Бұған дейін хабарлағанымыздай, биыл 1 қазаннан бастап елімізде халықты жұмыспен қамту қызметін жетілдіру мақсатында пилоттық жоба іске қосылған болатын. Сол бойынша азаматтарға қолдау көрсетудің жаңартылған тәртібі сынақтан өткізілуде. Оның игілігін павлодарлық жұмыссыз азаматтар да көріп отырғанын атап өткен жөн.
Облыстық Еңбек мобильділігі орталығының директоры Қазбек Жомартовтың айтуынша, бүгінде тұрғындарды жұмыспен қамтудың цифрлық қызметінің пилоттық жобасы іске қосылған. Яғни, павлодарлықтардың жұмыс іздеуіне жасанды интеллект көмектеспек. Ол үшін азамат «Мансап» орталығына барып, жұмыс іздеуші ретінде есепке тұрудың қажеті жоқ. Аталған жаңа жүйе «Enbek» платформасы арқылы жұмыссыз жандарға өзі SMS хабарламалар жіберіп, бос жұмыс орындары туралы ақпарат ұсынатын болады.
– Мұндай қолдауды алу үшін жұмыс іздеуші сілтеме арқылы өтіп, цифрлық жұмыспен қамту қызметінің платформасында түйіндемесін қалдырып, жұмыс берушіге тікелей өтінім жолдай алады. Оның өтінімі мен түйіндемесі жұмыс берушінің жеке кабинетінде көрінеді. Жұмыс беруші оны сұхбаттасуға шақырып, тиісті шешім қабылдайтын болады. Бірақ осындай жағдайда жұмыссыз немесе жұмыс іздеуші ретінде есепке тұру міндетті емес, – деп атап өтті Қазбек Жомартов.
Орталық директорының айтуынша, қазіргі таңда аймақтағы жұмыссыздық деңгейі 4,9 пайызды құрап отырған көрінеді. Сондай-ақ, ағымдағы жыл басынан бері
15 мыңнан астам адам жұмысқа орналасуға мүмкіндік алған. Олардың жартысы тұрақты жұмыс тапса, қалғаны уақытша жұмыспен қамтылған.
Н.ШОДЫР.
