Дерекке адалдық – басты ұстаным

Қар 5, 2026

Статистика – құрғақ сандар мен кестелердің жиынтығы емес. Оның әрбір көрсеткішінде ел өмірінің тынысы, экономиканың даму қарқыны мен уақыттың таңбасы бар. Осы жауапты салаға 30 жылдан астам ғұмырын арнаған Жанар Мағзамованың еңбек жолы – кәсібіне адалдық пен табандылықтың көрінісі.

Жанар Жоламанқызының еңбек жолы 1995 жылы басталған. Қарағанды экономикалық университетін қаржыгер-экономист мамандығы бойынша тәмамдаған жас маман алғашында өнеркәсіп статистикасы бағытында қызмет етті. Ал 2005 жылдан бері мемлекеттік қызметте еңбек етіп келеді. Жылдар өте баға статистикасы, құрылыс және инвестициялар статистикасы басқармаларын басқарып, мол тәжірибе жинақтады. Бүгінде облыстық статистика департаменті басшысының орынбасары қызметін атқарады.

– Мен үшін статистика – тек сандармен жұмыс істеу емес. Әрбір санның артында нақты өмір, адамдардың еңбегі мен ел экономикасының даму көрсеткіштері жатыр. Сондықтан бұл жұмысты елімнің әлеуметтік-экономикалық дамуына үлес қосудың мүмкіндігі деп білемін, – дейді Жанар Жоламанқызы.

Қазіргі қызметінде ол статистикалық жұмыстарды ұйымдастыру, деректердің сапасы мен дұрыстығын бақылау, басқармалар қызметін үйлестіру және міндеттердің уақытылы орындалуын қамтамасыз етуге жауапты. Сонымен қатар, ұжымның кәсіби дамуына да ерекше көңіл бөледі.

Көпшілік статистиктің жұмысын сандар мен кестелерді толтыру деп қабылдауы мүмкін. Алайда әрбір көрсеткіштің артында ақпаратты жинау, тексеру, салыстыру және талдау сияқты үлкен еңбек жатыр.

– Біздің міндетіміз мәліметтерді жинаумен ғана шектелмейді. Әрбір деректің дұрыстығын тексеріп, талдап, нақты қорытынды жасауымыз керек. Сондықтан дәлдік пен ұқыптылық – мамандығымыздың басты талабы, – деп атап өтті Ж.Мағзамова.

Статистикалық мәліметтер мемлекеттің әлеуметтік-эконо-микалық жағдайын бағалауға, өндіріс пен инвестиция көлеміндегі өзгерістерді саралауға, халықтың тұрмыс деңгейін анықтауға мүмкіндік береді. Сондықтан сенімді деректер мемлекеттік бағдарламаларды жоспарлау мен тиімді шешімдер қабылдаудың маңызды негізі саналады.

– Статистикалық мәліметтер — елдің даму деңгейін көрсететін маңызды құрал. Сенімді деректер арқылы экономиканың қай бағытта дамып келе жатқанын, қандай өзгерістер орын алғанын бағалауға болады. Сол себепті ақпараттың сапасы мен шынайылығына әрдайым басымдық берілуі қажет, – дейді кейіпкеріміз.

Қазірде статистика саласы да цифрлық жаңғыру кезеңін бастан өткеруде. Электрондық деректерді жинау, ақпаратты автоматты түрде өңдеу және жасанды интеллект мүмкіндіктерін пайдалану жұмыс тиімділігін арттыруда.

– Жаңа технологиялар статистикалық жұмыстарды жеделдетіп, деректерді тереңірек талдауға мүмкіндік береді. Болашақта ақпарат халыққа одан әрі қолжетімді әрі түсінікті болады деп ойлаймын. Дегенмен, қандай технология енгізілсе де, деректердің сенімділігі басты орында қалуы тиіс, – дейді Жанар Жоламанқызы.

Отыз жылдан астам тәжірибе жинақтаған маманның жастарға да айтары бар. Оның пікірінше, бұл салада білім мен аналитикалық қабілетпен қатар, адалдық, ұқыптылық және жауапкершілік маңызды.

– Жастарға таңдаған мамандығын жақсы көріп, үнемі ізденуге кеңес берер едім. Жаңа технологияларды меңгеріп, тәжірибелі мамандардан үйрену қажет. Бастысы, өз жұмысыңның қоғам мен мемлекет үшін маңызын түсіне білу керек, – дейді ол.

Алда ол кәсіби білімін жетілдіру, жинақтаған тәжірибесін ұжым игілігіне жаратады, жас мамандарға бағыт-бағдар беру және статистикалық деректердің сапасын арттыруға үлес қосуды мақсат еткен.

Айдана БОРАНБАЕВА.