Павлодар қызмет көрсету колледжі соңғы 5 жыл ішінде «Ашық жүрек» жобасы аясында тегін шаштараз қызметін көрсету бойынша еріктілер жұмысын жүргізіп келеді. Осы бағытта колледж Павлодар қаласының көптеген білім беру ұйымымен бірлесіп жұмыс істейді.

 

Аталған оқу орнының шаштараз мамандығында білім алып жүрген студенттер жергілікті мектептер мен колледждерге және басқа да әлеуметтік нысандарға барып, шаш қиюға немесе оны сәндеуге ниет білдіргендерге тегін қызмет көрсетеді.

Жуырда осы мамандықта білім алып жүрген 18 студент жоғары электроника және коммуникациялар колледжінде болып, 100-ге жуық студентке қызмет көрсетті.

Павлодар қызмет көрсету колледжінің директоры Азамат Кашитовтың айтуынша, студенттер жоба аясында айына бір-екі мәрте Қарттар үйіне, колледждерге, білім беретін мекемелерге барып, қызмет көрсетеді.

– Өкінішке қарай, көп адамның сұлулық салондарына барып, шаш қиюға мүмкіндігі болмайды. Себебі, бағалары қымбат. Сол себепті, «Ашық жүрек» жобасы аясында біздің колледж 5 жыл қатарынан шашты қию, сәндеу және бояуға дейінгі қызметтерді тегін ұсынады. Алғашында қызмет тегін болғандықтан, келушілер күмәнмен қарайтын. Бүгінде олар тұрақты келушілерімізге айналды, – дейді ол.

«Шаштараз-стилист» мамандығының 2-курс студенті Ратмир Пономарчук мұндай тәжірибелік жұмыстар студенттердің өздерін кәсіби тұрғыдан дамытуға мүмкіндік беретінін тілге тиек етеді.

– Біз волонтерлік қызмет аясында ерлер мен әйелдердің шашын қиямыз, сәндейміз, бояймыз. Бұл осы салада өз дағдыларымызды дамытуға мүмкіндік береді. Мамандығым өзіме ұнайды. Өйткені, анам мен тәтем де осы салада еңбек етеді, – дейді жас шаштараз.

Айдана БОРАНБАЕВА.

Суреттерді түсірген – Есенжол Исабек.