Келелі кездесу – болашаққа бағдар

Қар 17, 2026
Photo Valeriy BUGAYEV

Мемлекет басшысы халыққа Жолдауында отандық білім мен ғылым саласын дамыту мәселесіне ерекше мән берген болатын. Маңызды құжатта белгіленген міндеттерді талқылау мақсатында Марғұлан университетінде павлодарлық ғалымдар мен студенттер бас қосты. Оған ҚР Ғылым және жоғары білім вице-министрі Динара Щеглова арнайы келіп қатысты.

Аталмыш жиынға жоғары оқу орындарының басшылары, ғалымдар, оқытушылар мен студенттер шақырылып, білім беру жүйесінің болашағы, ғылымды дамыту және жасанды интеллект мүмкіндіктерін тиімді пайдалану мәселелерін жан-жақты талқылады.

Вице-министр өз баяндамасында жоғары білім беру саласындағы мемлекеттік саясаттың негізгі бағыттарына тоқталып, адами капиталды дамыту, жоғары оқу орындарының инфрақұрылымын жетілдіру және ғылымды технологиялық тұрғыдан жаңғырту мәселелеріне тоқталды. Оның мәліметінше, Қазақстанда қазіргі уақытта 132 жоғары оқу орны жұмыс істейді. Онда 806 мың студент білім алуда. Сондай-ақ, 40 910 шетелдік студент оқиды. Соңғы жыдары отандық университеттердің 5 шетелдік филиалы ашылған. Сонымен қатар, еліміздің 20 жетекші жоғары оқу орны QS WUR 2026 жаһандық рейтин-гіне енсе, тағы 5 университет Times Higher Education 2026 рей-тингіндегі позициясын айтарлықтай нығайтқан.

Жиын барысында цифрландыру саласындағы AI-Sana ұлттық бағдарламасының нәтижелері де кеңінен сөз болды. Вице-министр 2026 жылдың наурыз-маусым айлары аралығында 104 мың студент тереңдетілген дайындық курсынан сәтті өткенін, ал қараша айында бағдарламаға тағы 60 мың жаңа қатысушыны қабылдау жоспарланғанын жеткізді.

Кездесу ашық диалог форматында жалғасын тауып, университет өкілдері білім беру, жасанды интеллектіні енгізу мәселелері бойынша өздерін толғандырған сауалдарын қойды.

Шараға қатысқан ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігіне қарасты ұйымдардың өкілдері де сөз сөйледі. Ұлттық тестілеу орталығы директорының орынбасары Наужан Дидарбекова Павлодар облысының мамандықтар атласын таныстырып, жасанды интеллект дәуірінде өңірлік еңбек нарығында сұранысқа ие болатын кәсіптерге тоқталды. Ал «QazInnovations» АҚ Басқарма төрағасы Санат Жолдыхан ғылыми және инновациялық бастамаларды мемлекеттік қолдау тетіктері туралы ақпарат берді.

Жұмыс сапары аясында Динара Щеглова бастаған делегация Margulan University-дің ғылыми-техникалық инфрақұрылымымен танысты. Олар цифрландыру және жасанды интеллект кеңсесінде болып, университеттің серверлік жабдықтарын көрді. Сондай-ақ когнитивтік зерттеулер және дарындылықты диагностикалау зертханасы мен психологиялық-педагогикалық сүйемелдеу зертханасының жұмысымен де танысты.

Н.ШОДЫР.