Технологиялардың тиімділігіне куә

Қар 5, 2026

Цифрландырусыз бүгінде бірде-бір саланы елестету мүмкін емес. Қолжетімділік пен қызмет сапасын арттыру мақсатында заманауи технологиялардың элементтері етене енгізілуде. Мұндай көп өзгерісті өңіріміздің медицина саласынан да көруге болады. Кезең-кезеңімен іске асып жатқан жобалардың бүгінде қалыпты жұмыс бөлігіне айналуына куә әрі бір кісідей атсалысқан қызметкерлердің бірі – Айжан Әкімбекова.

Электронды формат енген кез

Айжан Нұржанқызы елімізде цифрлық дәуір әлі қарқын алмаған шақта саналы түрде информатика және ақпараттық технологиялар мамандығын таңдаған. 2009 жылы Павлодар мемлекеттік педагогикалық институтын тәмамдаған. 2012 жылы Павлодар мемлекеттік университетінен магистр ғылыми дәрежесін алды. Ол әрдайым ақпараттық технологияларға, олардың мүмкіндіктеріне, заманауи шешімдердің қалыпты үдерістерді түбегейлі өзгерте, адамдардың жұмысын белсендендіре алатынына қызығады. Жоғары білім алған соң университетте инженер-бағдарламашы қызметін атқарады. Ал 2016 жылы облыстық денсаулық сақтау басқармасына колл-орталықтың IT-маманы болып жұмысқа орналасады. 2019 жылы аталмыш басқарманың мемлекеттік қызметтерді цифрландыру және мониторинг бөліміне мемлекеттік қызметке ауысады. Осылайша, ол IT-маманнан бастап, саладағы цифрлық түрленудің басталуына қатысты. Ірі өңірлік цифрлық жобаларды жүзеге асыру және оларды сүйемелдеу бағытында аянбады.

– Бұл мен үшін мамандық бойынша жұмыс қана емес. Саланы дамыту жолында бар білім-білігімді, тәжірибемді қолдану мүмкіндігі дер едім. Денсаулық сақтау саласына келген жылдан бастап, шынымен, цифрландыру бағытында ауқымды өзгерістер орын алды. Ол туралы маман ретінде емес, денсаулық сақтау жүйесін цифрлық түрлендіру үдерісіне тікелей қатысып, бақылаған адам ретінде айтқым келеді. 2016 жылы цифрландыруды дамытудың жаңа кезеңі басталып жатты. «Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы аясында түрлі салада цифрлық шешімдер аясы кеңи түсті. Аталмыш бағдарлама салаға жаңа тыныс берді. Меди-циналық ұйымдарда ақпараттық жүйелерді енгізу белсенді еді. Оңай болған жоқ. Өйткені, жүйені енгізіп қана қоймай, мамандарды оқыту, оларды жаңа талапқа бейімделуін, жаңашылдықтың дұрыс пайдаланылуын қамту міндеті тұрды. Қағаз түріндегі құжат айналымынан электронды форматқа көшу қарқын алды. Соның біріне тоқталсам, пациенттердің қалың дәптер түріндегі медициналық карталары жаппай электронды медициналық төлқұжатқа айналды. Бұл бірыңғай электронды жүйеде азаматтардың өтініштері, тексерулері, талдау нәтижелері, диагноздары мен дәрігерлердің тағайындаулары алақандағыдай көрініп тұрды. Бұл медициналық ұйымдардың жұмысын айтарлықтай өзгертті, – дейді Айжан Әкімбекова.

Осылайша, дәрігерлер пациенті туралы қажетті ақпаратты көз алдындағы жүйеден тура көре алды. Алдына келген азаматтың қолда бар медициналық ақпараттарын саралай келе, шешім шығаруына ыңғайлы бола түсті. Кәсіби маман бүгінде цифрландыру жаңа деңгейге шыққанын айтады. Медициналық ақпараттық жүйелерден бөлек, телемедицина, ақпараттық жүйе-лердің интеграциясы, элек-
тронды құжат айналымы, талдау құралдары, жасанды интеллект технологиялары дамуда. Бұл дегеніңіз, алғашында медициналық үдерістерді электронды форматқа көшіру міндеті тұрса, қазір саланы тұтас толыққанды цифрлық түрлендіру мақсаты қойылған.

Кейіпкеріміз цифрландырудың медицинаға айтарлықтай пайдасы тигенін айтады.

– Цифрландыру тетіктері медициналық көмекті қолжетімдірек, үдерістерді ашық, ал саланы басқаруды тиімдірек етті. Паци-енттер электронды түрде жазылу, тексерілу нәтижлерін алу мүмкіндігіне ие болды. Өзінің медициналық ақпараттарын үйден қарай алады, ұйымдастырушылық мәселелеріне кететін уақыты қысқарды. Меди-
цина қызметкерлері үшін қағазбастылық азайды, пациент туралы қажетті ақпаратқа жедел жетеді. Ал басқарушылық құрам үшін көрсеткіштерді талдау, үдерістерді қадағалау, осы деректер негізінде басқарушылық шешімдер қабылдауға мүмкіндік берді, – дейді IT-маман.

Дегенмен, кейіпкеріміз цифрландыру қаншалықты кең тара-ғанымен дәрігердің және оның пациентке деген адами қатынасының орнын баспайтынын түсіну керек дейді. Яғни, цифрлық технологиялар артық жұмыстан арылтып, медицина қызметкерлеріне қосымша көмекші қызметін атқарады. Медициналық көмек сапасын арттыруға жол ашады. Осы ретте, ол цифрландыру енгізілетін ақпараттық жүйелер бағдарламалардың санын емес, адамға әкелетін нақты пайдасын көздейтінін атап өтті.

ЖИ-жәрдемші

Айжан Нұржанқызынан өңір медицинасына соңғы жылдары енгізілген ең елеулі жобаларға тоқталуын сұрадық.

– Облысымызда іске асқан соңғы жылдардағы маңызды цифрландыру жобаларына келсем, бірнеше бағытты атаған жөн болар. Біріншісі –
сәулелік диагностикаға енгізілген жасанды интеллект. Бұл жаңашылдық онкологияға да енгізілді. Денсаулық сақтау саласындағы перспективті бағыттардың бірі. Жоба аясында ЖИ негізінде шешімдер енгізілуде. Олар дәрігерлерге медициналық өзгерістерді талдауға көмектеседі. Жоба облысымызда 22 медициналық ұйымды қамтып отыр. Өте ауқымды жұмыс атқарылды. Мұндай жобалар тек енгізумен шектелмейді. Ары қарай бағдарламалық қамсыз-дандыру, инфрақұрылымды баптау, медициналық қызметкерлерді оқыту, жүйенің ары қарайғы жұмысын ұйымдастыру сияқты жауапты шаралар жүргізілді. Жобаның басты ерекшелігіне тоқталсам, ЖИ технологиялар медициналық суреттерді талдауға қолданылады. ЖИ күмәнді өзгерістерді анықтауға көмектеседі. Яғни, кішігірім ісіктерді, аурулардың белгілерін бастапқы сатысында көре алады. Әсіресе, онкологияда мұның маңызы зор. Сәйкесінше, емді уақытылы бастау мүмкіндігі туады. ЖИ дәрігердің көмекшісі, маманға қай тұсқа назар аудару керектігін меңзейді, ал түпкі қорытындыны, әлбетте, дәрігердің өзі қабылдайды. Мұның бәрі диагностика сапасын арттырады, – дейді кәсіби маман.

Цифрландырудың екінші бағыты ретінде телемедицинасын атап өтті. Бұл – шалғай ауыл тұрғындары үшін таптырмас цифрлық тетік. Өңірде жоба аясында 28 елді мекенде және қылмыстық-атқару жүйесінің 4 нысанында дамыту көзделген. Алыстағы ауылдық тұрғынның сапалы медицинаға қолжетімділігін арттыруда.

– Жедел медициналық жәрдем жұмысын цифрландыру – үшінші маңызды бағыт. Мұнда цифрлық шешімдер, ақпаратпен жедел алмасу, жедел жәрдем бригадаларының медициналық ұйымдармен өзара байланысын жетілдіру мақсат етілген. Бұл қадамдар қызметтің жеделдігін арттыруға және шұғыл көмекті үйлестіруді жақсартуға бағытталған. Әрбір цифрлық шешім денсаулық сақтау саласының нақты бір мәселесін шешуге бағытталған, – дейді А.Әкімбекова.

Тағы бір маңызды жобаны атады. Бұл Cerebra жүйесі инсультке күдіктенген кезде миға жасалатын компьютерлік томографияны талдауға арналған. Осы айда облыстық кардиохирургиялық орталықта іске қосылмақ. 2027 жылы бүкіл инсульт орталықтарына таратады. Жүйе КТ суретін талдап, бірнеше минутта дәрігерге инсульт белгілерін жылдамырақ анықтауға көмектесетін көрінеді.

Сондай-ақ, облыс медицинасына ЖИ-мен медициналық комму-никацияның бірыңғай жүйесі енгізілмек. Қазіргі таңда пилоттық негізде платформамен жұмыс істелуде. Ол тұрғындарға тәулік бойы зияткерлі көмекші болмақ. Дәрігерге жазылғаныңыз, алдағы қабылдауға баратыныңыз туралы ақпараттандырады. Скрининг, екпе алуға да шақырту жіберіп тұрады. Алдағы уақытта бүл жүйе медициналық мекемелердің тіркеу орындарына, колл-орталықтарына түсетін жүктемені азайтады деп күтілуде.

– Қазіргі таңда біз саланы дамы-тудың өте қызықты шағындамыз. Егер бұрын негізгі үдерістерді электрондық форматқа көшіру міндеті тұрса, бүгінде басты міндет – цифрлық технологияның нақты нәтижеге жұмыс істеуі. Мұндай ауқымды әрі жауапты өзгерістердің артында командалық жұмыс жатыр. Бастысы, бұл өзгерістер саладағы қызметтің көпшілікке ыңғайлы әрі қолжетімді болуын көздейді, – дейді Айжан Нұржанқызы.

Гүлжайна ТҮГЕЛБАЙ.