Қандай өзгеріс күтіп тұр?

Қар 12, 2026

Таяуда елімізде ғылымды дамытудың стратегиялық жаңа жоспары әзірленді. Осыған орай алдағы уақытта, яғни 2030 жылға дейін отандық ғылым саласында бірқатар өзгерістер орын алады деп жоспарлануда. Аталған құжат қазақстандық ғылымның басымдықтарын қайта айқындап, ғылыми зерттеулерді ел экономикасының қажеттіліктерімен байланыстыруды және олардың нәтижелерін тәжірибеде қолдану тетіктерін жетілдіруді көздейді, дейді мамандар.

Сонымен, болашақта осы салада қандай өзгерістер болуы мүмкін? Жауап іздеп көрейік…

Талап қойылады

Бұдан былай отандық ғылымды дамыту үшін ғылыми жаңалық ашумен қатар, оның іс жүзінде кәдеге жарауына баса назар аударылмақ. Яғни, зерттеу нәтижесі ғылыми мақала немесе есеп түрінде ғана қалып қоймай, өндірісте және ауыл шаруашылығы, медицина, энергетика, басқа да салаларда пайдаланылуы қажет деген талап қойылмақ.

Жаңа жоспар жобасында ғылыми қызметті басқарудың толық циклін қалыптастыру ұсынылған. Соның аясында ұлттық ғылыми басымдықтарды айқындау, зерттеулерді қаржыландыру, нәтиже-лерді өндіріске енгізу және оларды коммер-цияландыру мәселесіне мән берілмек. Мұндай тәсіл ғылыми жобаның тиімділігін бағалауға қойылатын талаптарды күшейтіп, зерттеулердің ғылыми құндылығын, қуаттылығын айқындауға жол ашатын болады.
Дегенмен де, ғылымның тиімділігін тек қысқа мерзімде алынған коммерциялық табыспен өлшеу дұрыс емес, дейді ғылым саласының өкілдері. Олардың айтуынша, іргелі зерттеулердің нәтижесі бірден көзге көрінбеуі мүмкін. Сондықтан реформаның табысты болуы үшін қолданбалы зерттеулер мен іргелі ғылым арасындағы тепе-теңдікті сақтау керек деген пікір айтылуда.

Неге басымдық беріледі?

Жоспар жобасында ғылымды дамы-тудың басым бағыттарын төрт деңгей бойынша белгілеу көзделген. Атап айтқанда,
бірінші деңгейге ұлттық қауіпсіздік пен технологиялық дербестікті қамтамасыз етуге арналған стратегиялық жобалар енгізіледі. Бұл бағыт елдің маңызды технологиялар бойынша сыртқы тәуелділігін азайтуға және өз ғылыми-технологиялық әлеуетін нығайтуға арналған. Екінші деңгей технологиялық серпіліс жасауға мүмкіндік беретін перспективалы зерттеулерді қамтиды. Үшінші деңгейде іргелі пәнаралық және инженерлік ғылымға басымдық беріледі. Ал төртінші бағыт бойынша ғылыми кадрлар мен зерттеу инфрақұрылымын дамыту көзделмек.

Ұлттық ғылым академиясының президенті Ақылбек Күрішбаев кеңесте ғылымның басым бағыттарын айқындаудың жаңа әдістемесін таныстырған. Сол бойынша ғылыми ресурстарды оңды-солды пайдалануға жол берілмейді. Бірақ басымдық-тарды белгілеу барысында ғылыми қауымдастықтың сараптамасы, зерттеу-шілердің кәсіби еркіндігі және жаңа бағыттардың пайда болу мүмкіндігі назарға алынады деп күтілуде.

Өңірлік ғылым дамиды

Кешенді жоспардың тағы бір бағыты – ғылымды өңірлердің экономикалық қажеттіліктеріне сай етіп бейімдеу. Осы мақсатта ғылыми-технологиялық парктер құру және өңірлік ғылыми экожүйелерді қалыптастыру ұсынылып отыр.

Ғалымдардың айтуынша, бұл бастамалардың маңызы зор. Өйткені, әр өңірдің экономикалық құрылымы, табиғи ресурстары және технологиялық мәселелері әртүрлі. Бір аймақта су ресурстарын тиімді басқару өзекті болса, екінші өңірде өнеркәсіп өндірісін жаңғырту, ауыл шаруашылығының өнімділігін арттыру немесе экологиялық проблемаларды шешу маңызды болуы мүмкін. Егер ғылыми ұйымдар жергілікті кәсіпорындармен және мемлекеттік мекемелермен тұрақты әріптестік орнатса, зерттеу нәтижелерін тәжірибеде қолдану мүмкіндігі артады деген болжам бар. Ал ғылыми-технологиялық парктер зерттеушілер мен кәсіпкерлердің бір-
лескен жобаларын дамытуға жағдай жасай алады. Алайда мұндай инфра-құрылымды құрудың өзі жеткіліксіз көрінеді. Оның тиімділігі заманауи зерт-ханалардың қолжетімділігіне, білікті мамандардың болуына, тұрақты қаржы-ландыруға және бизнес тарапынан нақты сұраныстың қалыптасуына байланысты. Сондықтан өңірлік ғылыми орталықтардың жұмысы ғимараттар мен жабдықтардың санымен ғана емес, жүзеге асқан жобаларымен және олардың нәтижесімен бағалануы қажет, дейді мамандар. Ендігі кезекте осы бағытты дамытуға күш салынбақ.

Қаржы қайда жұмсалады?

Жоспарды талқылау барысында мемлекеттік қолдаудың нәтижелілігіне де ерекше назар аударылғанын атап өткен жөн. Бұл шараға төрағалық еткен ҚР Премьер-министрінің орынбасары, мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева мемлекеттік қаражат ғылыми әрі практикалық құндылығы дәлелденген жобаларға ғана бағытталуы керектігін тілге тиек етті. Осыған байланысты ғылыми жобалар бойынша ашық есеп беруді қамтамасыз ету, қазына қаражатын қайтару тетіктерін жетілдіру, заң бұзушылықтарға жол берген тұлғаларды жауапкершілікке тарту жөнінде нақты тапсырмалар берілді. Мұндай шаралар бюджет қаражатының мақсатты жұмсалуына және ғылыми жобалардың нәтижесін бағалау жүйесінің ашықтығына ықпал етеді деген сенім бар. Сол үшін қаржыландыруға қатысты жобалардың мақсаттары, нәтижелері, шығындары және орындалу барысы туралы ақпараттың қолжетімді болуы маңызды, дейді мамандар. Сонымен қатар, есеп беру мәселесіне қойылатын талаптар ғылыми жұмысқа кедергі келтірмеуі тиіс екендігі де назарға алынды. Ғалымдардың айтуынша, кейбір жобалар сәтсіз болып, үмітті ақтамауы мүмкін. Сондықтан қаражатты тиімсіз пайдалану мен ғылыми тәжірибенің сәтсіз аяқталуын ажырата білетін бағалау жүйесі қажет екендігі айтылды.

Аудит жүргізіле ме?

Кеңес қорытындысы бойынша ғылым мен инновацияларды дамытуға арналған жоспарларды бір құжатқа біріктіру міндеті қойылды. Сонымен қатар, ғылыми-зерттеу институттарын түгендеу, олардың кадрлық және ғылыми әлеуетін бағалау, ғылыми инфрақұрылымды қалпына келтіру жұмыстары жоспарланды. Бұл қадамдар ғылыми ұйымдардың нақты мүмкіндіктерін анықтауға, зертханалардың жағдайын бағалауға және ресурстарды тиімді бөлуге негіз болмақ. Алайда инфрақұрылымды жаңарту тек материалдық-техникалық базаны жетілдірумен шектелмеуі керек. Алдағы уақытта ғылымның сапалы дамуы үшін зерттеушілердің кәсіби өсуіне мүмкіндік беру, жас ғалымдарды қолдау, білікті мамандарды осы салада ұстап қалу және халықаралық ғылыми ынтымақтастықты кеңейту сынды мәселелерге баса мән беріледі деп жоспарлануда.

*  *  *

Осылайша, алдағы бірнеше жылдың ішінде отандық ғылым саласын дамытуға бағытталған жаңа кешенді жоспар жүзеге асады деп күтілуде. Аталған құжат толық іске асса, ғылыми зерттеулердің коммерциялануы артып, өңірлік ғылыми орталықтардың жұмысы күшейе түспек. Мемлекет қаржысы пайда әкелетін жобаларға ғана жұмсалып, заңбұзушылыққа тосқауыл қойылмақ. Соның нәтижесінде Қазақстанның ғылыми әлеуеті жаңа деңгейге көтеріледі деген үміт бар.

Нұржайна ШОДЫР.