Облыста мүгедектікті айқындау мәселесі жаңа форматқа көшірілмек. Бұдан былай тұрғындар тұрғылықты жері бойынша емханаға барса болғаны. Емдеу мекемесі қалған құжаттарды медициналық-әлеуметтік сараптама бөліміне автоматты түрде жолдайды.

 

Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифинг барысында Еңбек, әлеуметтік қорғау және көші-қон комитетінің Павлодар облысы бойынша департаментінің басшысы Алмагүл Мұхамедова сөз етті. Оның айтуынша, бұл жаңашылдық қағаз түріндегі әуре-сарсаңды, қызмет берушілер мен қызмет алушылар арасындағы уақытты үнемдеуге мүмкіндік береді. Мүгедектікті айқындау шарасының ашықтығын қамтамасыз етеді.

– ҚР Әлеуметтік Кодексі шеңберінде 2025 жылдан бастап мемлекеттік қызметтерді сырттай проактивті форматқа көшіру жоспарлануда. Қазір жаңашылдық пилоттық жоба негізінде жүзеге асырылуда. Мүгедектікті белгілеу үшін тұрғындар тұрғылықты жері бойынша емханаға барып өтініш бере алады. Денсаулығына байланысты қажетті зерттеулерден өтуі тиіс.

Қалған жұмыстар медициналық-әлеуметтік сараптама бөлімдеріне бармай-ақ, ақпараттық жүйе интег-рациясы арқылы аяқталады. Жаңа формат мүгедектікті айқындап, әлеуметтік төлемдердің де тағайындалуын жүзеге асырады. Яғни, медициналық мекемелер қажетті құжатты медициналық-әлеуметтік сараптамалық ұйымға автоматты түрде жолдайды. Жыл басынан бері 2260 мемлекеттік қызмет көрсетілді. Оның ішінде 945 қызмет пилоттық жоба негізінде жүзеге асырылды, – дейді Алмагүл Мұхамедқызы.

Өткен жылы департамент әлеуметтік инспекторлармен бірлесіп, мүгедектігі бар адамдарды әлеуметтік қорғау жөнінде заңнаманың сақталуын бақылау үшін 70 тексеру жүргізді. Құқық бұзушылықты жою үшін 65 нұсқама беріліп, жалпы сомасы 2,5 млн теңгеден астам 12 айыппұл салынды. Бұл ретте кейбір мекемелерде мүмкіндігі шектеулі жандарға арнайы жағдай жасалмағаны анықталды. Мәселен, пандустың болмауы, дәретхананың талапқа сәйкес келмеуі сынды фактілер бар. Ал жыл басынан бері 14 тексеру жүргізілді. Нәтижесінде 58 құқық бұзушылық анықталды.

Облыста мүгедектігі бар адамдарды жұмыспен қамту мәселесіне ерекше көңіл бөлінген. Облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысының орынбасары Әлия Рахимова мүмкіндігі шектеулі жандар үшін бос орындар жәрмеңкесі ұйымдастырылатынын айтады.

– Жыл басынан бері 538 адам жұмысқа тұруға ниет білдірді. 33 адам тұрақты жұмыспен қамтылды. 75 мүгедек «Бастау» бағдарламасы шеңберінде кәсіпкерлік негіздерін оқыды. Бір адам қысқа мерзімді курсқа жолдама алды. Сонымен қатар, биыл Павлодар, Екібастұз және Ақсу қалаларында мүгедектігі бар адамдар үшін 13 арнайы жұмыс орнын құру жоспарлануда. Бұл ретте бюджеттен 14 млн теңге және жалақысын субсидиялау үшін 33 млн теңге бөлінді, – дейді Әлия Бекболатқызы.

Еске сала кетейік, Павлодар облысында 29 мыңнан астам мүмкіндігі шектеулі адам тіркелген. Оның ішінде 25 мыңнан астамы – ересек, 3700-ден астамы – бала.

Айдана ҚУАНЫШЕВА