«Жастарымыз білімді әрі жасампаз. Интернет қолжетімді. Озық цифрлық инфрақұрылым құрылды. Цифрландырудың келесі кезеңінде қолжетімділікті қамтамасыз етуден мүмкіндіктер аясын кеңейтуге көшуіміз керек»
ҚР Президенті Қ.Тоқаевтың «Жаңа тарихи кезеңдегі Қазақстанның
өзекті міндеттері» атты Қазақстан халқына Жолдауынан.
Мемлекет басшысы халыққа Жолдауында ел жастарына сенім артып, болашақта Қазақстанды цифрлық елге айналдыру үшін барлық мүмкіндік жасалып жатқанын атап өткен болатын. Бұл ретте, білім беру саласына ерекше жауапкершілік жүктелетіні сөзсіз. Себебі, цифрлық болашақтың іргесі бүгінгі мектепте қалыптасуы қажет.
Президент көтерген міндеттерді жүзеге асыруға өз үлесін қосып жүрген жаңашыл мамандардың бірі — Аққулы жалпы орта білім беру мектебінің информатика пәні мұғалімі, «Тәуелсіздік ұрпақтары» өңірлік жастар сыйлығының лауреаты Қазбек Ержанұлы Картабаев. Ол жасанды интеллект мүмкіндіктерін білім беру саласына бейімдеп, мұғалімдердің жұмысын жеңілдететін отандық цифрлық платформа әзірлеп шығарды.
Қазіргі таңда жас маман жасаған AQYLAL платформасы жүздеген педа-гогтың жұмыс құралына айналып отыр. Жаңа цифрлық жоба мұғалімдердің күнделікті жұмысын оңтайландырып, оқушылардың білім алу мүмкіндігін кеңейтуге бағытталған екен. Өз саласын жетік меңгерген Қазбек Картабаев жасанды интеллект дәуірінде технологиялық өзгерістерге бейімделу –
уақыт талабы екенін айтады.
– Мен әу баста Computer Science саласы бойынша жоғары білім алып, алғашқы еңбек жолымды IT әзірлеушісі болып бастадым. Кейін білімім мен тәжірибемді ары қарай дамыту үшін туған ауылыма оралдым. Сөйтіп, осы платформаны толықтырып, әзірлеп шығардым. Негізі, IT саласында жұмыс істеп жүрген кезімде технологияның адам өмірін қаншалықты жеңілдете алатынын көріп, болашақта бұл мүмкіндікті пайдалану керек деген жоспарым болды. Мектепке келген соң мұғалімдердің күнделікті міндеттеріне тереңірек үңіліп, сабаққа дайындалу, түрлі тапсырма құрастыру, бағалау, нәтижелерді саралау сияқты жұмыстардың едәуір уақыт алатынын байқадым. Осы процестерді жеңілдететін, педагогтың уақытын үнемдейтін ортақ жүйе қажет деп ойлап, AQYLAL платформасын жасадым, – дейді Қазбек
Ержанұлы.
Жобаның алғашқы нұсқаларын әзірлеу барысында жас маман білім беру саласының нақты қажеттіліктеріне басымдық берген. Ол жай ғана жасанды интеллект чатботын жасауды емес, мұғалімнің сабаққа дайындалуынан бастап, оқушының оқу нәтижесін бақылауына дейінгі бірнеше үдерісті бір жүйеге біріктіруді мақсат еткен. Жас маманның айтуынша, AQYLAL платформасы биыл сәуір айында іске қосылған. Бүгінде оны 300-ден астам педагог пайдаланып жүр. Жобаның негізін қалаушы Қазбек Картабаев платформаның архитектурасын өзі әзірлеп, оның техникалық дамуына да тікелей атсалысады.
– Бұл сервистің мүмкіндіктері ауқымды. Мұғалімдер оның көмегімен қысқамерзімді сабақ жоспарларын, презентациялар мен жұмыс парақтарын әзірлей алады. Сонымен қатар, бөлім бойынша жиынтық бағалау (БЖБ), тоқсан бойынша жиынтық бағалау (ТЖБ) тапсырмаларын құрастырып, интерактивті жаттығулар мен ойын форматындағы викториналар дайындауға мүмкіндік бар. Мұның барлығы сабақтың мазмұнын түрлендіріп қана қоймай, педагогтың дайындыққа жұмсайтын уақытын да қысқартады. Бұл жерде басты мақсат – мұғалімнің жұмысын жасанды интеллектіге тапсыру емес, оның мүмкіндігін көмекші құрал ретінде пайдалану. Мәселен, ұстаз сабақ жоспарын дайындауға немесе белгілі бір тақырып бойынша тапсырмалар құрастыруға көп уақыт жұмсамай, сол уақытын оқушымен жеке жұмыс істеуге, оның қабілетін дамытуға арнай алады. Технология адамның орнын баспауы керек, керісінше, оның мүмкіндігін арттыруға қызмет етуі қажет, – дейді жоба авторы.
Платформаның тағы бір ерекшелігі – мұғалім мен оқушы арасындағы байланысты цифрлық форматта ұйым-дастыруға жағдай жасауы. Педагогтар тапсырмаларды оқушыларға арнайы сілтеме немесе QR-код арқылы жібере алады. Ал жоба орындалған жұмыстарды тексеріп, электрондық журнал жүргізуге, әр оқушының үлгерімін бақылауға және тұтас сыныптың оқу нәтижелерін саралауға мүмкіндік береді. Сондай-ақ, жүйе қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде жұмыс істейді. Бұл оның қолдану аясын кеңейтіп, әртүрлі тілде білім беретін педагогтарға қолжетімді болуын қамтамасыз етпек. Мұндағы интерактивті тапсырмалар мен ойын элементтері оқушылардың пәнге деген қызығушылығын арттыруға ықпал етеді. Әсіресе, теориялық материалды тәжірибе арқылы меңгеруге бейім балалар үшін мұндай тәсілдің маңызы зор, дейді маман.
Айта кетерлігі, Қазбектің IT саласына қызығушылығы бала кезінен басталған екен. Мектеп қабырғасында жүргенде компьютерлік ойындарға, соның ішінде Minecraft ойынына ерекше әуес болыпты. Бастапқыда ойынға деген қызығушылық уақыт өте келе оның ішкі құрылымын түсінуге, өз ойындарын жасауға және ойын серверлерін құрастыруға ұласады.
– Бала кезімде компьютерлік ойын-дарды жай ғана ойнап қоймай, олардың қалай жасалатынына қызығатынмын. Кейін өзім де бірдеңе құрастырып, бағдарламалап көруге талпындым. Сол қызығушылық мені IT саласына алып келді. Қазір сол білімімді оқушыларға үйретіп, білім беру саласында нақты пайдасы бар жобалар жасауға жұмсап жүргеніме қуаныштымын, – дейді ол. Университетті тәмамдағаннан кейін Қазбек Teach for Qazaqstan бағдарламасы аясында 2 жыл еңбек еткен. Бұл кезең оның педагогикалық тәжірибе жинақтап, ауыл мектебіндегі білім беру үдерісінің ерекшеліктерін тереңірек түсінуіне ықпал етеді. Сонымен қатар, AQYLAL жобасының алғашқы нұсқаларын сынақтан өткізіп, оны нақты пайдаланушылардың сұранысына қарай жетілдіруге мүмкіндік береді.
Бүгінгі таңда жас маман Аққулы жалпы білім беретін мектебінде информатика пәнінен сабақ берумен қатар, Ertis жоғары инновациялық колледжінде студенттерге дәріс оқиды. Екі білім беру ұйымындағы тәжірибесі оған оқушылар мен студенттердің цифрлық сауаттылығын дамытуға, бағдарламалау дағдыларын қалыптастыруға және жаңа технологияларды тәжірибеде қолдануға жол ашып отырған жайы бар. Білімді жас мұнымен ғана шектелген жоқ. Ол 6–9-сыныпқа дейінгі оқушыларға бағдарламалауды меңгеруге және информатика пәнінен жиынтық бағалауға дайындалуға көмектесетін тағы бір интерактивті платформа әзірлеген. Бұл жоба жасөспірімдердің теориялық білімін тәжірибемен ұштастырып, алгоритмдік ойлау қабілетін дамытуға бағытталған.
– Мен үшін технологияның ең үлкен құндылығы – оның баршаға бірдей мүмкіндік ұсынуында. Баланың қай жерде тұратыны, қай мектепте оқитыны оның болашақта қандай маман болатынын шектемеуі керек. Ауылдағы оқушы да бағдарламалауды үйреніп, жасанды интеллектінің мүмкіндіктерін пайдаланып, өз жобасын жасай алуы тиіс. Сол себепті әзірлеп жатқан өнімдерімнің ауыл мектептеріне де пайдалы болғанын қалаймын, – дейді Қазбек Ержанұлы. Оның осынау еңбегі елеусіз қалған жоқ. Биыл Республика күні қарсаңында ол «Тәуелсіздік ұрпақтары» өңірлік жастар сыйлығының лауреаттарының бірі атанды. Бұл – жас маманның технологиялық ізденісі мен білім саласына қосқан үлесіне берілген баға.
Нұржайна ШОДЫР.
