Ертіс-Баян өңірінің мәдени мұрасы Алматы қаласында кеңінен дәріптелді. Қазақстан Республикасының Ұлттық кітапханасында облыстық Бұқар жырау атындағы әдебиет және өнер музейі ұйымдастырған «Ертіс-Баян жауһарлары» көрмесі өтіп, оның аясында «Баянтаудан — Алатауға: рух сабақтастығы» атты республикалық ғылыми-мәдени жиын ұйымдастырылды.
Көрме төрінен Абай Құнанбайұлының 1909 жылы басылып шыққан өлеңдер кітабы, Ахмет Байтұрсынұлының сол жылы жарық көрген «Қырық мысал» жинағы орын алды. Сонымен қатар, Мәшһүр Жүсіп Көпейұлына тиесілі тұмар да көпшілікке көрсетілді.
Қазақ әдебиетінің тағы бірқатар көрнекті өкілінің мұралары да экспозицияның мазмұнын байыта түсті. Атап айтқанда, Сұлтанмахмұт Торайғыров шығармаларының 1933 жылы латын әліпбиімен жарияланған жинағы мен Жүсіпбек Аймауытовтың 1926 жылы Қызылордада басылған «Қартқожа» романының алғашқы басылымы келуші-лерге ұсынылды. Сондай-ақ, жазушының шаңырағында сақталған «Сюзанна» атты тұскиіз де назардан тыс қалмады.
Өнер әлемінің өкілдеріне қатысты жәдігерлер де көрменің тарихи ауқымын кеңейте түсті. Иса Байзақовтың домбырасы, Шәкен Аймановтың «Алдаркөсе» фильмінде пайдаланған бас киімі мен соңғы жылдары киген сырт киімі, Мұзафар Әлімбаевтың шапаны, Қалмұқан Исабаевтың әскери киімі көпшілікке таныстырылды. Бұған қоса, Мәшһүр Жүсіптің фотосуретке түсуіне ықпал еткен Аллажар Әбдіразақұлының шапаны да құнды экспонаттардың қатарынан табылды.
Әрбір жәдігердің тарихын тереңірек білуге мүмкіндік жасалған. Ол үшін экспонаттардың жанына арнайы QR-кодтар орналастырылған. Смартфон арқылы кодты оқыған адам бұйымның шығу тегі, иесі және тарихи мәні туралы ақпарат ала алады. Бұл тәсіл көрмені заманауи талаптарға бейімдеп, келушілердің танымдық қызығушылығын арттыруға бағытталған.
Кездесу ғылыми орта өкілдерінің де басын қосты. Конференцияға белгілі әдебиет зерттеушілері, мәдениет пен өнер саласының мамандары, тарихи тұлғалардың ұрпақтары және қоғам қайраткерлері қатысты. Жиын барысында Ертіс-Баян топырағынан шыққан қаламгерлер мен өнер иелерінің шығармашылық жолы, олардың ел мәдениетіне қосқан үлесі жөнінде баяндамалар жасалды.
Шараның тағы бір маңызды бөлігі жаңа басылымдардың оқырманға жол тартуы болды. Музей ұжымы дайындаған екі кітаптың тұсаукесері өтіп, ғылыми-танымдық айналымға тың материалдар қосылды.
Алғашқы еңбек «Қартқожа Тоғанбаев» деп аталады. Кітапқа Алаш қозғалысының өкілі, аудармашы әрі публицист Қартқожа Тоғанбаевтың ғұмыр жолы мен қоғамдық қызметін айғақтайтын мұрағат құжаттары, фотоматериалдар және зерттеу еңбектері енгізілген. Басылым тұлғаның 130 жылдық мерейтойына орай жарық көрді. Жинақты құрастырған — музей қызметкері Абзал Рымбек.
Екінші туынды – «Күретамыр» жинағы. Мұнда фольклорлық мұраларды жинап, кейінгі ұрпаққа жеткізуге еңбек сіңірген Кенжетай Аймановтың шығармалары топтастырылған. Кітап беттерінен оның өлеңдерін, халық арасынан жазып алған аңыздарын, қиссалары мен шежірелік әңгімелерін кездестіруге болады. Жинақ Кәукен Кенжетаевтың 110 жылдығына орай басылып шыққан. Құрастырушысы – Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, музей директоры Ербол Қайыров.
Конференция барысында музей қорының да жаңа дүниелермен толығуына мүмкіндік туды. Филология ғылымдарының докторы Серікқазы Қорабай Абай Құнанбайұлының 1948 жылы жарық көрген сирек басылымын музейге табыс етті. Сондай-ақ, Ілияс Жанқара мен Жар Қапесовтың туыстары мен ұрпақтары да отбасыларында сақталған тарихи заттарды музей қорына өткізді.
Айдана БОРАНБАЕВА.
