Облыс бойынша биылғы егіс алқабы 1 миллион 649 мың гектарды құрайды. Бұл  дәнді дақылдар, күнбағыс және картоп дақылдарын кеңейту есебінен
өткен жылғы деңгейден 80 мың гектарға артық. Ал дәнді және майлы дақылдардың қураған егістіктерінің жалпы ауданы 187 мың гектарды құрайды.

Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз жиыны барысында Павлодар облысы ауыл шаруашылығы басқармасының өсімдік шаруашылығын дамыту бөлімінің басшысы Есентай Мүрсәлімов облыс бойынша жалпы егін жинау алаңы 1 267,4 мың гектарды құрайтынын атап өтті. Оның ішінде дәнді дақылдар – 895,4 мың гектар, майлы дақылдар –
249,5 мың гектар, жемшөп – 89 мың гектар, картоп – 24,7 мың гектар, көкөніс және бақша дақылдары – 8,8 мың гектар шамасында.

– Егін жинау науқанына 2284 комбайн, оның ішінде 2140 астық жинайтын комбайн, орақ – 1033 бірлік, астық тасуға 2668 бірлік автокөлік және 1275 трактор тіркемесі жұмылдырылды. Күзгі  дала жұмыстарын жүргізуге 38,8 мың тонна арзандатылған дизель отыны бөлінді, бұл өткен жылдан 15,8 мың тоннаға артық. Бұдан басқа, облыс бойынша жалпы сыйымдылығы 277,3 мың тонна 6 элеватор бар. Картоп пен көкөніс өнімдерін сақтау үшін жалпы сыйымдылығы 495 мың тонна болатын 149 көкөніс қоймасы бар, оның ішінде сыйымдылығы 455 мың тонна болатын 130 заманауи жабдықтармен, сыйымдылығы 58 мың тонна болатын 13 тоңазытқыш жабдықтарымен жабдықталған, – деді Е.Мүрсәлімов. Бұдан бөлек, брифинг барысында облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының өсімдік шаруашылығын дамыту бөлімінің бас маманы Ерғанат Аубәкір бүгінгі таңда облыста 1 214,7 мың тонна жемшөп әзірленгенін жеткізді. Оның ішінде 936,1 мың тонна ірі жем, 38,5 мың тонна пішен және 75,3 мың тонна сүрлем, 1,4 мың тонна сабан дайындалды.

– Фермерлерді қолдау және құрғақшылықтың салдарын азайту мақсатында келісім шаралары қабылдануда. Мәселен, Республикалық бюджеттен басым бағыттарға жалпы сомасы 9,7 млрд теңге қосымша қаражат бөлу туралы мәселе пысықталды. Оның ішінде өсімдік шаруашылығын қолдауға 4,7 млрд теңге, мал шаруашылығына 3,3 млрд теңге, инвестициялық субсидиялауға 1,7 млрд теңге бөлінді. Облыста кредиттерді төлеу мерзімін ұзарту мәселесін пысықтау бойынша жұмыс тобы құрылды. Жергілікті бюджеттен ауылшаруашылығы жануарларына жем-шөп шығындарының құнын арзандатуды субсидиялауға 2 млрд теңге бөлінді. Ірі қара мал басына жем құнын 7-ден 15 мың теңгеге дейін және ұсақ мал үшін 3-тен 5 мың теңгеге дейін арзандату нормативі ұлғайтылды. Ауыл шаруашылығы тауарын өнді-рушілерге жәрдем көрсету бойынша барлық қажетті шаралар тұрақты бақылауда, – деді ол.

А.МҰҚЫШЕВ.