Бүгінде күн жылынып, жердің сызы кеткен шақта, шаруалар техникаларын сайлап, егін алқаптарына аттануда. Көктемгі дала жұмыстары қазіргі уақытта аймақтың барлық ауданында қызу жүруде. Павлодар ауданында да егіс жұмыстары қарқын алды. Түгін тартсаң майы шығатын құнарлы өлкеде биылғы жылы жалпы егістік жер көлемі 116 мың гектарды құрап отыр.

Бүгінгі таңда облысқа қарасты барлық аудандарда егін егу алдындағы дайындық жұмыстары қызу жүріп жатыр. Мәселен, Павлодар ауданына қарасты «Ткачук» шаруа қожалығы егістік алқаптарында жер жырту мен тұқым себу жұмыстарын бастап та кеткен. Мұндағы  диқандар жұмыс ырғағынан жаңылып көрген емес. Шаруашылықтың бүкіл техникасы қазір егіс алқаптарында жүр. Дала жұмыстарына үш бригада жұмылдырылған. Таң алакеуімнен қас қарайғанға дейін механизаторлар қызу еңбектен арылар емес. Мақсат – науқандық жұмыстарды межеленген күні аяқтау.

Шаруа қожалығының басшысы Виктор Ткачуктың айтуынша, биыл көктемгі науқан басталысымен диқандар техникаларын сақадай сайлап, алқаптарда жер жырту, тегістеу жұмыстарын аяқтап, қазіргі уақытта себу жұмыстарына кірісіп кеткен.

— Биыл күнбағыс тұқымын 3,5 мың гектар алқапқа егу жоспарланып отыр. Сондай-ақ, ағымдағы жылы 250 гектар жерге жүгері, 150 гектарға сұлы және 100 гектар жерге мал азығы дақылдары өсіріледі. Бұл бағытта жұмыстарды уақытылы аяқтау үшін техникалық базаны жыл сайын жаңартып, ерте көктемнен бастап тұқым қорын қалыптастыру қажет. Қожалыққа тиесілі техниканы дайындау жоспарлы түрде жүзеге асырылды. Қазіргі уақытта барлық техникалар егін егу науқанына 100 пайыз дайын. Оның ішінде трактор, жоғары өнімді егін егу кешені, тұқым сепкіш, топырақ өңдеу құралдары бар, — деді В.Ткачук.

Сонымен қатар, шаруа қожалығының басшысы көктемгі дала жұмыстары барысында диқандар ең алдымен егістік жерді тазалау, жер жырту, тұқым себу, суару жұмыстарын рет-ретімен дұрыс жасаса, күзде мол өнім алуға болатынын жеткізді. Айтуынша, тұқым себу жұмыстарын жүргізу кезінде сапалы минералды тыңайтқыштармен қамтамасыз етілген жөн.

— Ауылшаруашылық дақылдарынан жоғары өнім алуда топыраққа қажетті қоректік элементтері мол тыңайтқыштар қосып, жерді сапалы түрде дайындау, уақытылы егу жұмысын жүргізу маңызды шара болып табылады. Осыған орай егіс алқабына органикалық тыңайтқыштар себілуде. Минералды тыңайтқыштарды сатып алу мақсатында «КазФосфат», «КазАзот», «КосАгроКоммерц» секілді ЖШС-мен келісімшарт жасалды. Бұдан бөлек, ауыл шаруашылық өнімдерінің өнімділігін арттыратын инновациялық технологиялар әдісі қолданылуда, — деп толықтырды ол.

Айта кетейік, минералды тыңайт-қыштарды тиеудің 2024 жылға облыс бойынша жоспарланған көлемі 94 100 тоннаны құрайды. Бұл — жол картасы бойынша ғылыми негізделген қажеттілік. Ағымдағы жылға арналған жоспарға сәйкес, Павлодар ауданы үшін 7926 мың тонна минералды тыңайтқыш сатып алу жоспарлануда. Оның ішінде мамыр айында 4592 мың тонна сатып алынды.

Павлодар аудандық ауыл шаруа-шылығы бөлімінің басшысы Серік Жанғазиновтің айтуынша, биыл аудан бойынша жоспарланған егіс көлемі 116271 гектарды құрайды. Оның ішінде дәнді дақылдар – 48,2 мың гектар, майлы дақылдар – 19,8 мың гектар, мал азықтық дақылдар – 11,8 мың гектар, картоп – 4,3 мың гектар және көкөніс 3,38 мың гектар алқапқа егіледі. Көктемгі егістің жалпы алаңы 86 806 гектарды құрайды.

— 2024 жылғы егінге жер дайындау барысында 15,2 мың гектар алаңда бу дайындалды, 18 мың гектар алаңда күзгі жырту жүргізілді. Сондай-ақ, жұмыс жоспарына сәйкес, 15 сәуірден бастап 48,8 мың гектар алқапта ылғалды жабу бойынша іс–шаралар жүргізілуде. Көктемгі дала жұмыстарын жүргізу мақсатында  ауданда «Gosagro» порталы арқылы 1573 тонна арзандатылған дизель отыны  ресімделді. «Кең дала» бағдарламасы бойынша көктемгі дала жұмыстарына агрокредиттік компания арқылы 482,4 миллион теңге игеріліп, 25 өтінім берілді. «Кереку» несиелік серіктестігі арқылы 455,4 миллион теңге бөлініп, 21 өтінім берілді, — деді бөлім басшысы.

Жалпы, облыс бойынша 2024 жылы ауыл шаруашылығы дақылдарының болжамды егіс көлемі 1 657,3 мың гектарды (2023 жылы – 1 637 мың га) құрайды. Бұл өткен жылмен салыстырғанда майлы және мал азықтық дақылдар егістерін кеңейту есебінен 20,3 мың гектарға артық. Облыстық ауыл шаруашылығы баспасөз қызметінің мәліметінше, биыл көктемгі егін егу жұмыстарына дайындық барысы жоспарға сай жүріп жатыр. Соның ішінде қазіргі уақытта аудандарда тұқым дайындау, оны орналас-тыру жұмыстары қарқын алды.

— Облыс бойынша егін өсірумен айналысатын шаруашылықтардың жалпы саны 1369-ға жуықтады. Көктемгі егіс жұмыстарының жоспарына сәйкес өңірде 1062,8 мың гектар аумақта ылғал жабылды. Көктемгі жер жырту жұмыстары – 255,8 мың гектар (84 пайыз), егіс алдындағы өңдеу 283,2 мың гектар (44 пайыз) алқапта орындалды. Ағымдағы күнге ауыл шаруашылығы дақылдары 124,1 мың гектар алқапқа егілді. Бұл жоспардың 8  пайызын құрайды. Оның ішінде дәнді дақылдар – 52 мың гектар, көкөніс және бақша дақылдары — 10,9 мың гектар, майлы дақылдар – 53,5 мың гектар және мал азығы 7,7 мың гектар алқапқа егілді. Көктемгі егіс жұмыстарына барлық модификациядағы 2875 трактор, 1794 бірлік соқа, 1015 культиватор, барлық үлгідегі 6606 тырма, 4123 тұқым сепкіш және 261 егіс кешені жұмылдырылуда, — делінген мәліметте.

«Павлодар тәжірибелік ауыл шаруашылығы стансасы» ЖШС негізгі топырақ топтарының түріне қарай облыс аймақтарының климаттық жағдайын ескере отырып, 2024 жылға арналған ауыл шаруашылығы дақылдарын себудің оңтайлы мерзімдерін әзірледі. Осыған сәйкес майлы және дәнді дақылдарды егудің оңтайлы мерзімі 5 мамырдан бастап 3 маусымға дейін белгіленді. Оның ішінде күнбағыс 5 мамырдан 20 мамырға дейін, рапс, зығыр 10-20 мамыр, мақсары 5-15 мамыр, картоп отырғызу 3-17 мамыр, бидай, арпа 15-30 мамыр, сұлы – 20-30 мамыр, тары –
22-30 мамыр, қарақұмық 25 мамыр– 3 маусым аралығында белгіленді.

«Жаздың қамын қыс ойла» демекші, облыс бойынша шаруашылық құрылымдары, диқандар қауымы көктемгі егіс жұмыстарына кірісе бастады. Көктемгі дала жұмыстарының ұйымшылдықпен атқарылуы болашақта мол өнім жинауға негіз болмақ. Ауыл шаруашылығы экономиканың негізгі бір саласы ғана емес, сонымен бірге ол – азық-түлік қауіпсіздігінің де кепілі екені анық.

Павлодар ауданы.

Алтынбек МҰҚЫШЕВ.