Кітаппен сырласқан Нұрсұлу

Қар 5, 2026

Кітап оқу – уақыт өткізудің амалы ғана емес, адамның өзін тануына, дүниетанымын кеңейтуіне, өмір құбылыстарына тереңірек үңілуіне жол ашатын рухани үдеріс. Әсіресе, көркем әдебиет адамды кейіпкерлер тағдыры арқылы толғандырып, қоғам мен адам болмысы туралы ойлануға жетелейді. Бүгінде кітап оқуды жеке қызығушылығынан танымдық ізденіс деңгейіне көтеріп жүрген оқырмандар аз емес. Солардың бірі – «Кітап оқитын ұлт» жобасының «Зияткер» бағыты бойынша қатысып жүрген белсенді оқырман, Ертіс ауданының тұрғыны Нұрсұлу Даргерхан.

Нұрсұлу Даргерханның кітап оқуға деген қызығушылығы мектеп қабырғасында, әсіресе 11-сыныпта оқып жүрген кезінде арта түскен. Қазақ әдебиеті пәні арқылы түрлі шығармамен танысып, олардың мазмұнына ғана емес, кейіпкерлердің болмысы мен автордың жеткізгісі келген идеясына назар аударуды үйренген.

— Сол кезден бастап кітап оқу мен үшін жай ғана бос уақытты өткізу емес, өзімді танудың, ой-өрісімді кеңейтудің, өмірге басқа қырынан қараудың жолына айналды, – дейді ол.

Нұрсұлу көбіне көркем әдебиетті оқығанды ұнатады. Оның пікірінше, жақсы шығарма оқырманға дайын жауап ұсынбайды, керісінше, ойландырып, толғандырып, өзіне сұрақ қоюға жетелейді. Қазір ол Мұхтар Мағауиннің 26 томдық шығармалар жинағын, Қабдеш Жұмаділовтің 12 томдығын және Оралхан Бөкейдің бірқатар туындысын оқып жүр. Мұхтар Мағауин шығармаларынан қазақтың тарихи жады мен ұлттық болмысын таныса, Қабдеш Жұмаділов туындыларынан ұлт тағдыры мен елдік мұраттың көрінісін іздейді. Ал Оралхан Бөкейдің адам жанын терең суреттейтін шеберлігі мен табиғат көріністерін бейнелеуі оны ерекше баурайды.

Кітап оқуға арнайы уақыт пен орын таңдамайтын Нұрсұлу бос сәттерін тиімді пайдалануға тырысады. Күнделікті жұмысын аяқтаған соң әлеуметтік желілерді ақтарғаннан гөрі, қолындағы шығармасын жалғастыруды жөн көреді.

— Кітап оқуға міндетті түрде арнайы уақыт бөліп, ерекше жағдай жасаудың қажеті жоқ. Бастысы – оқуға деген ниет пен оны тұрақты әдетке айналдыру. Күнделікті жұмыстан қолың босай қалған сәттерді тиімді пайдаланып, бірнеше бет болса да кітап оқуға болады. Мен де бос уақытымда телефонға үңілгеннен гөрі, қолымдағы шығарманы жалғастыруға тырысамын. Себебі, кітап оқуды кейінге қалдыра бермей, күнделікті өмірдің бір бөлігіне айналдырған дұрыс, – дейді Нұрсұлу.

Оның айтуынша, кітап оқу жұмысқа кедергі келтірмейді. Керісінше, ойды жинақтауға, дүниетанымды кеңейтуге және сөздік қорды байытуға көмектеседі. Бастысы – уақытты дұрыс жоспарлап, міндеттерді ретімен орындау.

Нұрсұлудың кітап оқудағы өзіндік тәсілі де бар. Ол шығарманы асығыс аяқтауға тырыспай, әр сөйлеміне мән береді. Ерекше әсер еткен оқиғалардың, ой салған тұстардың және автор қолданған көркем сөздердің астын сызып қояды.

— Тіпті, мен үшін шимайланған кітап қана толық оқылған кітап болып есептеледі десем де болады. Өйткені астын сызған тұстарым – сол шығармамен ойша сырласқан сәттерімнің белгісі, – дейді оқырман.

Нұрсұлу айына немесе жылына қанша кітап оқитынын арнайы санамайды. Себебі, ол үшін кітаптың саны емес, одан алған әсері мен түйген ойы маңызды. Сонымен қатар, кітап оқу байқаулары мен жобаларына қатысуға тырысады. Мәселен, кітап оқу арқылы Мұхтар Мағауиннің
26 томдық шығармалар жинағын жеңіп алған. Сондай-ақ, Қабдеш Жұмаділовтің 12 томдық шығармалар жинағына қол жеткізген. Қазір осы екі қаламгердің шығармаларын оқып жүр.

— Кітап оқуда өзіме нақты сандық меже қоймаймын. Маңыздысы – оқуды тоқтатпау, ізденісте болу және әр шығармадан өзіме қажетті ой түю. Кітап оқудың шынайы нәтижесі сөреңдегі кітаптардың санымен емес, сол кітаптардың ойың мен дүниетанымыңа қосқан үлесімен өлшенеді, – дейді ол.

Нұрсұлу «Кітап оқитын ұлт» жобасының «Зияткер» бағыты бойынша қатысып, оқыған шығармалары туралы әлеуметтік желіде пікір бөлісіп отырады. Ол кітапты оқып қана қоймай, одан алған әсерін өзгелерге жеткізуді де маңызды санайды. Алдағы уақытта оқыған кітаптары туралы жазбаларын жалғастырып, әдебиетке қызығатын жандармен ой бөлісуді мақсат етіп отыр.

Оның сөзінше, «Кітап оқитын ұлт» – тек оқылған кітаптардың санын арттыруға емес, қоғамда ойлы оқырман мәдениетін қалыптастыруға бағытталған маңызды бастама. Кітап туралы пікір алмасу арқылы әр адам шығарманың жаңа қырын танып, өз көзқарасын байыта алады.

Кітап оқуды енді бастаған жастарға ол алдымен өздеріне қызықты шығармадан бастауға кеңес береді. Өзгелердің оқу жылдамдығымен салыстырмай, түсінбеген тұстарын қайта оқып, әсер еткен сөйлемдерін белгілеп, кітап туралы жеке пікір қалыптастырған жөн деп есептейді.

Ертіс ауданының тұрғыны Нұрсұлу Даргерханның кітапқа деген көзқарасы әдебиеттің шынайы құндылығы оқылған шығармалардың санымен емес, адамның ойына, дүниетанымына және өмірді түсінуіне қосқан үлесімен өлшенетінін көрсетеді. Кітаптың соңғы бетін жабу оқудың аяқталғанын білдіргенімен, одан туған ой санада ұзақ сақталуы мүмкін. Ал сол ойлар адамның көзқарасын өзгертіп, жаңа ізденістерге жетелесе, кітап өз міндетін орындағаны. Кітап оқитын ұлт қалыптастыру да оқығанын түсініп, ой елегінен өткізіп, алған әсерін өзгелермен бөлісетін саналы оқырмандардан басталады.

Айдана БОРАНБАЕВА.