы Массондық ұйымда ақыл-ойы озық жандармен кездесіп, пікірлесті. Оның өзі - үлкен мектеп. Әйтпесе, сауаты аз, сонау Торғай сынды сайын даланың қазақтарының басын қосып, саяси сауатын ашып, елді біріктіре ала ма? 1913 жылы «Қазақ» атты газет ашты. Газет арқылы қазақ деген ел бар екенін, ішкі құрылымы, ғасырлар бойы қалыптасқан ішкі құрылым-заңдылықтарының бар екендігін әйгі еткісі келді. Ұлттың атауына құрылған газет Алаш идеясын ары қарай жалғастырып әкетті. Бәрі де идеядан басталады. Алаш идеясы – Абайдың идеясының саяси заттандырылған идеясы. Оны жүзеге асырған Ә.Бөкейханов бастаған алашордашылар. Әлихан - Шыңғысханның 23-ші ұрпағы. Шәкәрім Құдайбердіұлымен екеуі бөле, Құдайбердінің бәйбішесі мен Әлекеңнің шешесі - апалы-сіңлілі қыздар.

- Жақсы, рақмет, Ықылас. Абай идеясы дейміз... Ақынның «Көзімнің қарасы» әнінің кімге арналғаны жайлы зерттеуіңізді көзіміз шалып еді. Ол ғашықтық әні емес деп дәлелдепсіз. Сондай-ақ, «Дудар-ай» әні туралы да бір анық бар екен...

- Тарихта шын кейіпкермен бірге жалған кейіпкер де бар. «Шындық иіледі, бірақ ешқашан сынбайды. Майдың су бетіне қалқып шығатыны сияқты өтірік те бетіне қалқып шығады» - дейді әйгілі Сервантес. Уақыты туғанда бұған дейін бүркемеленіп келген шындық өтірікті тас-талқан етіп, жарыққа шығады. Мәселен, жаңағы «Дудар-ай» әні. Бұл осыған дейін қазақ жігітіне ғашық болған Мариям Жагорқызының әні деп келдік. Бірақ кейін ән авторы Үлебай екендігі дәлелденді. Қазақта көптеген ақындардың, шығармашылық адамдарының өздері жайлы шығарған туындылары бар. Мысалы, «Аманжол Рақымжанның Қасымымын...» дейді Қасым Аманжолов. Олардың қайсысы болсын «Мен» деп бірінші жақтан айтылады. Ал Мариямның әнінде тіпті үшінші жақтан айтылып тұр. «Мен – Марияммын, әкем Жагор» демейді. Басқа кісінің айтып тұрғаны анық белгілі болды. Тарихта Моцартты – Сальери, Пушкинді – Дантес, Қозыны – Қодар, Төлегенді – Бекежан өлтірді делінеді. Қазір жаңағы қазақ ғашықтары туралы жырдың бірнеше нұсқасы бар. Соларда Төлегеннің өлімі туралы әр түрлі айтылады. Ең білгір деген тарихшылар Төлегенді өлтірген Қарабалта деген қарақшы, Бекежан емес деді. Бірақ бұған жұртты сендіре алмады. Өйткені ғасырлар бойы санаға сіңіп кеткен дүниені, оған көзқарасты бір ғана күнде өзгерте салу мүмкін емес қой.

- Иә, мұндай әңгіме әйгілі Ақан серінің Құлагерінің маңында да өрбіді. Жүйріктің түбіне жеткен Батыраш емес делінді. Ілияс ақынның «Құлагер» поэмасымен мектеп-те әдебиеттен таныспыз. Ақынның «Лағынет оқыды әнмен өткен күнге, Сол сұмдық қайтып қырда болмасын деп» деген поэмасын жатқа оқитын едік...

- Ақан серінің жүйрігі туралы ең алғашқы туындыны Ілияс Жансүгіров жазды. Шеберлікпен жазылғандықтан мың-миллион оқырманның жүрегінен орын алды. Бұл – шедевр! Қазақ поэзиясының рухани бойтұмары. Ал Құлагер жайлы шындық Мағжан Жұмабаевтың «Ақан сері» атты деректі очеркінде басқаша сипатталады. Құлагерді Батыраш емес, Барақбайдың шабарманы Бөрібай өлтірді делінген. Құлагер мерт болған Сағынай асынан кейін ажал құшқан арғымағына арнап Ақан сері «Құлагер» әнін шығарды. Сонда:

«...Шынымен өлгенің бе,
Құлагерім,
Салбырап сапты аяқтай
төменгі ернің.
Баспа-бас қызға бермес
жануарым,
Мың зарламай басылмас
менің шерім.
Әй, Бөрібай – әй-әй-әй», деп шумақ сайын күйінішпен қайталанып отыратын Бөрібай есімін «Бұл қалай?» деуші едім. Бөрібай – ат айдаушы кісі не Құлагерге отырған бала емес. Сөйтсек Құлагерді кім өлтіргенін Ақан әнінің өзі-ақ айтып келіпті ғой «Әй, Бөрібай-әй-әй-әй» деп...

- Осындай әңгімелердің ақиқаты айтылып жатыр. Мәселен, семейлік абайтанушы Бекен Исабаев атамыз «Біржан-Сара» айтысы болмаған дейді. Сол секілді Жүнісовтің «Ақан серісінде» жазылғандай Ақтоқты мен Ақан серінің махаббаты... Негізі Ақтоқты мен Жалмұқан арасы сүйіспеншілікті болған. Ашар-шылықта ерлі-зайыпты екеуі бір қораның астында дүниеден бірге өткен дейді. Төлеген мен Бекежан... шындығында мұндай тарихи дүниелердің шындығы әу бастан бұрмаланбауы тиіс қой. «Қыз Жібек» фильмінің сценарийін анау-мынау емес, Ғабит Мүсірепов жазды...

- Оның бәрінің белгілі бір себептері болған шығар. Тарих шындығының бәрібір су бетіне шығары ақиқат. Қазақта: «Піл ауыр ма, зіл ауыр ма?» дейді. Зіл – мүйізтұмсық. Енді қарасақ, қазақтың жерінде піл болып па еді? «Жансыздың би ігі қамыс болар, жандының үлкені балық болар» деген де - қазақ. Қамыс дегені – бамбук ағашы, балығы – кит. Біздің жерімізде мұхит, мүйізтұмсық, кит болған емес. Бірақ бұлар бұрын қазақ топырағында болған, әйтпесе бұл мақалдар қайдан шықты?

- Иә, болған. Біздің әйгілі биолог-ғалымымыз Қайырбай Базарбековтің айтуынша Мұзафар Әлімбайдың елі Маралды жақтың ауа райы Африканың саваннасына ұқсас болған, сол жақтан дүние жүзіндегі ең үлкен пілдің қаңқасы табылған дейді. Енді Абай әніне ойыссақ... «Көзімнің қарасы...» өлеңін ақын 1891 жылы 6 буынды қара өлең ұйқасымен жазған екен. Бұл өлең алғаш 1909 жылы Санкт-Петербургте жарияланыпты. Жалпы, осы өлеңнің шумақтары әр жылдарда жарық көрген кітаптарда әрқалай басылады. «Ғашқыңның жарасы», «Ғашықтың жарасы, енді бірінде «Ғашықтық жарасы», «Кең маңдай, қолаң шаш» кейін «Кең маңдай, қалың шаш» деп жөнделген.

- Бірден айтайын, бұл - Абай ақынның баласы Әбдірахманға арнаған өлеңі. Ақынның өлеңдерін жиыстырғанда әлдекімдер мән-мағынасына назар аудармай, осы «Көзімнің қарасының» соңына ғашықтық туралы өлеңін жалғап жіберген.

- Бұған дейін ғашықтық әні деп келдік қой. Мұның қандай дәлелі бар?

- Біздің пайымдауымызша, бұл өлеңнің махаббатқа, әйел затына ешқандай да қатысы жоқ. Бұл Абайдың тәні бөлек демесең, жаны бір, жалғандағы шын «ғашығы» Әбдірахманға арнаған өлеңі болатын.Әбдірахман Абай үшін «көзінің қарасы» мен «көңілінің санасы» еді. Қазақ баласын көзінің қарасына теңейді, «көзімнің ағы мен қара-сындай» дейді. Балқожа би өзін бек ынтызар еткен Ыбырайды «Үміт еткен көзімнің нұры - балам» демей ме?!

«Көзімнің қарасы» өлеңіндегі төртінші жолдағы «ғашықтық» сөзі басқа ойға жетелеп, бізді адастырған. Оның негізгі себебі - кешегі материалистік идея махаббат, ғашықтық ұғымын санамызға тек әйел образы ретінде ғана бейнелеп, одан асыра ойлай алмайтын можантопай түсінікке ұрындырды. Ал бағзыдағы бабалар пайымы үшін «махаббат» пен «жар» ұғымдары Құдайлық таным болатын. Бұл сөзімізге Шәкәрім қажының мына бір өлеңі куә.

- «...Менің жарым қыз емес,
Хақиқаттың шын нұры.
Оны сезер сіз емес,
Көзге таса бұл сыры.
Жасырып тұр жар өзін,
Бас көзімен қарама.
Жүрегіңнің аш көзін...»
Қазақтың «Құдай жар болсын» сөзінің шын мағынасы да осы бір ойда жатқанға ұқсайды. Ғашықтық – асқақ ұғым. Ол жан қалауынан туса, құмарлық, керісінше тән қалауынан туады. Екеуі сырттай біріне-бірі қатты ұқсағаны болмаса, мүлде керағар ұғымдар. Хакімнің «Ғашықтық, құмарлық пен ол екі жол» деп арасын ашалап айтатыны да сол. Біздің ең басты қателігіміз «ғашықтық» сөзінің шын табиғатын тани алмағанымызда болып тұр. Шәкәрім өлеңдегі «жар» түсінігі секілді бұл жердегі «ғашықтық» сөзі де сакральді ұғым. Ендеше «ғашықтық» ұлт пен ұлыс, еркек пен әйел деп әсте бөлінбейді екен. Онда тек ынтызар адреске деген алапат сүйіспеншілік қана болады. Міне, Абайдың ахуалы осыны көрсетеді.

- Қазақтың данасы,
Жасы үлкен ағасы.
Бар демес сендей бір
Адамның баласы.
Осы бір шумақтың әйел затына қандай қатысы бар? Өлең алаш баласының «данасы» мен «ағасы» болар азаматына салмақ түсіріп тұрған жоқ па? Ақынның «Әбдірахман науқастанып жатқанда» жазған өлеңдері мен ол дүниеден өткеннен кейінгі топтамасында: «Жасқа жас, ойға кәрі едің» я болмаса «Көрген, білген өкінді, мін тағар жан болмады» деген жолдар жоғарыдағы шумақтың айна-қатесіз аналогиясы емес пе?

Жүректен қозғайын,
Әдептен озбайын.
Өзі де білмей ме,
Көп сөйлеп созбайын.
Осы бір өлең жолдары әке мен бала арасында орнаған шын асықтықтың ұлына да айпарадай анық екендігін әйгілеп тұр. Небәрі төрт шумақтан ғана тұратын ғазалдың соңғы жолы ақынның сөз түйіні іспетті. «Көп сөйлеп созбайын» деп өз-өзіне тоқтам жасайды. Осымен бәрі де бітуі керек еді. Жоқ, олай болмай шықты. Он сегіз шумақтан тұратын өзге бір өлеңнің бұған еш себепсіз қосылып кетуі, негізгі шындықтың қайнар көзін бітеп кеткен. Абайдың «Көзімнің қарасы» әні Абайдың түпнұсқа туындысы емес, өзгеріске ұшырап операға бейімделген түрі ғана. Қалай болғанда да Абайдың бұл әні «ғашықтыққа» үш қайнаса сорпасы қосылмайтынын қадап тұрып айтқымыз келеді. «Көзімнің қарасы» – көзінің қарашығындай болған Әбдірахманға әке тарапынан жазылған ғажайып туынды. Ақынның аманатындай болған осы бір өлеңді талдауға, шынымды айтсам, көпке дейін жүрексініп жүрдім.

- Таңсық дүние! Қабылдауға күрделі секілді. Дегенмен ой жүгіртіп қарағанға дәлелді!

- Жалпы, XX ғасырдағы отарлық саясат біздің халық өмірінің бар саласын - тарихы, әдебиеті, мәдениет, өнер, салт-дәстүрін қатты өзгертті, қазақтың рухани деңгейін басқа сапаға өткізіп кетті. Ең өкініштісі - зиялылар мектебін жойды. Бұл ұлт ішінде құлдырауды тудырды. 37 мың қазақ зиялысының көзін жойып жіберді. Олардың орнын толтыру оңай болмай тұр.

...Биыл Алашорданың құрыл-ғанына 100 жыл толды. Бір ғасыр! Бұл партияның мән-маңызын айтып өттім. Қазақ үшін орны, қадір-қасиеті бөлек еді. Тарихи маңызы да аса жоғары еді. Сондықтан биылғы жылды Алашорда жылы деп жариялауымыз керек еді. Олай болмады. Алашорданың 100 жылдығы-ның қасиетін сезінбей отырмыз, дұрыс мән бермей отырмыз.

Алашорда дегеніңіз, қайталап айтайын, бүгінгі Тәуелсіз Қазақстанның іргетасы еді. Алашорда дегеніңіз - Абай ақын айтқан түрлі идеялардың заттануы еді. Абай - Алашорда - бүгінгі Тәуелсіз Қазақстан - бәрінің түп-тамыры бір еді... Бұл туралы көп айтуға болар. Шындықтың жүзі өткір, шындық - түптің түбінде бәрібір жарыққа шығады. Оған сенем!

- Әңгімеңізге рақмет, Ықылас! Ел Тәуелсіздігінің мерекесі құтты болсын!

- Ел іргесі бүтін болсын!

Әңгімелескен - Сая МОЛДАЙЫП.

saryarka-samaly.kz