Баянауылдың Ескелді алқабындағы Мәшһүр Жүсіп Көпейұлының кесенесі – халқымыздың рухани жадында айрықша орны бар қасиетті нысан. Жаңа сәулетті үлгіде бой көтерген кесененің ашылғанына биыл 20 жыл толып отыр.
Осы уақыт аралығында кесене қандай өзгеріс-терді бастан өткерді? Оның айналасында қандай инфрақұрылым қалыптасты? Бүгінде зиярат етушілер мен туристерді қандай ерекшелігімен баурап келеді?
Баянауылдың Ескелді алқабына аяқ басқан жанның алыстан көзге шалынатын көгілдір күмбезді кесенеге назар аудармауы мүмкін емес. Бұл – қазақ даласының дара перзенті, ғұлама ғалым, ақын, этнограф, ойшыл Мәшһүр Жүсіп Көпейұлының мәңгілік тыныс тапқан мекені. Алайда бұл кесененің тарихы 2006 жылдан басталмайды. Ғұлама 1931 жылы дүниеден өтерінен бұрын өзінің мәңгілік мекені болатын орын мен мазарының салыну ерекшеліктерін ұрпақтарына аманат етіп қалдырғаны айтылады. Бабаның басына алғаш 1954 жылы саман кірпіштен мазар салынған болатын. Бұл кейін Кеңес өкіметінің пәрменімен қиратылды. Алайда ұрпақтары мен жақындарының табандылығы арқасында мазар қайта қалпына келтірілді. 1978 жылы ақ кірпіштен жаңа мазар салынып, ол құрылыс 2006 жылға дейін сақталды. Осы жылы республикалық «Мәдени мұра» бағдарламасы аясында баба рухына лайықты жаңа кесене салу жұмыстары қолға алынды. 2006 жылдың қарашасында қазіргі сәулетті кешеннің құрылысы аяқталып, пайдалануға берілді. Осылайша Ескелдінің жаңа тарихи кезеңі бастау алды. Елдің санасына рухани сілкініс әкелген бұл ұлы істің басында белгілі Қоғам және мемлекет қайраткері Ерлан Арын болғанын дүйім жұрт жақсы біледі. Содан бері Баянауыл ауданының Ескелді шатқалы тарихи-рухани орын ғана емес, облыстың экономикасына серпін берген ауқымды туристік нысан ретінде жоғары бағаланды. Осы 20 жыл ішінде кесененің сәулеттік келбеті жаңарып, зиярат етіп келушілерге арналған жаңа нысандар салынып, үлкен мәдени-рухани кешенге айналды. Атап айтар болсақ, жаңадан музей, қонақүй, асхана және мәжіліс залы ашылып, қонақтарға жан-жақты жағдай жасалуда. Жыл сайын мұнда еліміздің түкпір-түкпірінен зиярат етушілер келіп, ұлы тұлғаның рухына тағзым жасап, дұға бағыштайды. Әсіресе жаз мезгілінде келушілер қатары көбейеді.
Кесене қызметкері, Мәшһүр Жүсіп музейінің меңгерушісі Әсет Пазыловтың айтуынша, соңғы 20 жыл ішінде кесенеде бірнеше мәрте күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілген. Атап айтқанда, алғашқы жылдары кәсіпкер Қайрат Ибраевтың, одан кейін кәсіпкер Әсет Асқаровтың демеушілігімен кесененің төбесі екі мәрте жаңартылып, қайта жабылған. Ал облыс әкімінің қолдауымен кесенеге апаратын 73 баспалдақ жөнделіп, жарықтандырылған. Сонымен қатар, қарттар мен денсаулығына байланысты өздігінен биікке көтеріле алмайтын азаматтарға қолайлы болу үшін көлікпен көтерілетін арнайы жол салынған.
— Кесене аумағындағы музей жұмысы жүйелі түрде дамып келеді. 2019 жылы Асайын Байхановтың қолдауымен музей жанынан мәжіліс залы бой көтерген. Бүгінде музей қоры Мәшһүр Жүсіп атамыздың көзі тірісінде пайдаланған заттарымен және оған қатысты тарихи жәдігерлермен толығуда. Музей қызметкерлері келушілерге кесененің тарихын таныстырып қана қоймай, музей ішіндегі құнды жәдігерлерді де көрсетіп, олардың мән-маңызы жөнінде әңгімелейді. Зиярат етіп келген жандар Ескелді шатқалындағы Мәшһүр Жүсіп бұлағына да барады. Бұл бұлақ ұлы ойшылдың өзі тұрған үйінің маңында орналасқан, — деді Ә.Пазылов.
Статистикалық мәліметтерге сүйенер болсақ, кесенеге жылына шамамен 8-10 мың адам арнайы ат басын бұрады екен. Олардың көбі қасиетті адамның басында Алладан жақсылық тілеп, марқұмдарға дұға бағыштау, рухани тынығу мақсатында келеді. Осылайша, Мәшһүр Жүсіп кесенесі – тек зиярат орны ғана емес, ұлт тарихы мен руханиятын ұлықтайтын, кейінгі ұрпаққа ұлы тұлғаның өнегелі өмірін танытатын тағылым мекені.
Тілеуберді САХАБА.
