Осы жылдың алғашқы тоғыз айының қорытындысы бойынша облысымызда эпидемиологиялық жағдай тұрақты деп бағалануда. Алайда аймағымызда әзірге тұмау дерегі тіркелмегенімен, COVID-19 және өзге де вирустық инфекциялар анықталған. Сондықтан сала мамандары тұрғындарды сақ болуға шақыруда.
Облыстық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы Батырбек Әлиевтің айтуынша, биыл жыл басынан бері бірқатар жұқпалы аурулардың көрсеткіші төмендеген. Атап айтқанда, жіті вирустық гепатиттер – 55,5 пайызға, желшешек – 10 пайызға, жіті ішек инфекциялары – 11,6 пайызға, ал серозды менингит 21,4 пайызға азайған. Жалпы, 22 нозология бойынша сырқаттанушылықтың төмендеуі байқалады. Бірақ тыныс жолдары инфекцияларының таралуы алаңдаушылық туғызып отырған жайы бар. Себебі, зертханалық зерттеулердің нәтижесінде, тұмауға жатпайтын вирустардың бар екені анықталған. Басқарма басшысының сөзіне қарағанда, зерттелген 177 үлгінің 28-і оң нәтиже көрсеткен. Оның ішінде 18 риновирус, 9 коронавирус және 1 аденовирус ауруы тіркелген. Сондай-ақ, короновирус инфекциясын жұқтыру жағдайлары да орын алуда. Мәселен, биыл зерттелген SARS-CoV-2 вирусынан 8 жағдай оң нәтиже берген. Бұл барлық зерттелген сынаманың 4,65 пайызын құрайды және өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда артқаны байқалады.
Эпидемиолог мамандар тұрғындарға тұмаудан сақтану жолдарын да түсіндірді.
– ЖРВИ мен тұмау – тыныс алу жолдарының ең көп таралған аурулары. Инфекция көзі – науқас адам. Бұл ауру жөтелу, түшкіру кезінде және науқаспен қарым-қатынас арқылы жұғады. Сондай-ақ, жеке гигиена заттары мен ыдыс арқылы берілуі де мүмкін. Жұқпалы вирустар ағзаны әлсіретіп, иммунитетті төмендетеді. Мұның соңы ақынулар мен созылмалы аурулардың өршуіне әкелуі ықтимал. Сондықтан қарапайым санитариялық талаптарды сақтау маңызды, – деді Батырбек Әлиев.
Ал облыстық денсаулық сақтау басқармасының штаттан тыс бас эпидемиологі Дина Шакратова тұмаудың алдын алудың ең тиімді жолы – вакцинация екенін атап өтті. Оның айтуынша, ағымдағы жылы аймағымызға Ресейде өндірілген «Гриппол плюс» үшвалентті вакцинасының
80 мың дозасы жеткізілген. Бұл облыс халқының шамамен 10,7 пайызын қамтуға мүмкіндік береді.
Эпидемиологтің сөзіне қарағанда, өңірімізде вакцинация науқаны 5 қазанда басталған. Содан бері тұмауға қарсы екпені 75 974 павлодарлық алған. Бұл жоспарланған көрсеткіштің 94,9 пайызын құрайды. Сонымен қатар, ішкі істер министрлігі желісі бойынша тағы 300 адамға екпе салынған.
– Вакцина ең алдымен инфекция жұқтыру қаупі жоғары топтарға салынады. Олардың қатарында егде жастағы адамдар, жас балалар, мектеп оқушылары, созылмалы аурулары бар азаматтар, жүкті әйелдер және жабық үлгідегі мекемелер мен арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсететін ұйымдарда тұратын адамдар бар, – деді Дина Шакратова. Оның айтуынша, халықты профилактикалық екпелермен қамту Ұлттық егу күнтізбесіне сәйкес жүргізіледі және денсаулық сақтау басқармасы тарапынан медициналық ұйымдардағы вакцинация барысы күнделікті бақыланып отырады.
Атап өтерлігі, аймағымызда медицина қызметкерлерінің біліктілігін арттыру жұмыстарына да баса назар аударылуда. Бүгінде иммунопрофилактика мәселелері бойынша медицина қызметкері арнайы оқудан өткен. Сондай-ақ, санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментімен бірлесіп, түрлі тақырыптағы іс-шаралар да ұйымдастырылуда.
Нұржайна ШОДЫР.
