Өнер қайраткеріне арналды

Қар 12, 2026

Биыл — көрнекті мәдениет қайраткері, театр актері, режиссер әрі драматург Әнуар Қалиевтің туғанына 95 жыл. Осыған орай өнер қайраткерінің құрметіне қызмет еткен ғимаратында мемориалдық тақта орнатылып, рухына арналып дұға оқтылып, ас берілді. Еске алу шараларына режиссердің қызы Жұлдыз Әнуарқызы және өзге де ұрпақтары қатысты. Тұлғамен бірге қызметтес болған азаматтар өз естеліктерімен бөлісті.

Ескерткіш тақта кезінде Әнуар Қалиев еңбек еткен филармонияның бұрынғы ғима-ратының академик Сәтбаев көшесі, 83-үйдің қабырғасына орнатылды. Айта кету керек, бұл игі шараның өтуіне Иса Байзақов атындағы облыстық флармонияның ұжымы мұрындық болды.

Ашылу салтанатында облыстық филармонияның Р.Омаров атын-дағы қазақ ұлт аспаптары оркест-рінің жетекшісі Талғат Кәрімов, облыстық мәдениет, архив істері басқармасы басшысының орынбасары Қайрат Алтаев қатысып, сөз сөйледі.

Әнуар Қалиев 17 жыл бойы Иса Байзақов атындағы Павлодар облыстық филармониясының көркемдік жетекшісі қызметін атқарып, ұлттық музыкалық дәстүрлерді жаңғыртуға, қазақ мәдениетінің көрнекті өкілдерінің шығармашылық мұрасын наси-хаттауға, көркемдік және ағар-тушылық қызметтің заманауи үлгілерін енгізуге зор үлес қосты.

Ол 1931 жылы 10 қазанда Павлодар қаласында дүниеге келген. Н.К.Крупская атындағы Мәскеу өнер университетін бітірген. Еңбек жолын Павлодар біріккен қазақ-орыс драма театрының актері болып бастаған. Кейін нағашысы Жұқан Қадырбековтің шақыруымен Талдықорған қаласына қоныс аударған. 1950–1959 жылдары Шымкент драма театрының (қазіргі Жұмат Шанин атындағы Шымкент қалалық академиялық қазақ драма театры) актері болды.

Әнуар Қалиевтің белгілі өлкетанушы Дмитрий Багаевпен достығы берік еді. Ол тарихи-өлкетану музейіне жиі барып, этнографиялық қордың толығуына да көмектескен. А.Чехов атындағы театр ғимаратын жөндеу және жабдықтау жұмыстарына кеңесші ретінде қатысып, театр сахнасына айналмалы шеңбер орнату идеясын ұсынған.

1965–1970 жылдары Ә.Қалиев Павлодар облыстық теледи-дарының қазақ хабарлары бойынша бас режиссері қызметін атқарды. Ол көркемдік-әдеби және музыкалық мазмұны бай, режиссерлік шешімдерімен ерек-шеленген «Майра» және «Сырласу» телебағдарламаларының авторы болды.

1971–1989 жылдары Павлодар облыстық филармониясының көркемдік жетекшісі қызметін атқарды. Филармония директор-лары, мәдениет ісіне жан-тәнімен берілген Владимир Линчевский және Виктор Камерцельмен тығыз ынтымақтастықта жұмыс істеп, мекеме қызметін жаңа деңгейге көтерді. Олардың ұйым-
дастырушылық қабілеті, кәсіби шеберлігі және әртістерге деген қамқорлығының арқасында Павлодар филармониясы Қазақ КСР-і мен бүкіл Кеңес Одағындағы үздік концерттік ұйымдардың бірі саналды.

Сондай-ақ КСРО халық әртістері Роза Бағланова, Ермек Серкебаев, Бибігүл Төлегенова және басқа да белгілі музыка өнері өкілдерімен гастрольдік сапарлар мен бірлескен концерттер ұйымдастырылды.

1971 жылы Ә.Қалиев Павлодар облыстық филармониясына көрнекті қазақ ақыны Иса Байзақовтың есімін беру туралы бастама көтерді. 1988–1989 жылдары Қазақстан музыкалық қоғамының Павлодар облыстық бөлімшесінің төрағасы болды. Халық театрларының репертуарына енген 14 пьесаның, сахналық қойылымдар мен скетчтердің авторы.

Өңірдегі театр дәстүрін сақтап, жалғастыруды көздеген ол облыстың түкпір-түкпірінен өнерлі адамдарды іздестіре бастады. 1962 жылы Лебяжіде (қазіргі Аққулы) халық театрын құрды. Ұжым көркемөнерпаз-дардың республикалық байқауына қатысып, көпшілікке танылды.

Халық композиторы әрі әнші Жаяу Мұса Байжанұлының жиені Әнуар Қалиев атасының шығармашылық мұрасын зерттеуге, сақтауға және насихаттауға көп еңбек сіңірді. Сонымен қатар Естай Беркімбаев, Майра Шамсутдинова мен Иса Байзақовтың мұраларын дәріптеуге де атсалысты.

Облыстық теледидарда «Майра» бағдарламасын ұйымдастырды. 1967 жылы бұл бағдарлама Қазақ КСР-і облыстық телестудиялары арасындағы байқауда бірінші орын иеленді. Сондай-ақ айтыс дәстүрін қайта жаңғыртуға белсене қатысты. Ән мен жыр сайыстарына Павлодар облысының ғана емес, көршілес өңірлердің де белгілі айтыскерлері қатысты.

1989 жылдан бастап Әнуар Қалиев денсаулығына байланысты еңбек демалысына шықты. Ұзаққа созылған науқастан кейін 1991 жылғы 14 мамырда Павлодар қаласында дүниеден өтті.

Ескерткіш тақтаның ашылу рәсімінен кейін С.Торайғыров атындағы облыстық кітапханада белгілі режиссер Ә.Қалиевтің мұрасын насихаттауға арналған конференция өткізіді. Оған қатысқан қоғам қайраткерлері, мәдениет саласының ардагерлері мен туыстары Ә.Қалиевтің адам-гершілік мінезі мен кәсіби қабілеттері туралы кеңінен айтты. Кітапхананың залында қайрат-кердің өмірінен сыр шертетін суреттерінен, жеке заттарынан және кітаптардан құралған көрме ұсынылды.

Н.ЖАЙЫҚБАЕВ.

Сурет облыстық филармониядан алынды.